Бүгін мәжіліс және сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы статусы" жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасын екі оқылымда да мақұлдады. Осыған байланысты журналистер Әділет министрі Азамат Есқараевтан заңға қатысты егжей-тегжейлерін сұрады. 

– Заң қабылданды, демек Елбасы барлығынан: қолсұғылмаушылығынан, басқа да артықшылықтарынан айрыла ма?

– Жоқ, бұлай деуге келмейді. Президент туралы қолданыстағы конституциялық заңға байланысты экс-президентке кепілдер берілген. Бірінші президентке әлеуметтік қамсыздандыру, күзет, көлік қызметі, қызметтік саяжай мен пәтер қарастырылған (...) Экс-президенттің өзінің жеке қолсұғылмаушылығы туралы айтсақ, оның ар-ожданы, мәртебесіне қол сұғуға болмайды. Ондай қол сұғу заңмен қудаланады.

– Заң жобасы күшін жойып отыр. Енді Назарбаевтардың отбасына қандай да бір қылмыстық істері анықталып жатса, қылмыстық із қозғауға бола ма? Өйткені бұған дейін онымен бірге тұратын адамдар заңмен қорғалған еді.

–  Заңмен ондай кепілдер көзделмеген.

– Назарбаевтың мүлкі, Назарбаев қоры, университеті, шетелдегі байлығы, тізе берсек көп қой. Оның және отбасының мүлкіне қатысты қандай да бір шаралар қабылдана ма?

– Ондай кепілдер заңмен көзделмеген. 

– Анықтап айтыңызшы?

–  Айтып отырмын ғой, ондай кепілдер заңмен көзделмеген. Президент туралы конституциялық заңмен экс-президенттерге ондай кепілдер көзделмеген.

– Егер оның мүлкі заңсыз заңдастырылған болса, қайтып алуға бола ма?

– Ол жағын құзыретті құқық қорғау органдары қарап, танитын болса, заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау қажет.

– Отбасына қатысты айтыңызшы.

– Президент туралы конституциялық заңға сәйкес, экс-президенттің отбасына ондай кепілдер көзделмеген. 

– Олар енді қолсұғылмаушылық бойынша қорғалмайды, дұрыс па?

– Мен сұрағыңызға жауап бердім. 

– Әділет министрлігінде Назарбаевтың байлығына қатысты тізім бар ма?

– Ондай тізім жүргізген жоқпыз. 


Оқи отырыңыз: Парламент депутаттары Елбасы туралы заңның күшін жоюды мақұлдады


– Назарбаев экс-президент туралы заңда көзделген барлық кепілге ие бола ма?

– Әрине.

– Бұл үшін бюджеттен қанша қаражат қарастырылған?

– Бұл сауалға жауап беруге дайын емеспін. Бюджет мәселелері менің салам емес.

– Елбасының қолсұғылмаушылығы сақтала ма?

– Экс-президентке қатысты қарастырылған барлық кепіл сақталады.

– Қандай кепілдер қысқарды?

– Ештеңе қысқарған жоқ. Экс-президентке қатысты барлық кепіл сақталады.

– Сонда ол қандай кепілдерін жоғалтты?

– Заңда көрсетілмегеннің бәрін жоғалтты.

– Мысалы?

–  Күшін жоюға ұсынылған заңда бұрын мүлкі, шоттары, отбасының мүшелеріне сәйкес кепілдер болған. Заң қабылданған жағдайда бұлар күшін жояды. 

– Қандай кепілдер?

–  Заң күші жойылғаннан кейін тұңғыш президенттің отбасының шоттарына, мүлкіне қойылған кепілдер күшін жояды.

– Экс-президент мемлекетке опасыздық жасаса, қандай жаза болады?

– Ол заңнамен көзделген жазаға тартылуы мүмкін. Бірақ оны тергеп, заңнамамен көзделген тәртіппен қарау керек.

– Конституцияда бекітілген Тұңғыш президент туралы заң бар. Қазір күші жоюға ұсынылған Елбасы туралы заң бар. Бірінші президентті қорғайтын тағы қандай да бір заңдар бар ма?

–  Бірінші президенттің кепілдері мен қолсұғылмаушылығы туралы тек Президент туралы конституциялық заңда қарастырылған. Басқа заңдар жоқ.

– Бұл қолсұғылмаушылықтары туралы ғой. Мен артықшылықтар туралы айтып отырмын. Мысалы, кеше Құрметті сенатор атағын алып тастады. Тағы да басқа атақтары туралы сұрап отырмын. Олар да қайтарып алына ма?

