Наурыз. Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп қай күнді мерекелеген?
Қазақ газеті: "9 наурыз – жыл басы"
Наурыз мерекесі қай күні тойлану керек? Бұл сұрақ туралы айтылар әңгімені әріден бастайық.
1914 жылы 9 наурызда шыққан "Қазақ" газетінің 53 санында "Наурыз" деген зерттеу мақала жарияланыпты.
Оқи отырыңыз: Наурызға ерекше көзқарас. Наурыз көже қалай жасалады?
Онда:
"Сәлем бердік! Жас наурыз – жылдың басы!
Жұрттың күткен мінеки, ықыласы.
Көжесін қып, күйбеңдеп, басын асып,
Бермек әр кім барынша қонақасы!... төрт тоқсанның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқсанның басы 9 март болғандықтан, бұл күн – "наурыз" айы, "жаңа күн" деп аталады" деп жазылыпты.
Мысалы, "Түйе бастатқан тоғыз" кесілді деген секілді.
Оқи отырыңыз: Ақбастаулықтардың Наурыз тойлау дәстүрі елге үлгі боларлықтай
Түркілер тоғызды құрметтеген
Түркілер үшін тоғыз санының қадір-қасиеті ерекше. 1950 жылдарға дейін, яғни, қазақтар бодандыққа кіргенге дейін көрсетілер сый-сияпаттар да, тартылар айыптар "тоғыз алу, тоғыз беру, тоғызға кесу" дәстүрі жалғасып келді. Тіптен, олжаны да "үйріңмен үш тоғыз" деп байлайтыны белгілі.
"Тоғыз жолдың торабы", "тоғыз қатынның толғағы", "білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз" деген мақал-мәтелден де "9" санының ерекше орны бар екенін білеміз.
Адам пендесі анасының ішінде "тоғыз ай тоғыз күн" жатады екен.
Оқи отырыңыз: Ошақ туралы. Жерошақ қоңырсыту және жерошақ бәйге
"Тоғыз ай, тоғыз күн" қалай есептеледі?
Бұл – жұлдыз есебіне сай жасалған. Мұндағы әр ай 28 күнге тең. Бұл үркер шоқжұлдызының аймен тоғысқан кезіне тура келеді, яғни, 28 күнде тоғысады.
Жер шары күнді бір жылда айналып өтеді. Сол жүру сызығының бойында 12 шоқжұлдыз тобы бар. Үркер – сол шоқжұлдыздардың бірі, Торпақ шоқ жұлдызына кіреді.
Міне 12 ай дегеніміз – осы шоқ жұлдыздардың саны. 28*9+9=261 күн.
"Тоғызқұмалақ ойыны" – күнтізбені біліп, жұлдызнаманы үйретудің бір жолы
Этнограф, зерттеуші, жазушы Байахмет Жұмабайұлы: "Тоғыз құмалақ – өте терең астрономиялық және күнтізбелік ғылым сіңген мүмкіндігі шексіз ойын түрі. Сол ойынды ойнау арқылы екі жақ табиғат заңдылығының білімімен жарысады. Ойын мақсатына қарай кейде жұлдызнамалық ілім бойынша білім сынасады".
Оқи отырыңыз: Ер қаруы – бес қару. Ұлттық ойын арқылы бес қаруды насихаттау қажет
Былайша айтқанда, астрономиялық білім, болжам жарысы деп те айтуға болады.
Оның қарапайым түрлері де бар. Бірақ ойын мақсатына қарай күрделене береді.
Сүретке қараңыз, солдан оңға қарай:
Бірінші тақта – "көзтимес";
Екінші тақта– "құлақ естімес";
Үшінші тақта –"көкпен үндес";
Төртінші тақта– "үндемес".
Байахмет ағаның айтуынша, жеті отаулы тақтаға бір жағына алпыс үш құмалақтан, жиыны – 126 құмалақ салып ойнағанда амалдар мен тоғаулар арқылы ауа райын болжайды.
Тоғыз отаулы тақта бір жағына тоғыздан 81 құмалақтан он сегіз отауға 162 құмалақ салып ойнайды. Жоғарыдағы екі тақта ойынынан күрделі, нағыз жұлдызнама қағидасы мен адам өмірін, жақсылық пен жамандықты болашақты болжап сөйлейді.
