Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен жәбірлеу деректеріне әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді. Жаңа жүйе бала құқықтарын қорғау саласындағы жеделдікті күшейтуді көздейді, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі. 

Құжатқа сәйкес, енді құзырлы органдар бала құқығының бұзылуы туралы ақпарат түскен сәттен бастап 1 сағат ішінде мәлімет жолдап, 1 жұмыс күні ішінде тексерісті бастауға міндетті. Сонымен қатар барлық деректер кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияға бұрынғы 30 күннің орнына үш күн ішінде жеткізіледі.

"Жаңа тәртіпте полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері және қорғаншылық органдарының жауапкершілік аймақтары нақты бөлінген. Енді әрбір хабарлама бойынша міндетті іс-қимылдар тізбегі автоматты түрде іске қосылады. Жүйедегі басты жаңалық — кейс-менеджерлер институтының енгізілуі. Әрбір оқиға бойынша жауапты маман бекітіліп, ол барлық қызметтің жұмысын үйлестіріп, бала құқығы толық қалпына келгенше сүйемелдеу жүргізеді. Қағидада нақты мерзімдер белгіленген: ақпарат дереу жеткізіледі, 1 сағат ішінде тиісті органға жолданады, бір жұмыс күні ішінде тексеріс басталады, ал үш күн ішінде материалдар комиссияға беріледі", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар енді әрекет етуге негіз болатын деректер қатары кеңейтілді. Оған ресми өтініштермен бірге балалардың өз хабарламалары, 111 байланыс орталығы деректері, әлеуметтік желілер мен БАҚ мониторингі нәтижелері де кіреді.

Балаға көрсетілетін көмек бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асады. Оның ішінде медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық қолдау қарастырылған. Жаңа жүйе тек зорлық-зомбылық көрген балаларға ғана емес, соған куә болған балаларға да мемлекеттік қолдау көрсетуді міндеттейді.