Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов "Қайрат" футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбековке, жартылай қорғаушы Олжас Байбекке және шабуылшы Мансұр Бірқұрмановқа ректор грантын салтанатты түрде табыстады, деп хабарлады академияның баспасөз қызметі. 

Арнайы өткен кездесуде грант иегерлеріне сертификаттар тапсырылып, жас спортшылардың болашағына зор сенім білдірілді. Академия басшылығы бұл бастаманың жастарды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатпен үндес екенін атап өтті.

Академия өкілдері спортта да, білімде де үздік нәтиже көрсетіп жүрген студенттерге әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Фото: Қазақ спорт және туризм академиясы

Айта кету керек, академия президенті Қайрат Закирьянов жоғары жетістікке жеткен жас спортшыларды тұрақты түрде қолдап келеді. Бұған дейін дәл осындай ректор гранты "Қайрат" футбол клубының қақпашысы Шерхан Қалмұрзаға табысталған болатын.

Қазақ спорт және туризм академиясы – талай саңлақ спортшыларды түлеткен білім ордасы. Бұл кездесу білім мен спортты қатар дамытудың, дарынды жастарды ынталандырудың және болашақ чемпиондарға сенім артудың жарқын үлгісіне айналды.