Соңғы кездері ел ішіндегі, сондай-ақ халықаралық бағыттар бойынша ұшатын рейстерге қатысты хат-хабарламалар көптеп түсіп жатыр. Шынымен, бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр. Орын алған бұл мәселені жедел шешу мақсатында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырдым, деп жазды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, SCAT авиакомпаниясына – 9 ұшақ, Fly Arystan – 3 ұшақ және Air Аstаnа-ға 2 ұшақ беріледі.


Оқи отырыңыз: Рейс кешіккенде әуе компаниясы жолаушыға қандай қызметтерді тегін ұсынуы тиіс?


Қайырбек Өскенбаев әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Сол себепті рейстердің кешігуін алдын алу үшін қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаяды.  

"Жалпы рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, менің тапсырмам бойынша ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігіндегі әріптестерім тиісті тергеу амалдарын бастап кетті. Егер жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталса, тиісті авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады", – деп жазды министр.