Ал 2018 жылы сот арқылы тіркелген әкелік парызын өтеуден қашып-пысқандардың саны 1786-ға жетті.

Алименттен қашып жүргендер бұдан да көп

Бала омбудсмені қызметін қоса атқаратын сенат депутаты Сәуле Айтпаеваның үкіметке жолдаған сауалындағы деректерге келсек.

2018 жылы сот орындаушылары 248 087 құжаттың небәрі 25%-ын, ал 2019 жылдың 3 айында 201 739 құжаттың 8%-ын ғана орындаған.

Сот орындаушы салғырт па, әлде заң осал ма?

Осыдан көріп отырғанымыздай, атқару тәртібі өте төмен. Бір әке бірнеше балаға берешек болуы мүмкін. Ал балалардың мәселелерімен айналысушы мемлекеттік органдар алиментке күн көретін балалардың нақты санын дәл білмейді. Ресми есептерде алимент бойынша берешектің шынайы сомасы көрсетілмейді.

Жеке сот орындаушыларының Алматы өңірлік департаменті төрағасының орынбасары Айбын Өтегенов "жеке орындаушылар алименттік істер бойынша атқару өндірісін орындауға мүдделі емес" деген омбудсмен пікірімен келісе алмайды.

Сот орындаушыларының қызметіне ақы қалай төленеді?

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу тәртібі үкіметтің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437-ші қаулысымен бекітілген. Ақы борышкерден өндіріп алынған қаражат есебінен жүргізіледі.

Сот орындаушысы Мәдина Жаңасаеваның түсіндіруінше, ол былай есептеледі:

Жалпы борыш сомасы 1 АЕК-ке бөлініп, кестеге сәйкес пайыз мөлшері анықталады. Сосын жалпы борыш сомасы өндіріп алу пайызына көбейтіледі.

Берешек сомасы жоғары болған сайын пайыз мөлшері төмендейді. Берешегі азайған сайын жоғарылайды. Пайыз мөлшері үкіметтің қаулысында көрсетілген.

Мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқару құжаттары бойынша олар төмендегі сомада есептеледі:

  • 60 АЕК-ке дейін – өндіріп алынатын соманың 25 пайызына дейінгі мөлшерде;
  • 60-тан 300 АЕК-ке дейін – өндіріп алынатын соманың 20 пайызына дейінгі мөлшерде;
  • 300-ден 1000 АЕК-ке дейін – өндіріп алынатын соманың 15 пайызына дейінгі мөлшерде;
  • 1000-нан 5000 АЕК-ке дейін – өндіріп алынатын соманың 10 пайызына дейінгі мөлшерде;
  • 5000-нан 10 000 АЕК-ке дейін – өндіріп алынатын соманың 8 пайызына дейінгі мөлшерде;
  • 10 000-нан 20 000 АЕК-ке дейін – өндіріп алынатын соманың 5 пайызына дейінгі мөлшерде;
  • 20 000 АЕК-тен жоғары – өндіріп алынатын соманың 3 пайызына дейінгі мөлшерде.

Мысалы, берешек сомасы 111 800 теңге болса, онда: 111 800 : 2525 теңге (2019 жылғы АЕК мөлшері) = 44 АЕК. Яғни, өндіріп алынатын соманың 25%-на дейінгі мөлшерде ақы белгіленеді. Демек, 111 800 х 25% = 27 950 теңге сот орындаушысының алатын ақысы.

Бірақ ол баланың алдындағы берешек толық өтелген соң ғана өндіріп алынады. Сондықтан бұдан басқа, атқару құжаты борышкердің жұмыс орнында жатқан кезде мекеме істі жүргізуші жеке сот орындаушысына әр тоқсан сайын 1 АЕК мөлшерінде тағы да қосымша ақы аударып отыруға міндетті.

Сот үкімінің орындалмауына не себеп?

Жеке сот орындаушысы борышкерді үкімді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сотқа ұсыныс енгізе алады. Ондайда әкімшілік айыппұлдың мөлшерін сот төрешісі айқындайды. Немесе борышкерге айыппұлдың орнына 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Айбын Өтегеновтың айтуынша, заң осал. Тек бір ғана Алматыда қазіргі күні сот орындаушыларының қарауында алимент өндіру туралы 9085 іс жатыр.

