Airbus компаниясы 2025 жылғы қаржылық нәтижелерін таныстырып, алдағы жылдарға арналған жоспарларын бөлісті. 

Негізгі мәліметтерге сәйкес, компания 2025 жылы 793 коммерциялық ұшақты жеткізсе, компанияның пайдасы 73,4 млрд еуроға тең болған. Атап айтқанда, компания 2025 жылы 93 A220 ұшағын, 607 A320 ұшағын, 36 A330 ұшағын, 57 A350 ұшағын жеткізді. 

"2025 жыл біздің өнімдеріміз бен қызметтерімізге бизнес қызметінің барлық салаларында жоғары сұраныспен, сондай-ақ рекордтық қаржылық нәтижелер мен стратегиялық жетістіктермен ерекшеленді. Біз операциялық ортаның құбылмалылығына байланысты қиындықтарды сәтті еңсеріп, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіздік. Коммерциялық әуе кемелеріне деген жаһандық сұраныс Pratt & Whitney қозғалтқыштарының елеулі тапшылығына қарамастан, өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік беріп отыр", – деді Airbus бас директоры Гийом Фори. 

Оның айтуынша, Defence and Space және Helicopters сегменттеріндегі кең әрі бәсекеге қабілетті өнім портфелі компанияға қорғаныс саласында бастаманы өз қолына алуға жағдай жасайды.

"Сондай-ақ серіктестерімізбен бірлесіп өнеркәсіптік ғарыш саласында жаңа жаһандық ойыншыны қалыптастыру жолында ілгерілеп келеміз. 2025 жылдың қорытындылары мен болашақтағы қаржылық нәтижелерге деген сенім дивидендтік төлемдерді ұлғайтуды ұсынумен нығайтылды", – деді ол. 

Компания алдағы жылдары өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр:

  • A220 – 2028 жылға қарай айына 13 ұшақ;
  • A320 – 2027 жылдың соңына қарай айына 70-75 ұшақ;
  • A330 – 2029 жылға қарай айына 5 ұшақ;
  • A350 – 2028 жылға қарай айына 12 ұшақ.