Кеш сөйлеу кекештікке әкеледі. Бала тілі ерте шығу үшін не істеу керек?
Бала тілінің дамуына ортасы, яғни ата-анасымен, үйдің үлкендерімен, құрдастарымен байланысы әсер етеді.Қазақстандық отбасылық дәрігерлер қауымдастығы соңғы уақытта балалардың тілінің кеш шығуына байланысты логопед мамандарға сұраныс артып отырғанын хабарлады. Бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болуы қажет. Ал 2 жаста 300-дей сөзді айтып, ал 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы тиіс. Өкініштісі, мұндай қабілетке ие балалар қатары сиреп келеді.
"Кішкентай балаларда сөйлеу мен тілдік дағдылар бұзылыстары болған жағдайда бұлар оның болашақта мектептегі үлгеріміне теріс әсер етеді, бұл кемшіліктерді арнайы маманмен бірге қалпына келтіру де қиын болады. Бірқатар зерттеулер көрсеткендей, екі жарым жастан бес жасқа дейінгі аралықта сөйлеу дамуы кешеуілдеп қалған балалар мектептің бастауыш сыныптарында оқу дағдысын үйренуден қиналады. Бес жарым жасқа толған балаларда сөйлеу және тілдік дағдылар кемістіктері сақталған болса, бұлар мінез-құлқы бұзылыстарына және әлеуметтік бейімделу қиындықтарына соғуы мүмкін", – делінген Қазақстандық отбасылық дәрігерлер қауымдастығы таратқан хабарламада.
Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Мәселен, бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қорқып секем алудан тұтығуы да мүмкін.
Оқи отырыңыз: Бала денсаулығы қымбат па, әлде сапалы білім бе? Сараптама
Бұл жағдайға мән беріп, дер кезінде мамандардан кеңес алып отыратын ата-аналар да бар, керісінше 4-5 жасқа дейін "өзі шығады" деп күтіп, баланы психикалық даму тежеулігіне жеткізетіндері де бар. Өйткені сөйлеу әрекеті де адамның еске сақтау, зейіні, ойлау қабілеті сияқты жоғарғы психикалық функциясы қатарына жатады. Аты аталған психикалық процестердің біреуі бұзылса, оның кері әсері де басқа процестерінен көрініп отырады.
Жоғары дәрежелі логопед Гүлжәмила Әбдірайымова ата-аналарға балаларының тілі ерте шығып, сөйлеу қабілеті дұрыс жетілуі үшін 4 кеңес берді:
№1. Бала жастан асқанша емізіңіз
Ана сүтін емген бала тез қуаттанады және омырауды сору кезінде баланың ауыз қуысындағы бұлшықеттер тез әрі жақсы дамиды. Ал бала емізіп отырып анасы бесік жырын айтса, тіпті пайдасы зор. Өйткені бұл уақытта бала мейірімге бөленіп, өзін қауіпсіз әрі жайлы сезініп, ақпаратты тез қабылдайды.
№2. Сәбиге бесік жырын айтыңыз
Ал бала үлкейе келе онымен көп әңгімелесіңіз. Бұл баланың есту қабілетін, түйсігін дамытады. Бесік жырын айтқан кезде бала естіген дыбысына еліктеп, соны қайталайды. Бесік жырларының басты ерекшелігі – онда жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, қатаң-ұяң-үнді дыбыстардың барлық түрі қамтылған. Тиісінше, әрбір дыбыс түрін есту арқылы бала анық сөйлеуге бейімделеді. Бұл баланың кейін кей дыбыс түрлерін дұрыс айта алмауының алдын алады. Сондай-ақ, баламен көп әңгімелесу арқылы да оны еркін сөйлеуге дағдыландыруға болады.
