2022 жылы неге ҰБТ сынағы болмайды?
Негізгі ҰБТ мерзіміне де өзгеріс енгізілуі мүмкін.Келер жылы тестілеуде дистракторлар саны қысқарады. Бұрын бір сұрақтың бес жауабы болса, қазір бұл сан төртке қысқарып отыр, деп мәлімдеді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев. Бұл туралы Joo.kz тікелей эфирінде айтылды.
"Бірінші жарты жылдықта ақылы ҰБТ өткізу жоспарымызда болды. Бірақ бұл тек жоба ретінде қалды. Биыл ешқандай өзгеріс жоқ. 2022 жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айлары аралығында әзірге ҰБТ өтпейді. Кейін наурыз және жаз айында өтеді. Алайда негізгі ҰБТ мерзіміне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Мысалы, былтыр "грант ҰБТ" 16 мамыр мен 5 шілде арасында үздіксіз өтті. Биыл осы мерзімге өзгеріс енгізу мәселесі талқыланып жатыр", – деді Руслан Емелбаев.
Мұнымен қатар, орталық басшысы тестілеудегі дистракторлар санының халықаралық стандарттарға сәйкес қысқарғанын хабарлады. Бұрын бір сұрақтың бес жауап нұсқасы болатын еді.
Оқи отырыңыз: Колледж түлектері университетке түсу үшін екі пәннен ғана ҰБТ тапсырады
"Енді бір сұрақтың төрт жауабы болады. Кей азаматтар "Тисе терекке, тимесе бұтаққа" деп белгілейтін оқушылардың жеңілдікке ие болатынын айтып жатыр. Алайда мұнда сұрақтың жауабы логиканы, білімді талап ететін болады. Өткен жылдан бері жаттауға бейім сұрақтарды азайту мәселесін көтеріп келеміз. Мамандармен ақылдаса келе осындай шешім қабылдадық", – деп қосты Руслан Емелбаев.
Еске салсақ, ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев шығармашылық тестілеуге математика пәнінің қосылмайтыны туралы айтқан еді.