Коронавирустың күзгі толқынына дайындық. Дәрі тапшылығы тағы қайталана ма?
"СК-Фармация" ЖШС және Денсаулық сақтау министрлігі Covid-19 жұқтырған науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің тапшылығын жою бойынша қабылдаған шаралар туралы онлайн-блифинг өткізді. Іnformburo.kz жиындағы маңызды мәселелерді ұсынады.
Індеттің күзгі толқынына екі айлық дәрі қоры дайындалады
Еліміздің денсаулық сақтау саласына жауапты мамандар күздегі маусымдық тұмау ауруымен қатар қауіпті індеттің өршуіне де дайындық үстінде. Қауіпсіздік үшін ең әуелі дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталуда. Жоспар бойынша 24 млрд теңгеге стационарларда 200 мың (айына 100 мың науқас) адамды емдеуге арналған 50 түрлі аса қажетті дәрі-дәрмек сатып алынады. Бұл аурудың екінші толқыны болған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және ауруханалардың дұрыс емес жоспарлау мәселелерін шешеді дейді "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев. Оның айтуынша, қазір елде дәрі тапшылығы жоқ. Қиындық коронавирус жұқтырғандар санының күрт және болжамнан тыс өсуіне байланысты маусым айының соңы мен шілде айының басында ғана туындаған. Бұл мәселені шешу үшін шұғыл шаралар кешені жасалған.
"Шілде айының басынан бастап ауруханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шұғыл шешу үшін жоспардан тыс 2,6 млрд теңге сомаға айлық резерв жөнелтілді. 8,7 млрд теңге сомасына 40 мың науқасты емдеуге қосымша дәрі сатып алынды. 24 миллиард теңге сомасына 100 мың пациентті емдеуге арналған дәрілік заттар бойынша 2 айлық резерв қалыптастырылды", – деді Ерхат Есқалиев.
Қазір індет жұқтырғандардың емі үшін жұқпалы аурулар ауруханаларына (189 аурухана) және провизорлық орталықтарға (330 орталық) клиникалық хаттамаға енгізілген препараттардың 91 түрі жөнелтіліп жатыр екен. Қазақстанда коронавирустық инфекция пайда болған сәттен бастап 12,8 млрд теңге сомасына дәрілік препараттар алынған.
Оқи отырыңыз: Пневмониядан көз жұмғандар 2 есе артқан. Қазақстан індеттің күзде өршуіне дайын ба?
83,4 млн дана маска сатып алынады. Халыққа тегін таратыла ма?
Маска режимінің енгізілуіне байланысты отандық тауар өндірушіден медициналық масканың 5,8 млн данасын сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ өндіруге жоспарланған көлемдерді (4,6 млрд теңге сомасына 83,4 млн масканың 2 айлық көлемі) сатып алуды жүзеге асыру көзделуде. Брифинг барысында масканы бірқатар шет мемлекеттердегідей халыққа тегін тарату немесе құнын қолжетімді ету мәселесі көтерілді. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова бұл сауалдың жүзеге асуы қиын екенін, бірақ қарастыратынын жеткізді.
"Ақпан айында масканың бір данасы 15 теңге тұрды. Сол уақытта пандемия белең алып бірқатар мемелекеттер, оның ішінде Қазақстанда жеке қорғаныс құралдарын экспорттауды тоқтатты. Жеке қорғаныс құралдарын жасайтын тауар өндірушілер бізде бар. Бірақ, біз импортқа тәуелді мемлекетпіз. Олар шикізаттарын Қытайдан алады. Сол кезеңде шикізат қолжетімсіз болғандықтан, нарықта маска тапшылығы болды. Сондықтан бетперденің бағасы өсіп кетті. Мемлекет медициналық құралдардың бағасын реттемейді. Масканың бағасы бұрынғы қалпына келмейді, бірақ біз отандық өндірушілермен келісім жүргізудеміз, оның бағасын 60 теңгеге түсіруді жоспарлап отырмыз", – деді Людмила Бюрабекова.