№3. Баланы сүйек не құрт мүжуге әдеттендіріңіз
Анасының омырауын ему кезінде әбден жаттыққан балалардың ауыз қуысындағы бұлшықеттері қалыпты тамақ жеу дағдысына көшкеннен кейін аздап әлсірейді. Ал бұлшықеттің жақсы жетілуі сөйлеуге тікелей әсер ететіндіктен, оны жаттықтырып тұру қажет. Бұл ретте сүйек мүжу не құрт жеу, тіске зиян келтірмейтін өзге де кепкен жеміс-жидектерді жеу, қатты тамақ өнімдерін шайнау өте пайдалы.
№4. Баланы ұрудан аулақ болыңыз
Балалардың сөйлеу дағдысы қалыптасатын кезеңде оның психикалық дамып-жетілуіне абай болу керек. Бұл кезеңде оны ұрып-соғу не дөрекі сөйлеу баланың тұйықталып, сөйлеу дағдысының бұзуылуына әкелуі мүмкін. Жалпы, бұл жат әдет бала дамуының қай жағына болмасын зиянды екенін ұмытпаңыз.
Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?
Бұлардан бөлек, келесі кеңестерді де есте ұстаған абзал:
- Жиі-жиі күлімдеп, көзіне қараңыз және баламен дүниеге келген сәттен бастап жиі сөйлесіп жүріңіз. Сәбилер әлі сөйлей алмаса да, олар тілді естіген дыбыстары арқылы біле бастайды.
- Сәбилер мен балаларға кез келген тәсілмен жауап беруге уақыт бөліңіз.
- Ұстап тұрған заттарға балалардың назарын аударыңыз, ол туралы айтып беріңіз.
- Баламен сөйлескенде, көптеген түрлі сөздер мен ұсыныстарды пайдаланыңыз.
- Қарым-қатынас кезінде балалардың айтқанына көп уақыт пен назар бөліңіз.
- Жаңа сөздердің мағынасын есте сақтау үшін бұл сөздерді балалар білетін адамдармен, заттармен және белгілі жерлермен байланастырыңыз.
- Кітапты оқу, тіпті қарапайым кітаптарды оқу балаларға әр түрлі тілдерді үйренуге көмектеседі.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2 жасқа дейін балаларға сандық құрылғыларды пайдалануға және теледидарды көруге рұқсат бермеуді ұсынады, өйткені олар сөйлеу және әлеуметтік дағдылардың қалыптасуына жауапты бас миындағы орталықтардың жетілуіне теріс әсер етеді.
Қандай жағдайларда дәрігердің көмегіне жүгіну қажет?
- 6 айға толған бала, ересек адаммен көзіне қарап сөйлесе алмауы;
- 6 айға толған бала, басқа адаммен қарым-қатынасқа келгенде күлімдемейді немесе басқа да жылы, қуанышты көңіл-күйді білдіртпейді (әсіресе жақын адамдарға);
- 9 айға толған бала, басқа адамдармен дыбыс шығару, күлімсіреу немесе бет әлпетінен басқаша көңіл білдіру арқылы қатынасқа келмеуі;
- 12 айға толған, бала былдырлап сөйлемеуі;
- 12 айға толған бала, саусағымен нұсқап көрсете алмауы және қол бұлғамауы;
- 12 айға толған бала, атын атағанда бұрылып қарамауы, назар аудармауы;
- 16 айға толған бала, ешқандай сөздерді айта алмауы;
- 18 айға толған бала, қарапайым және таныс нұсқауларды қолданбауы;
- 24 айға толған бала екісөзді саналы сөйлемдерді пайдалана алмайды (еліктеу немесе қайталау емес) және 50-ден кем сөздерді ғана айтады;
- 30 айға толған бала қарапайым сұхбатқа келе алмайды (мысалы, сұрақ-жауап), өздігінен сұрақ қойып тілдесе алмайды;
- Кез келген жаста кез келген тілдік немесе әлеуметтік дағдыларды (мысалы, көзбен көру арқылы байланысты) жоғалту.