– Борышкер бар мүлкін туыстарына рәсімдеп қояды. Өзі қымбат көлік мініп, соңғы үлгідегі смартфон ұстап жүреді. Барып алимент талап етсең, барым осы деп 5 мың теңге береді. Сосын біз ішкі істер органдарына ұсыныс жазамыз. Ал олар алимент секілді істер бойынша есепті болмағандықтан, оны аяғына жеткізуге асықпайды. Әкімшілік іс қозғағанның өзінде борышкер бар-жоғы 2 күн қамауда отырып, аз-мұз айыппұл төлеп шығады, – дейді орындаушы.

Әкелік парыздан жалтарудың мысалы

Бұл оқиға жуырда болды. Үш жасар Рауанның әкесі Тараз сотының шешімімен 2016 жылдан алимент төлеуі тиіс. Бүгінде берешегі – 430 мыңнан асады. Ол таяуда Нұр-Сұлтан қаласынан табылып, сот шешімімен 2 күнге әкімшілік қамауға алынды. Ол сот актісін орындамау себебін жұмыссыздықпен түсіндірген. "Бала – менің ұлым емес" деуге де шімірікпеді.

Егер ол сотта қасарысып отырып алса, ДНҚ анықтауға бағытталған зерттеу жүргізуге тура келер еді. Осындайда зерттеудің ақысын кім төлейтіні тағы белгісіз.

Сенатордың ұсыныстары

Заңдағы ақтаңдақтарды жою үшін Сәуле Айтпаева мынадай ұсыныстар жасады:

  • Азаматтар сот орындаушысының алимент өндіріп алу ісі бойынша жұмысын электрондық құжат бойынша қадағалап отыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс
  • Мемлекеттік қызметтердің бірыңғай порталында жеке кабинет ашу арқылы онлайн режимде атқару өндірісінің барысы туралы тараптарды хабарландырып отыру жүйесі құрылуы тиіс;
  • Тараптар дәл осындай режимде кредиттік ұйымдарға жолданған сұратуды, жылжымайтын мүлік нысандарын тіркеу іс-әрекеттерін жүргізуге тыйым салу туралы қаулылар мен электрондық түрдегі мекемеаралық сұратуларды, борышкер қай жерде, қандай мерзімде, қанша қаржы алатыны туралы зейнетақы қорына сұратуларды қадағалап отыруы қажет.
  • Қылмыстық қудалау органдары тарапынан қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы таныстыру қабылдамау, істерді уақытылы қарамау және басқа да заң бұзушылық бойынша өздеріне белгілі деректерді сот орындаушылары тиісті прокурорлардың назарына дер кезінде жеткізіп отыруы қажет.
  • Алименттер бойынша берешекті өндіріп алу існ шешу үшін жергілікті атқарушы билік органдарының алименттен берешегі бар тұлғаларға квота белгілеу құзыретін кеңейту бойынша "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • Алимент мөлшерін келесі түрде құрылған арнаулы кесте (таблица) бойынша анықтауды: ата-анасын кіріс мөлшеріне сәйкес топтарға бөлуді, ал балаларды жасына сәйкес (ясли және мектепке дейінгі жастағы, орта және жоғарғы сынып оқушылары) төрт топқа бөлуді ұсынады.

Алименттің ең жоғарғы мөлшері баланың жасына және кіріс мөлшеріне қарай анықталуы тиіс. Сонымен бірге, бұл кестеде денсаулық бойынша шығындардың жоғарылығына байланысты төлем жоғары болатын ерекше сұранысы бар балалар санатын да ескеру қажет, делінген.

Алимент деген не? Оның қандай түрлері бар

Алимент сөзі латын тіліндегі alimentum – тағам, асырап-бағу дегенді білдіретін сөзден туындаған. Оның мақсаты – отбасының еңбекке қабілетсіз және көмек қажет ететін мүшелерін асырау. Баланы асырау – ата-анасының заңмен бекітілген міндеті, бұл жерде ата-анасының некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы да мүлде маңызды емес.

Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінің" 6-бабына сәйкес, балаға алимент ретінде тиісті сома баланың ата-анасына немесе басқа заңды өкілдеріне түседі және баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне шығындалады.

