Базардың экс бас директоры Данияр Әлпиевтің жары Алмагүл Мергенбаева әлеуметтік желіде үндеу жариялап, өз жұбайы мен балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, белгісіз адамдар қазіргі таңда қоқан-лоқы жасау арқылы оның отбасына қауіп төндіріп отыр.

Еске салайық, Данияр Әлпиев 2023 жылғы желтоқсанда Қарасай ауданының прокуратурасына түсініктеме беру үшін барған кезінде қамауға алынған болатын. Данияр Әлпиев ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлімі бойынша "аса ірі көлемдегі алаяқтық" жасады деген күдікке ілініп отыр. Шығын мөлшері айтылмаған. Оны ұстау уақытында ол куәгер болып келген.

"Менің жұбайым Данияр Әлпиевке "Алтын Орда" базары мұрагерлік жолмен қалған. Кейін ол рейдерлік жолмен тартып алынды. Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы Еркебұлан Хамзин есімді белгісіз адам менің жұбайыма базардың 20 пайыз үлесін және оны басқару құқығын ұсынды. Данияр қолына басқару құқығы қайта тиген соң базардағы санитарлық, өрт қауіпсіздігі және өзге де техникалық ақаулардың бәрін жойып, тәртіп орнатты. Алайда, кейін оған базарға кіруге физикалық түрде шектеу қойылып, кейін үстінен қылмыстық іс қозғалды", – дейді Алмагүл Мергенбаева.


Оқи отырыңыз:


Данияр Әлпиев қамауға алынғанға дейін, 2023 жылғы маусымда "Алтын Орда" базарының басқарушы директоры Эрмек Марқабаев та ұсталған болатын. Оған аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сақтап тасымалдады деп айып тағылып, 2024 жылғы ақпанда ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 2023 жылғы желтоқсанда Данияр Әлпиев қамауға алынды.

"Менің жұбайыма кәсіпкерлерден (базар саудагерлерінен) ақша жинап, алайда құрылысты жүргізбеді деген айып тағылып отыр. Алайда, жаңа павильонның қазандығы қазылып, іргетасы қаланып, бірінші қабаты тұрғызылды. Қаражаттың бәрі банк арқылы аударылып, салық төленген. Қазіргі таңда Даниярдан базардағы үлесін беруді талап етіп, қоқан-лоқы көрсетіп жатқандар бар. Олар менің балаларыма қауіп төндіріп отыр. Біз базардағы үлесті қайтарып беруге дайынбыз. Мен үшін отбасымның амандығы қымбат", – деп жазды Алмагүл Мергенбаева.

Еске салайық, бұл оның алғашқы үндеуі емес. Алмагүл Мергенбаева ақпан айында да бейнеүндеу жариялаған болатын.