Алматы облысы Жамбыл ауылының тұрғындары күнде алып отырған ауыз судан қағыламыз ба деген қорқынышпен наразылыққа шықты, деп хабарлайды деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұдан бөлек күн сайын көрші елдімекендерден ауыз су үшін арнайы келетін халық та алаңдаушылық білдірді. Халықтың айтуынша, жер асты суы тұрған аймақтың жекенің меншігіне өткені аздай, қожайыны қоршау салып, үй тұрғызбақ екен. Халыққа тиесілі жер жекенің меншігіне өтті дегенді естігелі тұрғындар жан-жақтан құжаттар жинап, бұл әрекеттің заңсыз екенін дәлелдеп әлек.

"Кадастрдан жеке өзім планды түсіріп алғанмын. Мына жерде төрт соттық жер бөлінген. Сол төрт соттық жер біреудің жеке меншігіне өтуі мүмкін емес. Халықтың игілігінде деген жерді жеке меншікке сатып жіберген. Сонша халық ауыз сусыз қалдық. Енді суды қайдан ішеміз? Біз онсыз да сайда тұрамыз", – деді Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Алтынай Төремұратқызы. 

Жамбылдықтардан бөлек дәл осы жердің суын өзге де елдімекендердің халқы тасып ішеді.

"Райымбек, Жалпақсай, Ұлан, Киіз деген жан-жақтағы көрші ауылдан бүкіл халық осы суға келеді. Осы алтын бұлақты суымыз, халық таза су ішейік дейді. Сатып алған адам жан-жағын қоршап алып, қайда барсаңдар онда барыңдар деп жатыр", –  Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Нағжан Байханов.

Ауыл тұрғындары бұл жердің қалайша сатылып кеткенін білу үшін әкімдіктің де табалдырығын тоздырып, көңілге қонымды жауап ала алмаған. Халықтың көкейіндегі сауалға жауап алу үшін арна тілшісі Жамбыл ауылдық округінің әкімін бұлақ басына шақырды.

"Жер қалай берілді, кімге берілді сол бойынша қазір толық мәліметтер жинап жатырмыз. Бүгін-ертең тиісті мемлекеттік мекемеге осы жерді қайтару бойынша хаттар жолданады", – Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Саматұлы. 

Қазіргі уақытта "Қаскелең топтық су құбыры" деген жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол жоба аясында 2025 жылға дейін Жамбыл ауылы толық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал ауыз сусыз қаламыз деп алаңдаған тұрғындар, бұл проблеманы шешпейінше дегенімізден қайтпаймыз дейді.