Биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 166 мың талапкер 305 мың өтініш білдірген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Негізгі ҰБТ 5 шілдеге дейін жалғасады. Тапсырушылардың 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш берген.

"Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында "1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші" қағидаты сақталады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады", - деді министр.

Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.