Ақтауда екі бала белгісіз заттан уланып, көз жұмды
Тағы екі бала ауруханада жатыр, біреуінің жағдайы – өте ауыр.Ақтауда белгісіз заттан екі бала уланып, көз жұмды. Бұл туралы inaktau.kz жазды.
Маңғыстау облысының полиция департаменті улану туралы ақпаратты растады. Қайғылы оқиға туралы полицияға 21 қазан күні сағат 08.50-де хабарланған. Жедел-тергеу тобы 7-ші шағын ауданға барған.
"Мән-жайды анықтаған кезде пәтерден 2021 және 2022 жылы туған кәмелетке толмаған балалардың мәйіттері табылды. Сондай-ақ, бес адам ауруханаға жеткізілді. Бұл факті облыстық полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 3-бөлігі (Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиена нормаларын бұзу) бойынша сараптама тағайындалды. Оқиға орнында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары болды», – деп жазылған хабарламада.
Жедел-тергеушілердің айтуынша, төменгі қабаттағы пәтердің иесі қандалаларды улап жатқан.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын және толық ақпарат дүйсенбі күні, яғни 23 қазанда белгілі болатынын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Қызылордалық 90 отбасы кәріз суы басқан көпқабатты үйде тұрып жатыр.
Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, мұнда екі бала әкелінген. 2017 жылы туған бала өте ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Бөлімшеде 2015 жылы туған бала жатыр, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.