Оқи отырыңыз: Үйден тыс жерде маска тағу міндеттелді. Тәртіп бұзғандар айыппұл төлейді
Үйде емделетін науқастарды дәрімен қамту үшін 8,6 млрд теңгеге препарат сатып алынады
"СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев Қазақстанда коронавирусты үйде емдеу үшін 8,6 миллиард теңгеге бес міндетті дәрі сатып алатынын хабарлады. Олар:
- қабынуға қарсы препараттар – парацетамол мен ибупрофен;
- антикоагулянттар – ривароксабан, апиксабан және дабигатран.
Қазір сатып алу рәсімдері аяқталуда. Бұл көлем 1 млн науқасты қажетті препараттармен қамтамасыз етуге жеткілікті.
"Көптеген адамдарда ауру жеңіл немесе орташа ауырлықта жүреді, бірақ медициналық көмекті қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты диагностикалау және емдеу хаттамасына амбулаториялық деңгейде емделіп жатқан науқастарға арналған бес препаратты енгізуді мақұлдады", – деді Ерхат Есқалиев.
Бұл шара инфекциялық және провизорлық орталықтардағы жүктемені азайтуға, Covid-19 жеңіл түрін амбулаториялық деңгейде емдеуге, стационарлық емдеуге кететін мемлекет шығындарын азайтуға мүмкіндік бермек.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейінгі оңалу. Ағзаны сауықтыруға арналған 5 пайдалы кеңес
Вирусқа қарсы вакцинаны ең әуелі созылмалы аурулары бар науқастар алады
Коронавирусқа қарсы вакцина әзірге пайда болмаса да Денсаулық сақтау министрлігі екпенің бағасын есептеп қойған. Ведомство өкілдері Covid-19 індетіне қарсы вакцинаны сатып алу үшін көлік шығындарын есептемегенде 18 млрд теңгеге дейін қажет болатынын жеткізді. Олардың айтуынша, Gavi бағалауы бойынша вакцинаның бір дозасының құны 10 доллардан 20 долларға дейін – 4 142 теңгеден 8 284 теңгеге дейін тұрады. Қазақстанда вакцинациялауға жататын азаматтардың саны 2 182 000 адамды немесе елдің барлық халқының 11,5%-ын құрайды. Қауіп төнген халық вакцинаны тегін алады. Бұл созылмалы аурулары бар, соның ішінде 65 жастан асқан адамдар, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, созылмалы обструктивті өкпе ауруына шалдыққандар. Сондай-ақ медицина қызметкерлері де бар.
"Денсаулық сақтау министрлігі тегін екпені алушылардың шеңберін 20% – ға дейін кеңейту мүмкіндігін қарастырып, олардың қатарына созылмалы аурулары бар, диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерді, жабық мекемелердегі балалар мен қызметкерлерді және басқа да санаттарды қосу мүмкіндігін қарастыруда", – деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Бағдат Қожахметовтың айтуынша, Қазақстан коронавирусқа қарсы екпені Қытай, Ресей немесе өзге мемлекеттен алады деген ақпарат жалған. Бұл індетке қарсы вакцина дайын болғанда, министрлік оның тек тиімділігін көрсеткенін және ДДСҰ ұсынған түрін алатынын жеткізді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталуда. 3 тамыздан бастап елде не өзгереді?
2021 жылы не күтеміз? Елде дәрі тапшылығы болмай ма?
Ерхат Есқалиевтың айтуынша, 28 шілдеде 2021 жылға арналған Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттардың тізімі шықты. Тізімге 1421 атау кірді, оның ішінде 1 015 дәрілік препарат және 406 медициналық бұйым бар. Қазір медициналық ұйымдар өздерінің келесі жылға арналған болжамды қажеттілігін қалыптастыра бастады. ЕФИС ақпараттық жүйесінде өңірлермен өтінім беру науқаны ашылды. Апта соңына дейін қажеттілік қалыптасып, келесі аптада сатып алу рәсімдері басталады. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында барлық қажетті дәрі-дәрмектер қоймаларға жеткізіледі екен.