32 жылда тек "Тілдер туралы" және "Көші-қон туралы" заңдар ғана қазақ тілінде әзірленді
Ал бұл уақыт аралығында Қазақстанда барлығы 3,5 мыңнан астам заң қабылданған.Парламент мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында заңнаманың қазақ тілінде жазылуы мәселесін көтерді.
"Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде 3 589 заң қабылданып, жұмыс жасап жатыр. 30 жылдың ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, заты мемлекеттік бола алмады. Заң жобасы орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Осы күнге дейін қазақ тілінде тек екі заң жобасы әзірленіп, қабылданған. Атап айтсақ, "Тілдер туралы" және "Көші-қон туралы" заңдар ғана", – деді Үнзила Шапақ.
Оқи отырыңыз: Заңдар неге қазақша жазылмайды? Жоғарғы сот судьясы жауап берді
Депутат заңның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты сын-пікірлер халық арасында өте көп екенін, соның бірі заң терминінің бірізділігінің сақталмауы деп айтты.
"Қазақ және орыс тілдері құрылымы тұрғысынан әр түрлі тілдік топтарға жатады. Заң шығару процесінде осы ерекшеліктер ескерілмесе, мәтіндердің мағыналары бұрмаланып мәні өзгереді. Бұл жоғарыда аталған сөзбе-сөз немесе калька аударманың әсері. Бұндай кемшілікке жол беруге әсте болмайды. Сондықтан, бірінші кезекте заң жобасы қазақ тілінде талқыланып, қабылдануы керек", – деді мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, жүйеленген ұлттық терминологиялық қор қалыптастыруда, әсіресе, заңнама терминологиясына келгенде абай болу керек.
Оқи отырыңыз: Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады? Сараптама
Бүгінде қазақ тілі терминдерінің бірыңғай электрондық базасында 380 мыңнан аса термин орналастырылса, оның ішінде заңтану саласында 11 139 термин бекітілген. Сол терминдердің өзі жиі өзгеріске ұшырайды. 2000 жылдарда бекітілген терминдердің жартысына жуығы 20 жылда қайта жаңартылған.
"Бір ғана мысал, "обращение" деген ұғым Конституцияда "өтініш" деп айқындалып, қолданыстағы барлық заңнамаларда солай көрініс тапқан. 2022 жылы Мемтерминком ол ұғымды жаңалап "жолданым" деп бекіткен. Сөйтіп, 2022 жылы қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте, Конституциялық Сот туралы заңда "жолданым" термині енген", – деді Үнзила Шапақ.
Ол мұндай өзгерістер бұрынғы қолданыстағы заңдардың мәтінімен мүлде бірізді, аутентикалы бола алмайтынын, өйткені заң тілі нақтылықты қажет ететінін ескертті.
"Мысалы, "постоянное место жительства", "тұрғылықты жер", "тұрғылықты мекен; "недвижимое имущество", "жылжымайтын мүлік", "қозғалмайтын мүлік" деген баламалар Конституциядан бастап барлық қолданыстағы заңнамаларда кездеседі. Бір заңның ішінде бірізділік сақталып отырған жоқ. Туынды заңдарда да жағдай осылай. Заңтануда терминдік даралық сипат алған сөздер мен сөз тіркестерінің қызметі айқындалып, олардың заң өміріндегі өрісі анықталып, тұрақтануы керек. Әрі қисыны келсін, келмесін халықаралық терминдерді қалайда қазақшалауға тырысқанымыз тағы бар", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Алғашқы Ата Заң жобасына – 111 жыл. "Қазақ елінің уставы" қалай жазылды?
Сондықтан мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ пен Жарқынбек Амантай депутаттық сауалдарында келесіні ұсынды:
- қазақ тіліндегі барлық құқықтық нормативтік актілердің түп мәтініндегі терминологиялық қолданудағы бірізсіздікке, алуандылыққа ревизия жүргізу;
- мәнмәтіндік қолданыстың үйлесімділігін, сөйлемдердің ішіндегі түрлену ерекшеліктерін анықтау;
- жасалған жұмыстардың нәтижесін сұрыптап, жүйелі анализден өткізу;
- ревизия нәтижесінде қолданыстағы заңнамаларда анықталған қордаланған сәйкессіздіктерді жоюдың бір реттік жолын қарастыру.