Алименттің ең көп таралған түрі – баланы асырауға төленетін төлемдер. Сондай-ақ, балалардың анасына, өзін асырай алмайтын зайыбына және ересек адамның өз ата-анасына төлейтін алимент те бар.

Алимент сот шешімімен немесе тараптардың келісімімен төленеді. Алимент төлеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрде нотариуста куәландырылады.

Егер келісімге келу мүмкін болмаса немесе тараптардың бірі алименттерді төлеуден бас тартса, онда сотқа өтініш беріп, алименттерді мәжбүрлі төлеткізуге болады. Ол үшін жауапкер-ері немесе зайыбының тіркелу орны бойынша сотқа талап арызбен жүгіну қажет (ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің 32-бабына сәйкес).

Алимент мөлшері әділ ме?

Алимент сот тәртібімен өндірілгенде, кәмелетке толмаған балаларға өндіріп алынатын төлем мөлшері төлеушінің жалақысына үлестік қатынаста айқындалады. Кәмелетке толмаған бір балаға ата-анасының айлық жалақысының не өзге де табыстарының төрттен бір бөлігі, екі балаға – үштен бір бөлігі, үш және одан да көп бала үшін – тең жартысы мөлшерінде.

Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек оны өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізінде алынуы тиіс. Бұл – қазір шамамен 143 мың теңгеге тең. Борышкерлер мұндай соманы төлегісі келмейді.

Төлеушінің кірісін жасыру үшін жалған ақпарат жиі беріледі және көбінесе 42 500 теңге мөлшеріндегі Ең төмен жалақы көрсетіледі. Осылайша, алимент ретінде бір балаға 10 625 теңге, екі балаға 14 167 теңге, үш және одан көп балаға 21 250 теңге төленеді.

– Осылайша, ата-анасының өз балалары үшін жауапкершілігінің мөлшері айына ең аз күнкөріс минимумынан (26 915 теңге) да төмен. Қазіргі жалақының үлестік арақатынасына шаққан алимент өндіріп алу жүйесі баланы толыққанды қамтамасыз ете алмай отырғандықтан, баланың ерекше сұранысын қамтамасыз ете алмайтындықтан, төлемді өндіріп алуға қатысты көзқарасты өзгертіп, оның ең жоғарғы белгіленетін мөлшерін анықтауды сұраймын, – дейді С.Айтпаева.

Егер алимент төлеуші ата-ананың жалақысы не өзге де табыстары мүлде болмаса, алимент мүлік түрінде өндіріп алынады. Ата-аналардың табыстары және мүліктері болып, оны олар жасырған жағдайда күшпен мәжбүрлеп өндіріп алу қолданылуы немесе алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Алиментті жалақыдан ұстау борышкер жұмыс істейтін ұйым бухгалтерінің басшылығында болады. Оны ұстау және аудару үшін мына құжаттар негіз болып табылады:

  • Нотариалды расталған келісім;
  • Сот бұйрығы немесе атқару парағы.

Алимент төлеушінің өзге табысынан немесе еңбекақысын алғаннан кейін 3 жұмыс күнінен артық емес мерзімде аударылуға тиіс. Сот орындаушысы алименттерді ұстау дұрыстығын және мерзімін бақылауды жүзеге асыруы тиіс.

Алиментке қатысты басқа да проблемалар

– Ал қазір сот жолдаған атқару парақтарын сот үкімін орындаушылар алмай қалады, тиісінше, атқару өндірісі қозғалмайды. Осылайша іздеуге көп уақыт жұмсалады. Атқару өндірістерінің 80-90%-ы жеке сот орындаушыларының үлесінде. Сондай-ақ, түрмелерде жазасын өтеп жатқандардан алимент өндіріліп алынбайды. Жергілікті деңгейде алимент өндіріп алу жөніндегі сұратулар көп жағдайда жауапсыз қалады. Балалардың мүліктік құқықтарын қорғау бойынша ата-аналардың, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіру жұмыстары тиісті түрде жүргізілмейді, – деп санамалай келе, сенатор бұл мәселеге назар аударуды Асқар Маминнен сұрады.