Қаржы нарығын реттеу және бәсекелестікті дамыту агенттігі көлік сақтандыру қызметін реттеу бойынша бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды. 

Өзгерістер сақтандыру қызметінің құнына тікелей қатысты. Бұл ретте агенттік жол ережесін жиі бұзатындар үшін бағаны өсіріп, керісінше тәртіпті жүргізушілерге жеңілдіктер қарастырған. 

Түсінікті болу үшін еске салайық, көлік жүргізушілеріне тәжірибесіне қарай M2-ден 13-ке (М2, М1, М, 0, А, 1-13) дейінгі сыныптар беріледі. Сынып жоғарылаған сайын сақтандыру полисінің қызметі де арзандай түседі. Ал егер жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасаса немесе жол ережесін өрескел бұзса, сәйкесінше сыныбы төмендейді. Бұл ретте агенттік енді келесі жағдайларда сақтандыру сыныбын бірден екі сатыға төмендетуді жоспарлап отыр: 

  • жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан және одан жоғары, сағатына 60 шақырымнан және одан да жоғары асыру;
  • қарсы жолаққа шығу (ереже бойынша тыйым салынса);
  • бағдаршамның қызыл түсіне өту немесе реттеушінің белгісіне бағынбау;
  • жаяу жүргіншіге немесе арнайы сигналы бар көлікке жол бермеу;
  • апатты жағдай туғызу;
  • ақаулы немесе рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқару;
  • осы ереже бұзушылықты бір жыл ішінде қайталау.

Оқи отырыңыз:


Сондай-ақ, мұндай қатаң шара жол-көлік оқиғасы сақтандыру полисін алған өңірден басқа өңірде жасалса да қарастырылады. Мұны Қаржы нарығын реттеу және бәсекелестікті дамыту агенттігі жүргізуші сақтандыру полисін өңірлерде алып, апатты Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда жасаған кезде қолданады. Агенттіктің түсіндіруінше, өңірлерде сақтандыру полисі арзанырақ, ал ірі қалаларда коэффициент әлдеқайда жоғары. 

Ал егер жүргізуші мас күйде көлік жүргізсе, көлігін мас адамның басқаруына берсе, мас күйде жол-көлік оқиғасын жасаса, сақтандыру сыныбы бірден ең төменгі сынып – М2-ге дейін бір-ақ төмендейді. Сондай-ақ, көлік жүргізу куәлігін қайтарып алғанша дейін оның сыныбы өспейді. 

13-сыныпқа, соңғы бес жылда жол-көлік оқиғасын жасамаған жүргізушілер болса, керісінше, сақтандыру полисін жасататын кезде жеңілдік алады. Олар үшін төменірек сақтандыру коэффициенттері қолданылмақ. Дегенмен, Қаржы нарығын реттеу агенттігі оның мәнін айқындамаған. Оны сақтандыру компаниялары белгілейді.