Коронавирус күш алған жағдайда балалар денсаулығы қалай қорғалады?
- 18 жасқа дейінгі балалардың сырқаттану деңгейі 15%-ға;
- Тыныс алу ағзалары ауруына шалдыққан балалар саны 17%-ға;
- Тұмау балалар арасында 28%-ға;
- Әртүрлі пневмонияға шалдығу көрсеткіші 3,5%-ға;
- Нәрестелер өлімі – 2,5%, балалар өлімі 8%-ға төмендеген.
Бүгінде 340 бала бақылауға алынған, олардың үшеуі – жаңа туған нәресте. 55 бала ауруханаға жатқызылса, 285 бала амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Оқи отырыңыз: "Иммунитет 3 айға дейін сақталады". Covid-19 бұған дейін ауырғандар үшін де қауіпті
Ана мен бала денсаулығы қалай қорғалады?
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пандемия кезінде балалар денсаулығын қорғау мақсатында қабылданған шараларды атады. Біріншіден, балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі бекітілген. Балаларда коронавирусты диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы әзірленіп, бекітілді.
Диагностика және консультациялық-практикалық көмек көрсету үшін республикалық орталықтар мен жетекші медициналық ЖОО сарапшыларының жұмыс тобы құрылды. Олар онлайн режимде және телемедицина арқылы мультижүйелік қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас синдром) болуы мүмкін әр балаға тәулік бойы консультациялар, консилиумдар өткізеді.
Пандемия кезінде әр балаға, жүкті әйелге бөлек фильтр бөлмелер ұйымдастырылады. Олар емханаға бөлек дәлізбен кіргізіледі. Қажет ем-дом барлық емханада көрсетіледі. Балаларды амбулаториялық деңгейде емдеу үшін емханалардың бәрінде дәрі-дәрмек жеткілікті.
Балаларды емдейтін инфекциялық стационарлар мен бөлімшелер дайындалып, медицина қызметкерлері оқудан өткен. Санитарлық авиация желісі бойынша өңірлерге 665 ұшу ұйымдастырылып, 1 099 балаға, оның ішінде 283 жаңа туған нәрестеге медициналық көмек көрсетілген. Республикалық орталықтарға 917 бала тасымалданып, 72 балаға консультация берілді, 23 балаға ота жасалды.
Министрлік жұқпалы аурулардан қорғану үшін ата-аналардан:
- өз балаларын қорғауды;
- коронавирусқа қарсы күрес бойынша профилактикалық іс-шаралар туралы хабардар болуды;
- адамдар көп жиналатын орындарға бармауды;
- қорғаныс құралдарын пайдалануды;
- пандемия кезеңінде басқа да инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында дұрыс тамақтануды, күнмен демалу режимдерін сақтауды;
- жоспарлы екпелерді алу үшін емханаға уақтылы баруды сұрайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық мектептер екінші тоқсанды қалай оқиды? БҒМ болжамы
Жүкті әйелдер емханаға барғанда барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталады. Олар алдын ала жазылу арқылы дәрігерге қаралады.
"Ана өлімінің күрт артуына жүкті әйелдер арасында коронавирустың ушығуы себеп. Биыл 2019 жылға қарағанда өлім 2,8 есе өскен. Ал нәрестелер өлімі төмендеді. Бұл жүкті әйелдердің физиологиясына да байланысты. Жүкті болғанда әйелдердің денсаулығына күш түседі. Тамырларына, өкпе жұмысына түсетін салмақ артады. Бұған вирус қосылып, ауру күшейсе, жағдай нашарлайды. Сондықтан бұл ауру аналар өлімінің басты себебі болып отыр", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Карантин кезеңінде республикалық орталық мамандары күн сайын коронавируспен ғана емес, басқа да аурулармен ауыратын жаңа туған нәрестелер мен балаларға мониторинг жүргізген. Осылайша, 10 775 жаңа туған сәби мен 2 229 балаға консультациялық көмек көрсетілген.
Кавасакиге ұқсас синдромды қалай емдейді?
Балаларда коронавирусты диагностикалау мен емдеудің жеке клиникалық хаттамасы әзірленді. Онда балалардағы Covid-19 ағымының және онымен астасқан мультижүйелі қабыну синдромының ерекшеліктері көрсетілген. Клиникалық хаттама ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің соңғы әлемдік деректері, ұсынымдары негізінде жасалған.
Қазақстанда жыл басынан бері 42 балада коронавируспен (Кавасакиге ұқсас синдром) қатарласқан мультижүйелі қабыну синдромы анықталды. Елде үш аптадан бері мұндай диагнозбен балалар тіркелмеген. 40 бала стационарлардан емделіп шықса, екі бала көз жұмған.
"Балалар педиатрлардың бақылауында. Олардың жағдайы жақсы. Клиникалық хаттамада мультижүйел қабыну синдромымен ауырған балаларды бақылау алгоритімі әзірленді. Нұр-Сұлтанда – 12 бала, Алматы қаласында, Қарағанды және Ақмола облыстарында бес баладан бар", – деді ДСМ бас штаттан тыс педиатры Риза Боранбаева.
ДСМ бас штаттан тыс педиатры Риза Боранбаеваның сөзінше, бала кезде коронавирус инфекциясы көбінесе симптомсыз және жеңіл түрде өтетіндіктен, балалардың көп бөлігін амбулаториялық деңгейде емдеу ұсынылады. Сондықтан, хаттамада диарея асқынған кезде препараттар мен ыстықты түсіретін дәрілер түрінде симптомдық емдеу көрсетілген.
"Дәлелді негіз болмағандықтан вирусқа қарсы препараттар қолданылмайды. Барлық вирусқа қарсы препарат балаларға қарсы көрсетілімдерге ие. Антибактериалды терапия нақты инфекция қосылған кезде ғана тағайындалады. Басқа жағдайда вирусты инфекцияға қарсы антибактериалды терапияны қолдануға болмайды. Клиникалық хаттамада көпжүйелі қабыну синдромын дәрі-дәрмекпен емдеу, аса қажет болған жағдайда көктамырішілік иммуноглобулиндерді, аспиринді және генді-инженерлік биологиялық препараттарды қолдану кеңінен ұсынылған", – деді ол.
Коронавирустың екінші толқынынан кейін Кавасакиге ұқсас синдромның қайта пайда болу қаупі бар. Ауру коронавирус жұқтырған балаларда 2-6 аптадан кейін пайда болды. Ауру балалардың 97%-ында SARS-CoV-2-ге антиденелер табылды. Кавасакиге ұқсас синдромы көбінесе 3 жастан 9 жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Қыздарға қарағанда ұлдар көп ауырады (82%).
ДСМ мәліметінше, пандемия кезінде онкологиялық аурулары бар балалардың емі үзілмеді. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында коронавирус жұқтырған онкологиялық патологиядағы пациенттерге химиотерапия курсын үзбеу үшін провизорлық және инфекциялық бөлімшелер ашылды.