Тікелей эфир

Алматы облысында полиция департаментінде 4,5 млн теңге қолды болды

Белгісіз біреулер ақшаны сақтауда тұрған көлік терезесін сындырып әкеткен.

Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасына қарасты аймақта сақтауға қойылған автокөліктен қаражат ұрланғаны белгілі болды. Бұл туралы "Алтын орда" сауда-логистикалық орталығының Instagram парақшасында жазылды.

Орталықтың хабарлауынша, бұл көлік таяуда ұсталған "Алтын орда" базарының атқарушы директоры Эрмек Марқабаевқа тиесілі болған.

"Автокөлік Қарасай аудандық полиция басқармасының аумағында тұрған. Бұл ақпаратты құқық қорғау органының өзі хабарлады. Кезекші маманның рапортына сәйкес, көліктің терезесін белгісіз біреулер шағып, 4,5 млн теңге қаражатты қолды қылған. Полиция қазір аталған қылмысты кім және қалай жасағанын анықтап жатыр. Осы орайда бірнеше сұрақ туатыны заңды. Мәселен, полиция басқармасының қатаң күзетілетін аумағына кім кіруі мүмкін және қалай? Келтірілген шығынды кім өтейді? Автокөлікті кім орнына келтіреді? Қылмыстық іске еш қатысы жоқ және ішінде 5 млн теңгеге жуық қаржы болған көлікті басқарманың аумағына қою қаншалықты маңызды еді? Ақпарат таратылғаннан кейін полицейлер BMW автокөлігін басқарма аумағынан белгісіз жаққа алып кетті. Ізін жасыру үшін айып тұрағына қоя ма деген күмән бар," – деп жазылған "Алтын орда" сауда-логистикалық орталығының Instagram парақшасында.

Эрмек Марқабаевтың ұсталу сәті және кейін ақша ұрланған көлік / Фото: "Алтын орда" сауда-логистикалық орталығының Instagram парақшасы

Информбюро порталы аталған бұл ақпаратқа байланысты Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасына сауал жолдады.


Оқи отырыңыз: "Алтын орда" базары басшысының ұсталуы: Куәгерлер іздестіріліп жатыр


Айта кетейік, 2 маусымда "Алтын Орда" базарының басшыларының бірі ұсталғаны туралы хабар тарады. Кейін оның базар директорының орынбасары Эрмек Марқабаев екені белгілі болды. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Соған орай, қазіргі таңда оқиға куәгерлері іздестіріліп жатыр.

"2023 жылғы 2 маусымда кешкі уақыт 18:57 мен 19:10 аралығында Алматы – Бішкек тас жолында "Алтын Орда" базары директорының орынбасарын тұтқындау оқиғасына куәгер болған көлік жүргізушілеріне іздеу жариялаймыз. Оқиға "Алтын Орда" базарынан әрі, Қаскелең бағытында "Іргелі" дәмханасына қарсы орналасқан жол көпірі астында болды. Аталған оқиғаны бейнетаспаға түсіргендер болса, 8(701)1228707 нөміріне хабарласуын сұраймыз. Сыйақысы бар", – делінген хабарламада.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын Орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырған болатын.

Серіктестер жаңалықтары