Қазақстанның автокөлік одағының хабарлауынша, қазақстандықтар 2025 жылы ресми дилерлерден 234 852 жаңа автокөлік сатып алды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға жоғары. Бұл ретте одақ өкілдері Қазақстандағы жаңа автокөліктер нарығында екі жыл қатарынан 200 мыңнан астам көлік сатылғанын мәлімдеді. 

"2025 жыл қорытындысы бойынша ең танымал ТОП-10 модельдің бәрі Қазақстанда шығарылған. Бұл автонарықтағы мемлекеттік қолдау саясатының, технологиялар трансфері мен Қазақстан автоөнеркәсібінің өз құзыреттерін арттырудың жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінсіз мүмкін болмас еді", – деді ҚАО президенті Анар Мақашева. 

2025 жылғы көлік нарығына қатысты ең негізгі деректер төмендегі инфографикада бейнеленген: 

Инфографика: ҚАО

"Қазіргі таңда нарықта 75-тен астам автокөлік бренді ұсынылғанына қарамастан, сатылымдардың 80%-дан астамы әлі де ірі он компанияның үлесінде қалып отыр. Қытайлық маркалардың үлесі, олардың қатысуы айтарлықтай кеңейгеніне қарамастан, өткен жылдың деңгейінде сақталып, 39%-ды құрады", – делінген ресми хабарламада.