6 мамырда негізгі ҰБТ-ға тіркелу басталады. Тест тапсырушылар не білу керек
ҰБТ-ға қатысу биылғы мектеп түлектері үшін тегін, басқалар 5640 теңге төлейді.Ұлттық тестілеу орталығы негізгі тестілеуге қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
2024 жылғы мектеп түлектері үшін негізгі ҰБТ-ға тіркелу тегін бе?
Иә. Сондай-ақ, Қазақстанда 2024 жылы мектеп бітіруші қандастарға да тегін. Ал басқа санаттағы тест тапсырушылар үшін (колледж түлектері, өткен жылғы түлектер, шетелде бітіруші қандастар, шетелде білім алған ҚР азаматтары) ҰБТ-ға қатысу құны – 5 640 тг. Екі рет тіркелсеңіз, екі рет төлем жасайсыз.
Тестілеу күнін үміткер өзі таңдай ма?
Иә. Сізге қолжетімді күндердің ішінен (колледж түлектері, өткен жылғы түлектер, шетелде бітіруші қандастар, шетелде білім алған ҚР азаматтары үшін 6 дата қолжетімді) кез-келген екі датаны таңдай аласыз.
Тестілеу уақытын үміткер өзі таңдай ма?
Иә. Тестілеу күніне 2 лекте, сағ. 09.00 және 14.30-да өткізіледі.
Оқи отырыңыз: ҰБТ-2024: екі пән бойынша шекті балл төмендетілді
Тестілеу пунктін үміткер өзі таңдай ма?
Иә. Өзіңізге ыңғайлы тестілеу пунктін таңдай аласыз.
Негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыруға бола ма?
Иә. 16 мамыр-5 шілде аралығында (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін 25 мамыр-12 шілде аралығында) негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыра аласыз.
Оқи отырыңыз: ҰБТ тапсыру уақыты 30 минутқа қысқарады. 2024 жылғы тестілеуде қандай өзгерістер бар?
Екі мүмкіндікке екі бөлек тіркелу қажет пе?
Иә. 6-10 мамыр аралығында негізгі ҰБТ-ның 1-ші мүмкіндігіне, 11-14 мамыр аралығында 2-ші мүмкіндігіне тіркелесіз. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін 6-13 мамыр аралығында ҰБТ-ның 1-ші мүмкіндігіне, 14-20 мамыр аралығында 2-ші мүмкіндігіне өтініш беру қолжетімді болады.
Екі мүмкіндікте екі түрлі бейіндік пәндер комбинациясын таңдауға бола ма?
Жоқ. Негізгі ҰБТ-да екі мүмкіндікте де бір бейіндік пәндер комбинациясын тапсырасыз.