Сөз басында ескерте кетейік, бұл норма бастапқыда биылдан, яғни 2020 жылдан бастап енгізілуі қажет болған. Алайда, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістердің күшіне ену мерзімінің шегерілуіне байланысты 2021 жылға қалдырылды.

Салық кодексінің 342-бабы бойынша Қазақстан азаматтары салық жеңілдіктерін пайдалана алады. Олар зейнетақы жарнасымен қоса медицина қызметінің ақысы мен жинақты сақтандыруға қатысты. Сонымен қоса сыйақы төлемдері бойынша да салық шегерімі қарастырылған.

2020 жылғы жағдай бойынша бұл салық шегерімі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ берген ипотекалық несиелерге қатысты.

Салық кодексінің 349-бабында қарастырылған салық жеңілдігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен тұрғын үй несиесін алған кез келген Қазақстан азаматы пайдалана алады.

Ескерту: бұл жеңілдік жылжымайтын мүлік кепілдігі болса ғана қолданылады және осы несие бойынша қосалқы борышкерге қатысы жоқ.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Ипотека төлемі бойынша салық шегерімі тек банк несиесінің сыйақы мөлшеріне ғана қолданылады. Яғни, Салық кодексінің 349-бабына сәйкес, жалақының ипотекалық несие бойынша пайыздарды өтеу сомасына тең бөлігінен жеке табыс салығы алынбайды.

2020 жылдағы бұл салық шегерімінің көлемі ең төменгі жалақының 10 есе көлемінен аспауы тиіс:
2020 жылғы ең төменгі жалақы мөлшері – 42 500 теңге х 10 = 425 000 теңге.

Мысал:

Жалақы мөлшері – 120 000 теңге.

Жеке табыс салығы = Жалақы – зейнетақы қорына 10% – ең төменгі жалақы : 10%.
120 000 – 12 000 – 42 500 : 10% = 6 550 теңге салық.

Қолға айына – 101 450 теңге аласыз.

Ал несие сыйақысына салық шегерімін қолданғанда несие сыйақысы мөлшерлемесінің 10 пайызына тең сома сізде қалады.

Қолға айына 103 550 теңге аласыз.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық

Салық шегерімін қолдану үшін келесі құжаттар қажет:

  • несие алушының тиісті өтініші;
  • банк ипотекалық несиесінің келісім-шарты (көшірме);
  • ипотекалық несиені өтеу кестесі (көшірме);
  • несие төлемін растайтын құжат: чек немесе түбіртек, банктен үзінді көшірме (көшірмені интернет-банкинг жүйесінен де алуға болады).

Ескерту: бұл салық шегерімін тек бір жұмыс орнында ғана қолдануға болады.

Егер ипотекалық заем алушы бұл салық шегерімін білмей, осы уақытқа дейін қолданбаған болса, онда жұмыс орнына тиісті өтініш жазып, қажет құжаттарды көрсету арқылы бұған дейін төлеген несие сыйақысына қатысты салық шегерімін қолдана алады. Дегенмен, соңғы тек 5 жылға. Бұл жағдайда жұмыс беруші қайта есептеп, айырманы сізге қайтаруға міндетті.