Оқи отырыңыз: Ағылшындардың поло ойыны қазақтардың шөгені болып шықты
Байахмет:
– Жоғарыдағы үш түрлі қалыппен үш мазмұнда тоғыз құмалақ ойыны ойналатынын құптай келіп, "жоғарыдағы бес отаулы ойындағы 45 құмалақты – "ердің жасы", екі жеті отаулы 63 құмалақты ойын – "пайғамбар жасы", үш тоғыз отаулы 81 құмалақты – "құдай берген қарттың жасы" деп, үш түрлі ойынды бастағанда тілек тілейді, – дейді,
14 наурыз, яғни "Амал": ай мен жұлдыз көрісе ме?
14 наурыз – ескіше шығыс күнтізбесі бойынша наурыздың 1–жұлдызы. Айдың туған күні, яғни, жаңа көктемнің алғашқы күні. Ай есебі бойынша ай 14 күнде толады, 14 күнде кетіліп таусылады. "Толған айдай" деген осы.
Қазақ айдың жаңадан туғанын көргенде: "ай көрдім, аман көрдім. Ескі ай есіркей көр, жаңа ай жарылқай көр" деп қол жайып, айға қарап Алладан тілек тілейтін болған. Бұл ғұрып әлі жалғасып келеді.
Жұлдызшылар Үркер жұлдызы шоғырының 14 жарық жұлдызын, ал былайғы жұрт 5-6 жұлдызын көре алады екен. Түркі жұлдызшылары ай табағының үркер жұлдыз шоғырын басып өтуін – "Тоғысу" деп кейде "тоғысу амалы" қысқартып "амал" деп атаған. Ай мен Үркер тоғысуының жердегі жыл маусымдарының ауысуымен тығыз байланысы бар екендігі байқаған.
Оқи отырыңыз: Қазақша жыл қайыруды білесіз бе?
Шоқан: Күн мен жұлдыз көріскен күн
Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы наурыз айынан басталады. Суретте Шоқан Амал жұлдызына Күн жүйесінің жолығуын бейнелеген. Суретте "Наурыз" – Февраль, келесі айды отамалы – март деп көрсетілген.
– Сөйтіп, Наурыз айы туғанда, яғни, бүгінше – 14 наурыз (ескіше – 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал (үркер шоқжұлдызы болуы мүмкін) жұлдызына беттеп, "көріседі" де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады. Тоқсан күн – қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 – ескіше) наурыз – түркілік жыл шеңберінің жігі, көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы" деп түсіндірген, – дейді Серік Ерғали.
Оқи отырыңыз: Қазақ оюының сыры. Оюды қалай оқу керек
Осылайша, жұлдызбен ай көрісіп, күн мейірін төккен күн – қазақтың жаңа жылына, ағайын-туыстың көрісіп, той тойлайтын мерекесіне айналды.
14 наурызды кімдер ұмытты?
Жоғарыда тоғызқұмалақ ойынында айтылған 81 саны Моңғолдарда амал ретінде қолданылады.
Бұл туралы журналист Асылбек Байтанұлы Моңғол зерттеушілеріне сілтеме жасап:
"Моңғол халықтары қыстың аязды күндерін "тоғыз тоғыз" немесе 81 күнге бөліп есептейді. Әр тоғызды үш үштен және топтап, алғашқы үш тоғызды "кіші үш тоғыз", келесі үшеуін "орта үш тоғыз", соңғы үшеуін "кәрі үш тоғыз" деп атайды. Мысалы, жетінші тоғызда дөңестің төбесі қараяды, сегізінші тоғызда былқ-шылқ болады, тоғызыншы тоғызда қыстың ызғары қайтып көктем лебі еседі. 23-желтоқсаннан басталатын бұл санау 12-13 наурызда аяқталады"деп жазған.
Оқи отырыңыз: Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?
Асылбектің айтуынша, қазіргі күні моңғол халықтары григориан күнтізбесіне қоса, шығыстық алпыстық санау жүйесін қолданады. Моңғол жылнамашылары үшін 2018 жыл – 17 алпыстықтың 32 жылы немесе топырақ ит жылы. Қыстың аяқталуын ежелден "тоғыз тоғыздық" жүйемен белгілеп, мән-мағынасымен тойлатып келген моңғол халқының байырғы дәстүрін бұзып, қытайлық жылнаманың ықпалына бұрған – Шыңғыс ханның немересі Құбылай еді. Міне, осы кезеңнен бастап моңғол халықтары да жаңа жылды бұрынғыдай тоғыз тоғыздың аяқталуымен емес, "Шаған" (Ақ ай) мерекесін ақпан айының ішінде атап өтетін болған.
Осылайша, қыстың қысымы 12-13 наурызда аяқталып, 14 наурызда бір-бірімен көрісіп, көже жасап, бас асып, той тойлаған. Бұл – күллі ғұн, сақ тұқымының мерекесі.
