Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы білім сапасы мен баланы мектепке беру жасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол "Не болды" бағдарламасында айтты. 

"Менің ойымша, 5 жаста балаларды мектепке беру ерте. Әр баланың дамуы әртүрлі болады. Ерекше білімді қажет ететін балалар да бар. Оларды мектепке 8-9 жасында беруге болады. Заңда солай жазылған, өйткені оларға арналған білім бағдаралмасы бөлек. Негізінен баланы мектепке 6 жастан бастап беруге болады деп ойлаймын, ал 5 жас ерте", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Мұнымен қатар ол Қазақстандағы білім сапасы мәселесіне тоқталды. Айтуынша, елдегі білім сапасы бәсекеге қабілетті. 


Оқи отырыңыз: Экс-министр Асхат Аймағамбетов 3 жылда білім саласын қалай жаңғыртты?


"Менің ойымша, балаларымыз Қазақстанда оқып, білім алуы керек. Біздің білім беру жүйесін жақсы-жаман деп айтсақ та, ол бәсекеге қабілетті болуы үшін жеткілікті. Менің балаларым осында мектеп пен балабақшада білім алып жатыр. Оның үстіне мұнда тек мектеп пен балабақша емес, ата-ананың қосымша тәрбиесі де маңызды рөл атқарады", – деді депутат.