Коронавируспен күрес. Үкіметтің "Б" жоспары қандай шараларды көздейді?
Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған тағы да бір науқас анықталғанын мәлімдеді. Үшінші науқас Милан қаласынан Мәскеу арқылы Нұр-Сұлтанға 12 наурыз күні келген. Лабораториялық анализ бойынша коронавирустық инфекция анықталған.
"Азамат әуежайдан тікелей карантинге жатқызылды. Бортта онымен бірге 90 жолаушы болған. Оларға да протокол бойынша санитарлық жұмыстар жасалып, тізім бойынша анықталып, карантинге алынады", – деді министр.
Оның сөзінше, шетелден оралған барлық жолаушылардың төлқұжат мәліметтері бар. Олардың арасында анкетаны дұрыс толтырмай, жасыратындар жоқ емес. Барлық аймақ карантин нысандарымен қамтылған. Алайда кейбір өңірге лаборатория жеткізілмеген. Тестілер аймақтарға енді жеткізілуде.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам тіркелді
"Б" жоспары аясындағы шаралар
Министрдің айтуынша, шетелден келген азаматтар үш топқа бөлініп, 1 786 адам мониторингке алынған. Олардың арасында:
- 1А категориясымен 1 270 азамат карантинге жатқызылды;
- 1Б категориясы бойынша 268 азамат үйінде оқшауланды;
- 2-категория бойынша 248 азамат үйінде оқшауланды.
Олардың бәрі медициналық қызметкерлердің бақылауында.
12 наурызда 361 азамат мониторингтен алынып тасталды. Қазір мониторингтегі 1 425 азаматтың 938-і карантин нысандарында. Оларға жағдайларына байланысты медициналық көмек көрсетіліп, лабораториялық тексерулер жасалып жатыр.
Оқи отырыңыз: Коронавирус себебімен қысқарған әуе рейстерінің билетін қайтару ұсынылды. Қайда хабарласу керек?
Елжан Біртанов алдын алу шаралары қарт адамдарға ғана емес, бәріне қолданылатынын айтты. Азаматтардан қолын жуып, гигиена сақтап, ОРВИ симптомы барларға маска тағып, жедел жәрдемге хабарласуын сұрады.
"Ауру көп жағдайда жеңіл, симптомсыз басталады. Орта, ауыр формалары бар. Статистика ауырған адамдардың көбі 60 жастан асқандар деп отыр. Аурудың таралуы басылмайынша адамдармен байланысуды азайтып, үйде отыру керек. Симптомдар болса, жедел жәрдем шақырыңыз", – деді Денсаулық сақтау министрі.
Министр Қытай мен Оңтүстік Кореяда жағдай жақсарғанын, алайда Италия, Иран, Франция, Испания, Германияда аурулар саны артып жатқанын атап өтті.
"Бұл дүние жүзіндегі жұқпалы ауру. Өкінішке қарай, тез тарайды. Қуанышқа орай, бәрін қырып тастайтын ауру емес. Қатты қорқып, тығылып үйде отыру деген дұрыс емес. Бірақ сақтану керек. Осындай тәуекелдер жоғары болса, өзін оқшаулап, үйге отыру қажет", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?
Заң бойынша карантинді бұзғандарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Карантинге қарсы болып, қызметкерлерге қарсы шыққандарға қосымша әкімшілік бұзушылық бойынша қажетті шаралар қабылданады. Үшінші деңгей, егер азамат карантинге қарсы шығып, кейін науқас болып табылса, сол азамат арқылы басқа азаматтар ауырса, оның үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Оқи отырыңыз: Студенттер 16 наурызға дейін жатақхананы босатуы тиіс пе? Білім және ғылым министрлігінің жауабы"Бәрін дұрыс түсінуіміз керек. Адамдардың 90 пайыздан астамы түсінеді. Бізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де қарсы болатындар бар. Олармен жұмыс істеуіміз керек. БАҚ арқылы азаматтарға мәселені түсіндіруге тиіспіз. 2-3 ай ішінде мәселе шешіледі. Инфекция бітеді. Дұрыстап түсініп, сақтандырып, мемлекет пен Денсаулық сақтау министрлігі айтып жатқан шешімдерді қабылдап, сақтау керек", – деді Елжан Біртанов.
Маска тапшылығы
Оның сөзінше, елдегі маска тапшылығы алып-сатарлықпен байланысты. Елде маска жеткілікті. Өкінішке қарай, интернет сауданы қадағалау қиын.
Маска жеткізуге қатысты "СК-Фармация" базасында оперативті штаб құрылды. Күн сайын масканы өндіру мен бөлу мониторингі жасалуда. Олар масканы аймақтарға сұранысқа қарай жібереді. Министрдің сөзінше, Алматы мен Нұр-Сұлтанда сұраныс жоғары.
"Ең бірінші кезекте инфекциямен күресетін қызметкерлердің қауіпсіздігін ойлаймыз. Оған қоса маскалар дәріханаларға жіберіледі .Өкінішке қарай, оларды көптеп сатып алады да, интернетте баға қосып сатады. Жағдайға мониторинг жасап, өндірісті кеңейтуді, импортты да қарастырып жатырмыз", – деді министр.
Оның сөзінще, вирусқа қарсы вакциянаны әзірлеуге 2-3 ай кетеді. Ал оның әрі қарай қауіпсіздігін тексеріп, пайдалануға енгізу стандарт бойынша 1-2 жылды талап етеді. 20 астам мемлекет қазір екпені әзірлеу мақсатында жұмыс істеп жатыр. Екпеге қарамастан басқа да ем жолдарымен вирусен күресіп жатқан ҚХР секілді елдер тәжірибесімен бөлісуде.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі
"Азаматтар, қазір қиын жағдай. Бізді сынайсыздар, дұрыс. Бірақ дәргерлерді қолдау керек. Жұқпалы аурумен тікелей жұмыс істеп жатыр. Тек қана дәрігерлер емес, полиция, шекара қызметкерлеріне де бірінші қорғауымыз керек. Олар басқаларға таратпауы қажет. Бірден-бір алдын алу шарасы – гигиена мен оқшаулау. Қажетсіз кездесулерге, тойларға қатыспай, үйде отырайық. Үйде де біраз тірлік бар. Кітап оқып, кино көруді ұсынып жатыр. Барлық мәселе шешіліп, денсаулығымыз дұрыс болады деп сенемін", – деп сөзін түйіндеді ол.
Айта кетсек, осыған дейін коронавирус жұқтырған екі адам тіркелгені хабарланды.
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.