"Агрокредиттік корпорация" жастарға жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беруге қабылданатын кепіл түрлерінің тізбесін кеңейтті.

Несие алу үшін кепіл ретінде мыналар тізімдегілер қосымша қабылданады:

  • екінші деңгейдегі банктердегі шоттарға орналастырылған қаражаттар;
  • республикалық маңызы бар, аудандық маңызы бар қалалардағы, аудан орталықтарындағы, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардағы, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық елді мекендердегі жылжымайтын мүлік;
  • жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері (егістік жер);
  • жайылымдарды суару және қоршау үшін инфрақұрылымы бар жер учаскелері;
  • бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;
  • арнайы жабдық.

Бұрын несие алу үшін кепілге тек жылжымалы және жылжымайтын мүліктер қабылданатын.


Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5%-дық кредит. Кімдер, қашан және қалай алады?


Шағын несие 21 бен 35 жас аралығындағы жастарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу шартымен өз ісін ашу немесе кеңейту үшін беріледі. Шағын несиенің мөлшері 5 миллион теңгеге дейін, ең жоғары мерзімі – кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін (кез келген мақсатта), ал мал алу үшін 7 жылға дейін.