Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиясынан айырылуы мүмкін
Студенттер университеттің анықталған бұзушылықтарды жоюын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қайта жүргізген тексеру жұмыстарынан кейін Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін аталған ЖОО-да профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде тексеру парағының 46 тармағының 39-ы бұзылғаны белгілі болды. Қателіктерді түзетуге уақыт берілгенімен, қайта тексеру жұмысы университеттің білім сапасын жақсарту үшін тиісті жұмыстарды жүргізбегенін көрсетті.
Оқи отырыңыз: Талғат Нәрікбаев: Сапасыз маман даярлайтын университеттер бюджет ақшасын қайтаруы керек
"Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған. Білім беру бағдарламалары мен жеке оқу жоспарларын талдаған кезде кредиттерді игеруде үлкен айырмашылық барын көрсетті. Тиісінше білім алушылар пәндерді толық меңгермейді. Студенттердің 90%-ы шекті деңгейден өте алмады. Тіпті, оқу процесінде ең төмен талаптарға сәйкес келмейтін, ескірген компьютерлер қолданылады. Бейіндік магистратура түлегіне ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін беру бойынша да бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен бір жылдық магистратура түлегіне екі жылдық магистр дәрежесі берілді. Бұлар – жоғары оқу орнында анықталған бұзушылықтардың аз ғана бөлігі", – деп атап өтті БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы ЖОО саны 15 пайызға қысқарады
Комитет Шет тілдер және іскерлік карьера университеті лицензиясының қолданылуын тоқтатты. Бұдан әрі бас лицензиядан айыру және жоғары оқу орнын жабу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Заңнамаға сәйкес, лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда студенттер университеттің анықталған бұзушылықтарды жоюын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.