700 миллион теңгені негізсіз жұмсаған Жамбыл облысының шенеуніктері жазаланды
Прокуратураның араласуынан кейін мемлекет қаржысының жұмсалуына тосқауыл қойылды.Прокуратура Жамбыл облысында бюджеттен 700 миллион теңгеден астам қаржының негізсіз жұмсалуының жолын кесті, деп хабарлады қадағалау органының баспасөз қызметі.
Қордай ауданының прокуратурасы бюджет заңнамасы саласында жүргізген талдау нәтижесі бойынша аудан әкімдігі қызметінде бұзушылықтарды анықтады.
"Жергілікті атқарушы орган растайтын қажетті құжаттарсыз және негіздемесіз бюджеттің шығыс бөлігіне 700 млн теңгеден астам қаражатты енгізген. Мысалы, әкімдік шығыс бағанасына су құбыры люктерін орнатуға 67 млн теңге қаражат қарастырған. Алайда шығыстың осы бағытының экономикалық негіздемесі айқындалмаған. Нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісімен 700 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жұмсалуы алдын алынды", – деп жазылған хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда пара алған адамды ұстап бергендер арасында 4 миллион теңге алғандар бар
Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 6 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.