Жыныстық сауаттылық туғаннан басталады. Жыныстық сауаттылық дегеніміз баланың өз жынысын қабылдауы, түсінуі, білуі. Ұл немесе қыз екенін қабылдауы. Сол жынысына қарай ерекшеліктері мен айырмашылықтарын түсінуі және білуі. Оны ата-ана айтып үйретеді, дейді отбасы писхологы Ержан Мырзабаев. Маман бұл туралы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.

"Кішкентай кезімізде 7-8 туысқан балаларды ұл немесе қыз болғанына қарамастан, қатарынан жатқызып қоятын. Бұл не деген сөз? Жыныстық айырмашылық, жыныстық тәрбие жоқ деген сөз. Ұлдар басқа бөлмеге, қыздар басқа бөлмеге жатады", – деді отбасы психологы.

Ержан Мырзабаевтың айтуынша, кішкентай балалардың киімін басқа адамдардың көзінше ауыстыруға болмайды.

"Кішкентай ғой деп қонақтардың көзінше екі жастағы баланың киімін ауыстыра береді. Бұдан не қалыптасады? "Менің жыныс мүшелерім – әркім көре алатын, мүмкін әркім ұстай алатын дүние" деген ой қалыптасады. Интим деген не? Құпия, ешкімге көрсетпейтін жер. Сол үшін "Балам, жүр, барып, киіміңді ауыстырайық",  деу керек. Бұл баланың жыныс мүшелерін қорғау", – деп түсіндірді психолог.


Оқи отырыңыз: Баламен жыныстық қатынас туралы қай жастан бастап әңгімелесуге болады?


Сонымен қатар маман балаға 50 сантиметрлік қашықтықты сақтау ережесін үйретуді ұсынды. Айтуынша, адам денесінен 50 сантиметрлік қашықтық интимді қашықтық болып саналады. Оған рұқсат алмастан ешкім қол сұға алмайды.

"Сені жақсы көретін адамдар сенен рұқсат алады. "Құшақтасам бола ма?",  "Сүйсем бола ма?", "Қасыма отыршы" дегендей. Егер рұқсатсыз бұны біреу істеп жатса, ол дұшпан. Одан қашу керек, оған рекция білдіру керек. Біздің кабинетте небір қыз-келіншектерге әкесінің досы, нағашы атасы, көршісі жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткені, тиіскені туралы көп естідім. Қарап тұрсаңыз, қарапайым оқиғалар сияқты көрінеді. "Қызымсың ғой, кел, құшақтай тұрайын" деуі мүмкін. Сөйтіп тұрып, қолын басқа жаққа сұғып жіберуі мүмкін. Қыз ыңғайсызданып жатса, "Қызым емессің бе, қайда кетіп барасың, отыр" деген сияқты. Сол үшін балаға "Көкең келді , қасына отыр" демеңіз. Мұны бала кішкентай кезінен бастап ата-анасынан көруі керек. Бала өз денесіне кімді жақындату, кімді жақындатпау таңдауы бар екенін білетін болса, өзін кез келген жерде жыныстық тұрғыдан қорғай алады", – дейді психолог.


Оқи отырыңыз: Ата-ана баласымен ашылып әңгімелесуге ұялады. Жастардың жыныстық сауатын қалай арттырамыз?