Либерализм дағдарысы. Сараптама
The story of two fish swimming together. The older fish swims by and says "Morning boys, how’s the water?" After the old fish swims away, one says to the other, "What the hell is water?"
***
Бірге жүзіп бара жатқан екі балықтың оқиғасы. Ересек балық қарсы жақтан жүзіп бара жатып: "Қайырлы таң, жігіттер. Су қалай екен?" деп сұрайды. Ересек балық жүзіп өткеннен кейін, екі балықтың біріншісі екіншісіне: "Су дегені тағы несі?" деді.
АҚШ-тағы қара нәсілді азаматтардың құқығын таптамау мақсатында басталған көтерілістер әлі де саябырсыған жоқ. Осы жайлы көп ойландым. Басында, осындай шерулер арқылы қоғамда теңдік орнайды деп ойлаушы едім. Ал шеруге шыққандар Христофор Колумбтың, Томас Джефферсонның және Джордж Вашингтонның монументтерін құлатқаннан кейін мұнда мен түсінбейтін бір дүние бар екенін пайымдай бастадым. Сөйтсем, ол либеризмнің дағдарысы екен.
XVII-XX ғасырлар аралығында Еуропа нағыз идеологиялардың дүниеге келген ошағы болды. Олардың ішінде айтарлықтай көзге түскені немесе жаппай қолданысқа (эксперименталды түрде болса да) енгені коммунизм, нацизм және либерализм болды. Әрине, мұны социализм (немесе социал демократия), марксизм, либертарианизм, анархизм, консерватизм, национализм сияқты "измдерге" бөліп қарастыруға болады. Бірақ, олардың барлығы осы үш идеяның ішіне кіріктіріледі. Аталған үш идеяның екеуі XX ғасырда эксперименталды түрде басталып, дағдарысқа ұшырап үлгерді.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тағы протестер: мотив және провокация. Сараптама
Бірі Гитлер бастаған национал-социалистердің нацизмі болса, екіншісі Ленин мен Троцкий бастаған коммунизм болды. Білсеңіздер, коммунистер билікке келген күннен бастап, бұрынғы империалистік белгілер мен императорлардың монументтерін жаппай құлатты. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі тарихты оқытпауды шешті. Ал "Үшінші Рейхті" құрғысы келген Гитлер 1933 жылы билік басына келгенде, "ариялық ұлт" болуға еліктеген университеттердегі студенттер либерал, коммунистік не социалистік көзқарастағы профессорларын соққыға жығып, сол идеялар дәріптейтін кітаптарды жаппай өртеген.
Брэдберидің "Фаренгейт 451" еңбегі де, Оруэллдің "1984-і" де нацистік Германиядағы "кітап өртеу" репрессиясынан кейін туындаған. Ал неолибералдардың алдыңғы шебіндегі ғалымы Фридрих фон Хайек өзінің "The Road to Serfdom" еңбегінде социализмнің тоталитаризмге алып келетінін нақты тезистермен дәйектейді. Хайек еркін нарық принципін қолдаушы ғалым еді. Оның ойынша, үкімет нарыққа мейлінше аз араласуы керек.
1930 жылдардағы Германия мен КСРО-дағы жоспарлы экономика мен қоғамдық меншік (public ownership) сынды практикалық идеялары либералды, яғни еркін экономиканың табиғатына қарсы болды. Бірақ, 1930 жылдары АҚШ-та болған "Ұлы депрессия" дағдарысынан кейін "еркін нарық" емес, "бақылаудағы нарық" маңыздылығы арта түсіп, Гитлер мен Муссолиниді, тіпті КСРО-ның экономикалық саясатын қолдайтындар көбейді (Мысалы, Генри Форд. КСРО-да алғашқы көлік зауытын салуға көмектескен). Бірақ, көп өтпей екі ел де тоталитарлық режимге айналғаны белгілі. Хайектің ойы дөп келді.
Оқи отырыңыз: Табынған мен таптаған
Әңгімені афро-америкалықтардың құқықтарын қорғау мақсатында жасалып жатқан протестерден бастап, Хайек пен экономикаға алып келгенім бекер емес. Себебі, либерализмнің бастауы тікелей осы экономикаға байланысты. Либерализмнің негізін салушы ағылшын философы Джон Локк "либералды құқық" деп [вертикалды билік, империализм заманында] соғыс не жаулап алушылық жағдайында жеке индивидумның өз меншігін сақтай алуы деп түсіндірген. Яғни либералды құқық жеке тұлғаның өз меншігіне қатысты құқығынан бастау алады. Сосын бұл идеяның принциптеріне еркін нарық, нәсіл теңдігі, діни еркіндік, ер мен әйел теңдігі, дәстүрлі емес бағыттағы адамдардың құқықтары және тағы басқасы кіріктірілді.
Либерализмнің нағыз дәуірі КСРО ыдырағаннан кейін басталды. Кеңес Одағы либералдардың қысымынан емес, экономикалық және идеологиялық құндылықтардың дағдарысынан құлады. Бірақ либерализм мұны жеңіс деп қабылдады. 1991-92 жылдардан плюралистік қоғам құру мен жаһандану процестері кеңінен насихаттала бастады.
Бұл алған беті жөн делік. Бірақ, Флойд Джордж өлімінен кейін бейбіт шеруге шыққандар коммунистер мен Гитлерге табынушылар сынды бүгінгі күнге дейінгі тарихты ысырып тастауды талап етуі, және күшпен сол әрекеттерге баруы либерализмнің радикалданғанын білдіреді.
Марк Твеннің "Том Сойердің басынан кешкендері" АҚШ әдебиеті тарихындағы ең ұлы жеті романның бірі. Бірақ оны қазір қоғамдық кітапханалардың сөрелерінен таппайсың. Себебі кітапта "негр" сөзі өте көп рет қолданылған екен. Ол қазіргі таңда саси дұрыс сөз болмағанымен, Марк Твен өмір сүрген кезде олай емес еді. Соны ұғынып, керісінше ұрпаққа дұрыс дәріптеудің орнына, әдеби құнды еңбектен бас тартуды либералдардың "толерантсыздығы" деп түсінуге болады. Бұл толерантсыздық либералдар дағдарысының бастауы.
Оқи отырыңыз: Трамп рейтингі неге төмендеді? АҚШ-тағы сайлау алдындағы науқанға сараптама
Енді либералдар плюрализм мен теңдікке шақырмайды. Олар енді талап етеді. Талап еткені орындалмаса, күшпен орындайды. Либералдардың толерантсыз көзқарасымен қарайтын болсақ, бүкіл әлем тарихындағы жаулап алушы империалистерді, яғни адам теңдігіне қарсы келген вертикалды билік (король, император, царь, сегун, хандар және өзгелер) жүйесі мен оған байланысы бар кез келген мәдени құндылықты жоюымыз керек. Нақтырақ айтсақ, Лувр, Колизей, Ұлы Қытай қорғаны, Мысыр пирамидалары сынды барлық мәдени негізден, өткенімізді танытатын тарихтан бас тартуымыз керек.
Осы жерде, мен өзімнің консервативті либерал екенімді түсіндім. Яғни, мен үшін либералды көзқарастан бұрын ұлттық және мәдени құндылықтар бірінші тұрады. Себебі либералды көзқарастың радикалды тұсы оны дағдарысқа алып келіп отыр. Ал консерватизмнің негізгі принципі – адам баласының идентификациясы. Меніңше, ең бастысы да сол. Өз идентификацияңызды жоғалтып алмауыңыз керек!