Тікелей эфир

Заңдар неге қазақша жазылмайды? Жоғарғы сот судьясы жауап берді

Жоғарғы сот судьясы 3 мыңнан астам заңның екеуі ғана мемлекеттік тілде қабылданғанын айтты.

Жоғарғы сот судьясы, тіл жанашыры Досжан Әмір "Біздің мақсат" ток-шоуында заң тілі неге қазақша емес деген сұраққа жауап берді.

"Мемлекеттік тілге деген сұраныстың жоқтығын бір ғана сөзбен айтуға болады. Біріншіден, мамандардың тапшылығы. Ата заңда "мемлекеттік тілде заң шығару керек" деген заң талабын, одан кейінгі "Тіл туралы" заңның 4-бабындағы "заң шығару, сот ісін жүргізу, мемлекет басқару, сонымен қатар іс-қағаздар жүргізу тілі – мемлекеттік тіл" деген заңды орындайтын болсақ, заңның үстемдік құруын қамтамасыз еткенде мұндай сұрақ туындамас еді деп ойлаймын. Сондықтан да мемлекеттік тілдің мәртебесін Ата заңда көрсетілгенімен, орындауға келгенде көптеген сұрақ туындап жатыр", – деді Досжан Өмір.

Ол Конституцияның 7-бабы 1-тармағында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі" деп көрсетілгенімен, "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі реми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген 2-тармағы қоғамда тартыс туындатып отырғанын айтты.

"Өзге тіл мемлекеттік тілмен қатар болуы үшін мемлекеттік тіліміз қасқайып тұруы керек. Содан кейін басқа тілдер теңесуі үшін ақырындап мемлекеттік тілдің жетегіне ілесуі керек. Біз оны практика жүзінде алдық та, мемлекеттік тілдің орнына қолдандық. Заң шығарсақ та, орысша шығарамыз. Сондықтан Ата заңымыздың 7-бабының 2-тармағының өзін дұрыс түсініп, дұрыс қолдана алмай жүрміз", – деді жоғарғы сот судьясы Досжан Өмір.

Оның айтуынша, мемлекеттік тілге сұраныс болмағандықтан мемлекет басқару жүйесінде, парламентте, құқық қорғау саласында, атқарушы билікте мемлекеттік тілді білетін азаматтар өте аз. Қабылданған 3 000 астам заңның екеуі ғана мемлекеттік тілде, 0,1%-дан да төмен.

"Атқарушы биліктің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгеріп жүргенін көріп жатырмыз. Парламент қабырғасына келген министрлерден бастап, олардың орынбасарлары қазақша бір ауыз сөздің басын қосып айта алмайды, не жазып бергенді оқи алмайды. Міне, мемлекеттік тілдің қажеттілігін туындата алмай отырмыз. Халықтың 70 пайызынан асқан қазақ ұлтына қызмет етемін деген адам мемлекеттік тілді білуі керек. Сонда ғана барлығы өз орнына келеді", – деді Жоғарғы сот судьясы Досжан Өмір. 

Серіктестер жаңалықтары