Жамбыл облысында тұрғындар жарты миллиард теңге жұмсалған имараттан әлі күнге дейін су алып көрмегенін айтады. Алайда, Қылышбайлықтардың айтуынша, ауыл ауыз су тартылғандардың есебінде тұр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Су тарту үшін 500 миллион теңге бөлінген. Былтыр желтоқсан айында қосты. Аққан су сап-сары болды, кәдімгі тат су. 500 миллион теңгеге неге тәтті су ішпейміз?" – деді Қылышбай ауылының тұрғыны Қуанбек Жарқынбеков.
Ауылдың тағы бір тұрғыны судың у татитынын айтады.
"Дәмі кәдімгі теңіздің суы сияқты. Мал да ішпейді. Водовоз шақырып жүргенімізге үш жыл болды, майын өзіміз төлеп береміз", – деді Қылышбай ауылының тұрғыны Света Сәкиева.
Оқи отырыңыз: Арал теңізі астротуризм үшін әлемдегі ең жақсы орындар қатарына енді
2021 жылы ел игілігіне берілген нысаннан ертесі-ақ ащы су атқылап шыққан. Бұл кезде мердігер ауыл ішіне құбыр тартып, құдық қазып, жүйесін жүргізіп қойған. Алайда су имаратын мүлде салуға болмайтын болып шыққан. Құжат жасағанда жер астында су қоры көп деп жалған құжат жасалған, дейді әкім.
"Бұл жерде геологиялық зерттеу жүргізгенде осы жердің суы тәтті деп берген. О баста сол қателік болып, артынан осыған тірелді. Барлау кезінде тәтті деген соң салынған", – деді Қылышбай ауылының әкімі Бәкір Исабеков.