Алматыда студенттерді орналастыру үшін жатақхана тұрғындарын қуып шықпақ. Ұзақ жылдар бойы аз қамтылған және  көпбалалы отбасылар тұрған жатақхана Алматы сән және дизайн колледжіне берілді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

43 пәтердің тұрғындары дүрбелеңге түсті: оларға бірнеше жыл тұрып жатқан жатақханадан көшу керектігі айтылды.

"Енді менің қолымнан келетіні – көрші үйге барып, жертөледе немесе вокзалда тұруға келісім беру", – деді жатақхана тұрғыны Серік Кенжебеков.


Оқи отырыңыз: Елордада жатақхана сатылып, оны жалға алып келген жүз шақты отбасы баспанасыз қалды.


Көршісі Махилям Исмакова оны үйден шығармауды сұрайды.

"Мен жүрегім ауыратын адаммын, тіркеуде тұрмын. Осы мәселені қайта қарастырып, бізді далада қалдырмауды сұраймын. Сән үйінің студенттері – адам болса, біз де дәл сондай адамбыз. Біз мұнда бірнеше жыл тұрып жатырмыз", – деді ол.

Тұрғындар тек коммуналдық қызмет ақысын төлегенімен, бұл ғимаратқа өз үйіндей қарайды. Кіреберістері таза, ешнәрсе бұзылмаған. Соған қарамастан оларды жыл сайын қуып шықпақ болады.


Оқи отырыңыз: Алты айда салынуы тиіс жатақхананың 8 пайызы ғана іске қосылған.


Колледж өкілдері қоныс аударуға қатысты пікір білдірді.

"2022 жылдың қарашасында қаулыға қол қойылды. Студенттер үшін жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу талабы бар. Алматы әкімдігі 2023 жылдың шілдесінде аталған жатақхананы Сән және дизайн колледжіне беру туралы қаулы шығарған. Біз әкімнің қаулысын орындап, орын тапшылығы мәселесін шешіп жатырмыз", – деп түсіндірді колледж заңгері Руслан Базарбаев.

Жатақханада тұрып жатқандар бұл жерден шығарылған жағдайда әкімдік тарапынан баспана мәселесін шешуге көмек сұрайды.