21 наурыз туралы не білеміз?
21 наурыз – күн мен түннің теңелген күні. Оның жыл маусымдарының алмасуымен ешқандай қатысы жоқ.
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде "Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын" мәлімдеді.
UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне кіргізді.
Григориан күнтізбесі: Египет астрономдары осыдан 2мың жыл бұрын күн қозғалысына негізделген күнтізбе жасаған. Біздің осы кездегі қолданып жүрген күнтізбеміздің түбі содан шыққан. Мысыр күнтізбесі бойынша бір жылда 365 күн бар деп алынған, ал шын жылы 6 сағаттай ұзындау, сондықтан Күннің айрықша қалпы, мысалы жазғытұрымғы күн мен түн теңелу нүктесінен өтуі жыл сайын 6 сағат кешігіп, күнтізбе бойынша 21 наурызға емес, 22 наурызға келетін болған. 120 жылдан кейін 1 айға кешігетін болған.
Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп қай күнді мерекелеген?
Серік Ерғали, мәдениеттанушы, наурыззерттеуші:
– Қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурызнама өтетінін айтады. Ол "ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы" деп жазады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың ұлы Ахаттың жазбаларында: "14 март – ескіше бірінші наурыз. Әкей айтты: бүгін – ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл – парсы тілінде жаңа күн" дегенді білдіреді" деп жазған.
Қазақ наурызды неге бір ай тойлайды?
Әр нәрсенің басы туады, сосын көтейді, сосын жеміс береді, сосын тоқтайды. Дәл солай жыл басы – көктем, жаңа жыл.
Мейлі, 9-, 14-, 21-22 наурыздың қайсысы болса да, жаңа жылдың басы "Наурыз айы" екенін білдіріп тұр. Көктем бір жерге ерте, бір жерге сәл кеш келетіні тағы бар. Әйтеуір, наурыз айының ішінде келетіні ақиқат. Сонымен бірге, 14 наурызда туған ай қайтадан толып, қайта туғанша бір ай уақыт өтеді.
Осылайша, көшпелі қауым табиғаттың мінезі мен күннің қабағына қарай мерекеледі. Наурыз көжелерін жасап, қыстан аман шыққандарын тойлайтын болған. Солтүстіктегі суық өңірдегілер сәл жайырақ, ал оңтүстіктегілер ертерек тойлап отырғаны белгілі.
Кейін, түркі ұлттары тәуелсіз елге айналғанда халықтың тойлауына ыңғайлы болу үшін 21-22 наурыз күнін ресми "наурыз мерекесі" ретінде тұрақтандырды.
Доңыз жылы туғандар қандай болады?
Көне түркі есебі бойынша, жаңа жыл – Доңыз жылы кірді.
"Шипагерлік баянның" авторы, ғұлама ғалым, қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы 1472 жылы Әз Жәнібек хан тұсында, хан жарлығымен Әл Ақордада жазған кітабында "доңыз" жылын "қорысқы" деп атап:
"Бұл тектелгі мүшел жылдағылардың ойлаған күтпелілігі құлқыны ғана болмақ. Басқаға қастық сайлалдығы тым аз, балалы-шағалы болуды армандағыш, харекетшіл, тер төккіш, кем сөзді, тоңмойындылығы, айтқанынан қайтпайтын, ашуланса астындағы атын басқа ұрып, қатынын сабап, қарсы келгенді мерт қылатын, басқаларды сөзбен түйіп тастағанын өзі сезбейтін, келер-кетерді аңғарымы онша болмақты, сыйлағанға сыпыра құрметін аямайтын, көңілі қалса қайырылмайтын, қулығы аз, батылдығы күшті, аусарсоқ, тамақсаулық ақылы болғы ашқарақтар дендемек".
Наурыз мерекесі 14 наурыздан бастап тойлану керек
Бұл туралы сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Үкмет басшысы Асқар Маминге депуттаттық сауал жолдаған болатын. Сенатор 14 наурызды "Көрісу күні мерекесі" етіп белгілеуді ұсынды.
Сәрсенбай ағамыздың айтуынша, көрісу еліміздің барлық аймағында болған, халқымызға кеңінен таралған. Бірақ, әртүрлі себеппен бұл дәстүр кей жерлерде ұмытыла бастады. Қазіргі мезгілде ол Қазақстанның басқа да облыстарына таралып, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып жүр.
Бұл ұсынысты қолдайтындар да көп. Серік Ерғалидың да "Көрісу күнін" Наурыз мерекесіне қосып, 14-22 наурызға дейін тойлауды ұсынып келе жатқанына біраз жыл болды.