Мобильді азаматтар базасы. Ол не үшін қажет және оған қалай тіркеледі? Нұсқаулық
Коронавирус пандемиясы басталғалы ХҚКО қызметі шектеліп, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі қашықтан көрсетіле бастады. Тіпті, электронды цифрлық қолтаңбаны да онлайн алуға мүмкіндік берілді. Алайда, соның өзінде көптеген азаматтар онлайн қызметтерге қол жеткізе алмады. Себеп – олардың Мобильді азаматтар базасында тіркелмеген болуы.
Бұл ел азаматтарының цифрлық сауатының қай деңгейде екенін көрсетіп берді. Өйткені, 42 500 теңге әлеуметтік төлемін жасау науқаны кезінде онлайн түрде ЭЦҚ алып беріп, мобильді азаматтар базасына тіркеп беріп пайда тапқандар аз болмады. Ал шын мәнінде тілін білсеңіз, бұл қызметтердің бәрі тегін.
Informburo.kz мобильді азаматтар базасына тіркелуге қатысты сұрақтарға жауап дайындады.
Оқи отырыңыз: Электронды-цифрлық қолтаңбаны онлайн алудың жолы қандай?
№1. Мобильді азаматтар базасы деген не?
Мобильді азаматтар базасы (МАБ) – eGov қызметтерін пайдаланушының жеке мәліметтері жинақталып, сақталатын база. Азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) базаға енгізілген телефон нөмірімен байланысты болады. Сәйкесінше, базаға тіркелген азаматтар eGov-тың мобильді қосымшасы мен Telegram бот арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алады. eGov порталына ЭЦҚ-сыз бір реттік пароль арқылы кіруге болады.
Мобильді азаматтар базасына Қазақстанның жеке куәлік алған (16 жастан асқан) азаматтары тіркеледі.
№2. Базада бар-жоғын қалай тексеруге болады?
Базаға тіркелген не тіркелмегеніңізді Egov.kz сайтында "Мобильді азаматтар базасында пайдаланушыны іздеу" қызметі арқылы тексеруге болады. Сілтеме арқылы өткен соң ЖСН енгізу қажет. Іздеу нәтижесінде телефон нөміріңіз базаға тіркелген не тіркелмегені туралы жауап аласыз.
№3. Базаға қалай тіркеледі?
- еGov порталына немесе 1414.kz бірыңғай байланыс орталығының сайтына кіріңіз.
- оң жақ төменгі бұрышта жасыл түстегі "Виртуалды ассистент" қызметін таңдаңыз;
- бейнеқоңырау батырмасын басыңыз;
- интернет-браузер параметрлерінде бейнекамера мен микрофонға рұқсат беріңіз;
- байланысқа шыққан операторға жеке куәлігіңізді көрсетіңіз;
- ЖСН нөміріңізді, телефон нөміріңізді, телефонға келіп түскен бір реттік кодты айтыңыз.
Оқи отырыңыз: "ЭЦҚ алуға көмек – 5 мың теңге". Тегін қызметтен теңге тауып отырғандарға мемлекет неге тыйым сала алмайды?
№4. Базаға тіркелмей ЭЦҚ-ны онлайн алуға бола ма?
ЭЦҚ-ны онлайн алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелген болу керек. Егер бұрын-соңды базаға тіркелмесеңіз, eGov порталында сізбен байланысқа шыққан оператор ең алдымен телефон нөміріңізді мобильді азаматтар базасына тіркейді. Содан соң ғана ЭЦҚ алуға мүмкіндік ашылады.
№5. Базаға тіркелгендерге қандай қызметтер қолжетімді?
Базаға тіркелген азаматтар eGov порталынан 120-дан астам мемлекеттік қызметті ЭЦҚ-сыз бір реттік құпия сөз (SMS код) арқылы ала алады. Сондай-ақ, @Kenes1414Bot Telegram ботынан 26 қызметті, Facebook және Vkontakte әлеуметтік желілері арқылы анықтама, сондай-ақ, ЭЦҚ-ны онлайн алады.
Тіркелген телефон нөмірге ХҚКО-да немесе портал арқылы ресімделген құжаттардың дайындығы туралы SMS хабарлама келеді.
Оқи отырыңыз: Ғалымжан Оразымбет: "Цифрлы Қазақстанның" бар кемшілігін пандемия көрсетіп берді
№6. ХҚКО-ға кезекті броньдау үшін базаға тіркелу міндетті ме?
1414 бірыңғай байланыс операторына қоңырау шалу арқылы броньдау үшін ЖСН мен ыңғайлы уақытты, қажет қызмет түрін айту жеткілікті. Бұл ретте мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы шарт емес.
Алайда eGov порталы мен @Kenes1414Bot арқылы кезекті броньдау үшін телефон нөміріңіз мобильді азаматтар базасына тіркелген болуы тиіс.
№7. Базаға тіркелген нөмірді өзгертуге бола ма?
Иә. ЭЦҚ арқылы жеке кабинетке еніп, жеке мәліметтер жазылған жерде телефон нөмірін ауыстыруға болады. ЭЦҚ болмаған жағдайда eGov порталында "Виртуалды ассистентпен" байланысып, жаңа нөмірді тіркеуге болады.