Елімізде алты айда салынуы тиіс жатақхананың 8 пайызы ғана іске қосылған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Оның айтуынша, биылға жоспарланған тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қаупі бар.
"2023 жылдың жоспарына сәйкес 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс еді. Бірақ, бұл процесстің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары. Жыл ортасына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 пайызы ғана іске қосылды", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Жатақхана, оқу ғимараты, жер учаскелері. Депутат Алматыдағы аграрлық университеттің қолды болған мүлкін қайтаруды сұрады
Осы мәселеге орай мәжіліс депутаты жатақхана мәселесі ушығып тұрған аймақтардың әкімдіктері мен орталық мемлекеттік органдар тарапынан тез арада бірлескен нақты іс-қимыл жоспарын бекітуді ұсынды.
"Инвесторлармен жүйелі жұмысты ұйымдастырып, алдағы жаз айларында құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту керек. Ол үшін жергілікті әкімдіктердің де мүмкіндектерін заң аясында пайдалануды қарастыру. Сондай-ақ, студенттік жатақхананы әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде қарастырып, жатақхана салу мәселесінде арнайы мемлекет пен жекеменшік әріптестік деңгейіндегі жаңа бағдарламаны іске қосу қажеттігінің уақыт келгенін жеткіземіз" – деді депутат.