–  Бірінші президенттің статусы, артықшылықтары туралы жиырмадан астам заң бар. Бұл заңдар тиісті түрде сарапталады, бұл кешенді жұмыс. Кейін тиісті шешім ұсынылады.


Оқи отырыңыз: Саиров саяси монополия туралы: Мұндай олқылықтарға қоғамдық иммунитет қалыптастыру керек


– Қанша уақытта барлық заңдардан бірінші президентке қатысты баптарды алып тастай аласыздар?

–  "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы статусы" жөніндегі Конституциялық заңның күші жойылғаннан кейін барлық заңдардан бұл нормалар алынып тасталады. Мерзіміне келсек, заң шығару процесін жеделтеліген мерзімде жүргізуге болмайды. Сондықтан кешенді жұмыс жүргізіледі, сараптама жасалады. 

– Бүгін ұсынылған заң жобасы қашан күшіне енеді? 

– Парламенттің бірлескен отырысында қабылданды. Енді президенттің қарауына жіберіледі. 

– Қол қойылған күннан бастап күшіне ене ме?

– Шамамен қол қойылғаннан сәттен бастап күшіне енеді.

– Елбасы кеңсесі, Елбасы кітапханасы, резиденциялар не болады?

–  Бұл мәселелер қазір күшін жоюға ұсынылған заңда көзделген. Енді осы заң күшін жояды. Сондықтан заңнамада көзделген тәртіппен кеңсе, тағы басқа нәрселердің сұрақтары қаралады.

– Резиденциясы ше?

–  Экс-президентке мемлекеттік саяжай көзделуі мүмкін. Сондықтан бұл заңнама шеңберінде шешіледі. 

– Осыдан кейін кеңсеге, кітапхана қаражат бөлуді қоямыз ба?

–  Қабылданған заңға сәйкес, президент кеңсесі, кітапханасы, басқасы бойынша тиісті шешім қабылданады. 

– Тұңғыш президент қоры ше?

– Бәрі заң аясында қаралады.

– Назарбаевтың зейнетақысы қанша?

–  Экс-президенттің зейнетақысы Президент туралы заңның талаптарына сәйкес, президент шешімімен президент жалақысының 80 пайызына дейін қарастырылған.

– Президент қанша жалақы алады?

– Оған мен жауап бере алмаймын

– Егер отбасы мүшелері Қазақстаннан капитал шығару, мемлекетке опасыздық жасау туралы қылмыстармен байланысты болса, олар да Қазақстанның қарапайым азаматтар сияқты жауапқа тартыла ма?

– Тиісті мәселелер белгіленген заңнамалық тәртіппен қаралатын болады.

– Түсініксіз жауап бердіңіз.

– Белгіленген қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық кодекстер бойынша қаралады.

– Яғни, ешқандай артықшылығы болмай ма?

– Бұрын қарастырылған кепілдер күшін жояды.

– Заңның кері күші бар ма?

– Заңның кері күші жоқ.

– Кей деректер бойынша, Назарбаевтың қорында 8 млрд доллар, ұшақтар, қонақ үйлер, Жусан банк бар. Заңсыз алынған активтерді қайтаруға бола ма?

– Менде мұндай ақпарат жоқ.

– Егер капитал елден бүгінгі күнге дейін шығарылған болса, олар қарапайым азаматтар сияқты жауапқа тартыла ма? Әлде бүгінгі күнге дейін шығарылған капиталды бақылау мүмкін емес пе?

– Қолданыстағы заңнамада қарастырылған белгіленген қылмыстық іс жүргізу тәртібіне сәйкес, мәселелерді уәкілетті органдар қарайды және қабылдайды. Өйткені бұл менің салам емес. Сондықтан тиісті шешімдерді солар қабылдайды.

– Назарбаевқа қатысты тым қатты шешім қабылдап жіберген жоқсыздар ма? Сіздің азаматтық көзқарасыңыз қандай?

– Маусым айында бүкілхалықтық референдум болды. Халық болып Конституцияға өзгеріс енгіздік. Сол халықтың шешімін қазір жүзеге асырып жатырмыз. Конституция бойынша биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық. Халықтың көзқарасын, ынтасын осылай жүзеге асыру арқылы қазір Парламентте заң жобасы қаралды.

– Сіздің көзқарасыңыз қандай, аяушылық жоқ па?

– Аяушылық, басқа мәселелер заң тұрғысынан қаралмайтын нәрсе ғой. Сондықтан заң бойынша шешім дұрыс қабылданды деп ойлаймын.