Абай облысының оқушысы Нұрәлі Амангелдиев қазақ халқының тарихындағы құқықтық дерек көздерін зерделеу үшін виртуал 3D тур-музейін әзірледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. 

Виртуалды әлемге кірген қонақты дыбысты гид қарсы алып, Қазақстанның әр дәуіріндегі дәстүрлі құқық пен сот жүйесінің қалыптасу жолымен таныса алады. 

3D мұражай 4 бөлімнен тұрады:
Біріншісі – "Ежелгі дәуірдегі Қазақстандағы дәстүрлі құқық және сот билігі"
Екіншісі – "Орта ғасырлардағы сот-құқықтық жүйе"
Үшіншісі – "Революцияға дейінгі кезеңдер"
Төртінші бөлім – "ҚР Тәуелсіздік жылдарындағы құқықтық және сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы". 

Оқушының айтуынша, бұл жоба виртуалды кеңістікте қазақ тарихындағы құқықтық жүйенің сақ тайпасынан басталып, бүгінге дейінгі қалыптасу жол туралы ақпарат алуға болады. Осы саланы зерттеушілер үшін тиімді тәсіл.

"Виртуал мұражай арқылы бір нүктеден екінші нүктеге өтуге, алыс жерлерге қарауға, үлкейтуге немесе керісінше кейбір заттарды алыстатуға болады. 3D тур музейі – оқушылардың тарих пәніне қызығушылығын арттырады, құқықтық тақырыптарды меңгеруге пайдасын тигізеді. Зерттеудің қалыпты әдістеріне қарағанда жаңа формат оқушылардың ізденісін арттырады", – дейді Нұрәлі Амангелдиев.

Виртуал мұражайдың тағы бір ерекшелігі – есту қабілеті төмен балалар үшін турды түсіндіретін сурдодаудармашы да бар. Оқушы дайындаған бағдарламаны Жазкент кентінің мектеп лицейінің педагогтері құқық негіздері пәнінде қосымша әдістеме ретінде қолданып, оң нәтиже берген.

Нұрәлі Амангелдиевтің алдағы уақытта VR технологиясы арқылы жаңа жобаларды жүзеге асырмақшы.