2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19 пайызды ғана құрады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауапта қазақ киноларының мәселесі туралы айтты. Оның сөзінше, 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19 пайызға жеткен. 2023 жылғы көрсеткіш 16 пайыз ғана болғанын ескерсек, бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың арта түскенін көрсетеді.
"Қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанынан сценаристер, продюсерлер клубын құру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Орталық жанындағы Сараптамалық кеңестің қызметі қайта жанданды. Кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар толықтырылды. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету үшін киножобаларды конкурстық іріктеу тәсілдері өзгертілді", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрамына мәжіліс депутаттары, киноиндустрия саласының өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылғанын еске салып, оның бірінші отырысы ақпанда өтетінін хабарлады.
"Осы отырыста кино саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру, ұлттық кинодағы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты өзге де мәселелер жан-жақты талқыланады", – деді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз:
- "Аватар", "Супермен", "Формула 1": 2025 жылы жарық көретін танымал фильмдердің трейлерін ұсынамыз
- 52 сеанстың үшеуі ғана қазақша: "Моана 2" фильмінің Алматыдағы премьерасы сынға қалды