Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Коронавируспен күреске бөлінген қаржы тиімді игерілген жоқ

Қазақстанда коронавируспен күреске 6 триллион теңге бөлінді. "Сұңқар" медициналық орталығының басшысы Қуаныш Керімқұловтың айтуынша, бұл қаражат індетті түбегейлі тоқтатуға жетуі тиіс болған. Бірақ, Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан басқару тиімді жүргізілмей, бөлінген ақша желге ұшқан.

"Індет Қазақстанға жеткенше Үкіметке дайындалуға алты ай уақыт болды. Бірақ, бөлінген ақша тиімді игерілмеді. Егер сол ақшаны жекеменшік емханаларға қарызға бергенде, кейін мемлекет қазынасына қайтып келетін еді. Екіншіден, біз эпидемияның таралуына жол бермей, ұстап қалар едік. Жеке емханаларға бір тиын да берілген жоқ. Мемлекет жекеменшік емханаларға қаражат бөліп, "дайындалыңдар" деген шарт қойған кезде қазір сондай мекемелердің барлығы індетпен күреске тас-түйін дайын отыратын еді. Бізге қаржы бермеген соң, біз мүлдем дайындалмадық", – деді ол.

Ал "Міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қоры" Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев бұл пікірмен келіспеді. Оның ойынша, Үкімет дұрыс шешім қабылдаған және соның арқасында алғашқы айларда қауіпті аурудың бірден өршіп кетуінің жолын кескен.

"Денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдарды қайта қарап, инфекциялық, провизорлық және карантиндік орындардың санын өсіруге, дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Індетті тек денсаулық сақтау саласы ғана тоқтатады деген ұғым да қате. Бұған бүкіл мемлекет, қоғам болып, жергілікті атқарушы органдарды араластыра отырып күреспесек, атқарып отырған істердің барлығы толық нәтиже бермейді. Жергілікті атқарушы органдардың жасаған жұмыстарының арқасында біз індеттің алғашқы толқынында екі ай көлемінде бұл ауруды ауыздықтап отырдық", – деді Тілеухан Әбілдаев.

Оқи отырыңыз: Дене қызуы көтерілсе, қалай түсірген жөн және үй жағдайында емделген дұрыс па? Дәрігер кеңесі

ПТР-тест құны қымбат. Неге?

Қазақстанда адам ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР-тест құны шарықтап тұрғаны жасырын емес. Жеке және мемлекеттік зертханалардағы ақылы ПТР-тесттің бағасы 11 мың теңге мен 20 мың теңге аралығында. Қуаныш Керімқұловтың айтуынша, бұл қолдан жасалған қымбатшылық. Ал шын мәнінде мұндай тексерістің бағасы 3 500 теңгеден аспауы қажет.

"Біздің мекемеде қазір ПТР-тесттің бағасы 8 500 теңге. Наурыз айында жекеменшік мекемелер Үкіметке ПТР-тесттің кем дегенде 6 миллионын алып қояйық деп ұсыныс жасадық. Бірақ, "сендердің қолдарыңнан келмейді, сендерге беруге болмайдыға" келтіріп рұқсат бермеді. Егер сол кезде рұқсат еткенде қазір мұндай тесттің құны 3 500 теңге болатын еді", – деді "Сұңқар" медициналық орталығының басшысы Қуаныш Керімқұлов.

Ал Тілеухан Әбілдаев ПТР-тест әлемнің қай түкпірінде болмасын арзан тұрмайтынын айтады. Ол мұндай талдау жасау тыңғылықты дайындықты, мінсіз құрылғыларды, білікті мамандарды, арнайы қорғаныш киімдерін киюді талап ететінін тілге тиек етті. ПТР-тестпен жұмыс істеу үшін кез-келген ғимарат жарай бермейді, зертхана СЭС мамандарынан арнайы рұқсат алуы керек. Тиісінше, зертханаға қойылатын талаптардың өзі қатаң: отырған орындары, желдету жүйесі, герметизациясы мінсіз болуы қажет. Әйтпесе сол зертхананың өзі аурудың ошағына айналады.

