Іштей өкпесі қабынып, омыртқа, жұлын ақауларымен туған қыз бала Талдықорғандағы Облыстық балалар ауруханасынан санитарлық авиация арқылы жеткізілген.  Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының кезекші дәрігерлері нәрестені қарап шыққаннан кейін бірден жан сақтау бөліміне ауыстырды. Компьютерлік томография нәтижесінде оның іштей омыртқа кемістігімен туылып, жұлынында үлкен жарық бары анықталды.

Аурухана баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, айы-күні жетіп туған баланың дүниеге келгеніне 4-ақ күн болған. Анасының айтуынша, нәресте бел омыртқасы мен сегізкөз тұсындағы ісік тәріздес өскін салдарынан қатты мазасызданады.

"Нәресте аса ауыр халде болды. Іштен бел омыртқа мен сегізкөз тұсында ми-жұлын жарығымен туған. Оның үстіне,  аяқтарының қозғалысы шектелген (төменгі парапарез). Аяқ-қолында қан айналымы бұзылып, бұлшық еттері семе бастаған. Жамбас қуысындағы бұзылыс салдарынан дәреті тұрмайды. Басының көлемі кішкентай болып туылатын немесе туғаннан кейін өспей қалатын   микроцефалия ауруы бар. Екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозы жағдайды қиындата түсті. Сегізкөз тұсындағы жарық омыртқа жолын жауып тастаған", – деді №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.


Оқи отырыңыз: Астаналық дәрігерлер алғаш рет робот-ассистенттің көмегімен 5 науқасқа ота жасады


Нейрохирургия бөлімшесі меңгерушісі Данияр Сәбденалиевтің айтуынша, баланың жағдайын, жұлындағы жарықтың жарылып, ағзаға инфекция таралу қаупін ескере отырып ота жасау туралы шешім қабылданды. Операциялық микроскоптың көмегімен жұлындағы жарық алып тасталды, төңірегіндегі тіндермен пластика жасалды.