Алматыда МӘМС аясында 7 млрд теңгеге 4720 буын алмастыру отасы жасалды
Бұған дейін бұл ота ақылы негізде жасалатын.Халықаралық статистикаға сәйкес, әр мың ересек адамның 2-еуі жамбас буынын алмастыруды қажет етеді. Ал Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 12-13 мың адам осындай операцияға мұқтаж.
МӘМС жүйесін енгізгеннен кейін буындарды алмастыру бойынша осындай қымбат операциялар барлық сақтандырылған азаматқа қолжетімді болды. Травматолог-дәрігер Сейітжан Жандарбеков оңтүстік астанада ортопед-травматологтардың жаңа технологиялардың көмегімен тіпті ең ауыр деген науқастарды қалай аяққа тұрғызатыны туралы айтып берді.
Эндопротездеу дегеніміз не?
Буынды эндопротездеу – бұл қозғалыс кезінде бір-бірімен тікелей байланыста болатын буын бөліктерін толығымен ауыстыру. Мұндай операция кезінде адамның ауырған буынының орнына жасанды имплант салынады.
"Мұндай жоғары технологиялық оталарды жасаған кезде біз буынды толығымен жасандыға ауыстырамыз. Жасанды буын ұзақ жылдар бойы қызмет етеді және оның ауруға дейінгі буыннан еш айырмашылығы болмайды. Жамбас буынының артрозы (коксартроз), жамбас мойнының сынуы, сан сүйегі басының асептикалық некрозы сияқты диагноз қойылған кезде буынды алмастыру отасын жасау қажет болады. Жамбас буыны көбінесе остеоартриттің себебінен ауырады және күнделікті өмірде толық белсенді болуға кедергі келтіреді", – деп түсіндірді Сейітжан Жандарбеков.
Оқи отырыңыз: Ауылдардағы денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін неше жыл қажет?
Бұған дейін бұл оталарға бір реттік квота бөлінетін немесе олар ақылы негізде жасалатын. Енді мұндай операциялар қазақстандықтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында қолжетімді болып отыр. Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының мәліметі бойынша, 2023 жылы Алматы қаласында 7 млрд теңгеге жуық сомаға 4720 буындарды ауыстыру операциясы жасалған.
"Осы күнге дейін буын алмастыру оталары болды және оның қалай жасалуы керектігін біз білдік. Алайда мұндай оталарды көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін. Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында оны өңір тұрғындары да жасата алады. Буын қызметі жартылай немесе толық бұзылған кездегі патологиялар эндопротез жасатуға алып келеді. Медицина тілімен айтқанда бұл буынның дегенеративті-дистрофиялық аурулары, ісіктер, аяқ дамуының патологиялары және әртүрлі жарақаттар", – деді дәрігер.
Қолайсыздық пен ауырсынуды сезінген науқас өзінің тұрғылықты жері бойынша емдеуші дәрігерден жолдама алады және ауруханаға жазылуға келеді. Травматологты тексергеннен кейін және көрсеткіштер болған жағдайда хирургиялық араласу тағайындалады.
"Ота жасау туралы шешімді науқаспен ақылдаса отырып қабылдаймыз. Медициналық жазбаларды алғаннан кейін науқастың қазіргі қозғалыс ауқымын, ауырсыну деңгейін және функционалдығын өлшеу үшін мұқият клиникалық тексеру жүргіземіз. Науқасты тексеру кезінде хирург рентгенографияны, сондай-ақ КТ және МРТ деректерін зерттейді, – дейді дәрігер.
Оқи отырыңыз: Брекет салдырмас бұрын не білу қажет? 12 сұраққа жауап
Имплантаттардың қандай түрлері бар және олардың өз бағасы қанша?
Имплантаттар бекіту әдісіне қарай бөлінеді. Мысалы, беті тегіс имплантанттар арнайы сүйек цементімен бекітілген кезде қолданылады. Әртүрлі жабындармен қапталған, жанасатын беті сәл кедір-бұдыр болып келетін құрылым цементсіз бекітуге жарайды. Бұл жағдайда анықтаушы фактор – сүйек тінінің жағдайы. Егер сүйектер күшті болса, цементсіз бекіту қолданылады.
Бір протездің орташа құны 600-800 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Сейітжан Жандарбековтың айтуынша, техникалық жағынан жамбас хирургиясы травматология және ортопедия саласындағы ең күрделі оталардың бірі және ота кезінде көптеген күтпеген жағдай болуы мүмкін.
"Жуырда тәжірибемде өте сирек кездесетін клиникалық жағдай болды. Біздің емханаға 1938 жылғы 85 жастағы науқас келіп түсті. Ол кісі құлап, жамбасын сындырып, 40 күнге жуық төсек тартып жатқан. Әже қозғалмақ түгілі, тұра да алмады. Емханаға түскеннен кейін біз оған жамбас ауыстыру отасын ұсындық. Бұрын мұндай науқастар үшін жамбас сүйегінің сынуы өліммен тең болатын, ал қазір отадан кейін бұрынғы өмірлеріне қайтып орала алады", – деп мысал келтірді Сейітжан Жандарбеков.
Науқас ота жасалған күні-ақ белсенді бола бастаған. Ал операциядан кейінгі екінші күні жанындағы адамдардың көмегімен дәлізде жүріп бастады.
Оқи отырыңыз: Қалқанша безі ауруы іштегі баланың миына қалай әсер етеді? Дәрігер түсіндірді
Орташа есеппен эндопротез 10-15 жыл ішінде тозады. Дегенмен эндопротездің жылдам тозып, босап қалатын кездері де болады. Көп нәрсе науқастың өмір салтымен байланысты. Сонымен қатар, эндопротездеу түрлі жарақат пен аурудан кейін адамның бұрынғыдай белсенді болуына көмектеседі.