"11 500 теңге министрліктің оныншы бұйрығымен бекітілген баға. Бұл бағаны бекітердің алдында зертханада жұмыс істейтін әрбір адамның жалақысын, зертхананың күтімін, коммуналдық шығындарын ескерген. Қосымша пайда тауып қалу деген жоқ. Екіншіден, әр зертхананың ПТР-тесттің құнын қымбаттатуы олардың қай мемлекеттің рекативтерін пайдаланып отырғанына байланысты. Мысалы, бір зетхана Еуропаның реактивін қолданса, ендігісі Ресейдің, Қазақстанның, Қытайдың реактивтерін пайдалануы мүмкін. Сондықтан сатып алып отырған реактивтің бағасына да байланысты", – деді маман өз сөзінде.

Оқи отырыңыз: Жаназа және құдайы ас. Індет кезінде бұл рәсімдерді өткізуде қандай талаптар сақталуы тиіс?

МӘМС арқылы ПТР-тестті тегін жасатуға бола ма?

МӘМС қоры Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қорға жарна аударып жүрген азаматтар ПТР-тестті мемлекеттік зертханаларда тегін жасата алады. Бірақ, науқастың қолында денсаулығы шынымен сыр бергенін айғақтайтын дәрігердің берген жолдамасы болуы шарт.

"МӘМС арқылы ПТР-тестті қауіпті топқа кіретін мамандар тегін жасата алады. Ал 18 млн халықты бірден тегін тесттен өткізетін болсақ, оған қордың да, мемлекеттің де ақшасы жетпейді. Респираторлық аурулары бар, жөтеліп, дене қызуы көтеріліп ауырып жүрген адамдар өздерінің тіркелген емханалары арқылы дәрігердің жолдамасымен тегін тест жасатуларына болады", – деді ол.

Тілеухан Әбілдаевтың дерегінше, МӘМС қорына 2017 жылдың шілде айынан бастап, биылғы жылдың мамыр айына дейін 367 млрд теңге қаржы жиналған. Қаражат халықтың әртүрлі топтарына ауруларына сәйкес жаратылып жатыр.

Оқи отырыңыз: 42 500, блок бекет, ПТР-тест. Карантиннің жаңа шараларына қатысты маңызды 7 сұраққа жауап

Коронавирусқа қарсы вакцина қашан жасалады?

Отандық ғалымдар қауіпті вирусқа қарсы интраназальды, яғни мұрынға тамызу арқылы қолдануға арналған нано-вакцина әзірлеп жатқандарын мәлімдеген болатын. Оның қашан қолданысқа берілетініне қатысты Халықаралық вакциналогия орталығының жетекшісі Қайсар Табынов жауап берді. Маманның сөзінше, халықаралық тәжірибеге сай бұл екпе орта есеппен он жылдан соң қолжетімді болады.

"Осы инфекцияның пайда болғанына алты айдан астам уақыт өтті. Кез-келген емдік препарат болсын, вакцина болсын бірден жасалмайды. Вакцина сау адамға салынатын нәрсе және оны миллиондаған адам бірден алады. Осындай кезде екпе қауіпсіз болмаса, қандай жағдай болады? Сол үшін біз асықпай, детальді түрде терең зерттеуіміз тиіс", – деді маман.

"Сұңқар" медициналық орталығының басшысы Қуаныш Керімқұлов бұл болжамға қарсылық білдірді. Оның пайымдауынша, бір вакцинаны әзірлеп, қолданысқа шығаруға бір жылдың өзі жеткілікті.

"Бір екпеге орта есеппен бір жыл кетуі керек. Одан артық уақыт жұмсалмауы тиіс. Әр жыл сайын жаңа тұмауға қарсы жаңа екпе жасайды ғой. Сол сияқты мұнда да көп уақыт жұмсамай, қазан-қараша айында екпе халыққа қолжетімді болуы керек", – деді ол.