2 жасар баланы ұрған. Маңғыстауда балабақша тәрбиешісіне сот үкімі шықты
Ол 172 500 теңге айыппұл төлеп, бала тәрбиесінен бір жылға шеттетіледі.Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі жасқа толмаған баланы ұрып-соққаны үшін балабақша тәрбиешісіне үкім шығарды, деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
"Сотталушы М., яғни балабақша тәрбиешісі балабақшаның балаларға арналған жатын бөлмесінде бола тұра, екі жасқа толмаған А-ны ұрып-соғып, дене жарақатын келтірген. Сот отырысында М. жәбірленушіден кешірім сұрайтынын, жасаған әрекетіне өкінетінін, бұл іс-әрекетінің өзіне өмірлік сабақ болғанын, енді қайталанбайтынын айтып көрсеткен. Сотталушының кінәсі оқиға орнынан алынған бейнежазбаның көшірмесімен, куәлардан жауап алу хаттамасымен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.
Сот үкіміне сәйкес, тәрбиешіге 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 172 50 теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу қызметімен айналысу құқығынан бір жылға айырылады.
Оқи отырыңыз: Қызылордада 40 жекеменшік балабақша жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалмақ