Алматыдағы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, фтизиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов пневмония мен коронавирус індетіне қатысты көпшілік арасында жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

№1. Көп адам өкпесінің қабынғанын кеш неге кеш біледі?

Өкпенің ауа сыйымдылығы 3-5 литр аралығы. Күнделікті өмірде біз оның жартысын, яғни 50 пайыз мүмкіндігін ғана пайдаланамыз. Ол мөлшер біз үшін жеткілікті, ал оның толық көлемде әдетте тек спортшылар ғана қолданады. Демек, адамдар өкпе ауруы асқынып, демікпе не жөтел пайда болғанда ғана өкпесінің қабынғанын байқайды. Оның үстіне қабыну өкпедегі аралық тіндерде болатындықтан, медициналық аппараттың көмегінсіз өкпе қабынуының бастапқы кезеңін байқау мүмкін емес.

№2. Неліктен коронавирус әркімде түрлі формада өтеді?

Инфекция вирустық не бактериялық болсын, оның алдын алу жолы бір: салауатты өмір салтын ұстану, темекі шекпеу, ішімдік ішпеу, спортпен айналысу, таза ауада серуендеу және басқа шаралар. Сондықтан, коронавирус жұқтырған адамның өмірден бірден түңіліп кетуі дұрыс емес. Мысалы, 100 науқастың 15-20-сы ғана коронавирустың орта және ауыр формасымен ауырады. Ал қалғандары (80 пайыз) жеңіл формада ауырып жатыр, тіпті, көбінде ауру симптомы да байқалмайды. Бұл адамның иммунитетіне тікелей байланысты. Аурудың орта, ауыр формасы егде жастағы адамдар мен 12 жасқа дейінгі балаларда көбірек кездеседі. Өйткені, балалардың иммунитеті бұл жасқа дейін толық қалыптасып үлгермейді де, инкубациялық кезең ұзақтау жүруі мүмкін.

Оқи отырыңыз: "Коронавирусты пневмония". Оның белгілері қандай және қалай емделу керек?

№3. Вирус жұқтырып, жазылғандардың кеңесіне құлақ түрген дұрыс па?

Бір адамға көмектескен емнің екінші адамға тиімді болмауы әбден мүмкін. Әсіресе, пневмония кезінде оның аурудың қай түрі, яғни бактериялық пневмония әлде коронавирустық пневмония екенін ажыратып алмай, ем қолдану қауіпті. Айталық, қазір өз бетінше емделіп жатқандар қолданатын антибиотиктердің кез-келгені – бактерияны өлтіретін дәрілік заттар. Ол коронавирусқа қарсы ем емес, керісінше иммунитетті одан сайын әлсіретіп, денсаулықты нашарлатуі мүмкін. Сондықтан да, үйден емделер болсаңыз, қосымша клиникалық зерттеулер жасаған соң ғана нақты қажет дәрілерді қолданған абзал.

№4. Кондиционер пневмония тудыра ма?

Кондиционер қай уақытта да суық тию, ЖРА, ЖРВИ және өзге аурулардың бірден-бір себебі. Мәселен, көшеде 35-40 градус ыстық болғанда адамдар кеңседе, үйде не көлікте кондиционер қосады. Ыстықтап келіп, кондиционер астында салқындаған адам қайтадан ыстыққа шыққанда ағзаның температурасы ауытқиды. Бұл иммунитеттің бірден төмендеуіне әкеледі де, инфекцияның әсеріне төтеп беруін әлсіретеді.

Сондай-ақ, кондиционер бөлмедегі ауаны қозғалысқа түсіретінін ұмытпау керек. Әсіресе, фильтрі ескірген кондиционер бөлме не көлік ішіндегі клебсиелла, легионелла сынды түрлі бактериялардың ауаға таралып, адамның демімен ағзаға түсуіне себепкер болады. Сондықтан, мүмкіндігінше ауаны терезе ашу арқылы желдеткен дұрыс.

Оқи отырыңыз: Covid-19 жеңу үшін қалай тамақтану керек? Төрегелді Шармановтың кеңестері

№5. Эпидемия кезінде қорқор шегу қауіпті ме?

Қорқор шегу коронавирус эпидемиясы болмаған кезде де зиян. Басқасын айтпағанның өзінде, гигиеналық тұрғыда да қауіпті. Өйткені, қорқор шегетін орталықтарда әрі кетсе 20-30 қорқор аппараты болады. Оны қанша жерден жуып, тазалайды деп сенгенімізбен, толық дезинфекция жасалатынына күмән бар. Бәлкім, сізге дейін оны туберкулез не өзге де инфекциялық ауруы бар жандар қолданған болар. Сондықтан, эпидемия кезінде қорқор шегудің қаупі арта түседі деген дұрыс. Бұл кезеңде өкпеге күш түсіре бергеннен гөрі оны сауықтырудың қамын жасаған жөн.

№6. Иіс пен дәм сезбеу ЖРВИ белгісі ме, әлде коронавирустікі ме? Қалай айыруға болады?

Коронавирус жұқтырған адам иіс сезбей қалса, әдетте мұрын іші құрғақ болады. Ал ЖРВИ кезінде мұрыннан сұйықтық көп бөлінеді. Сондай-ақ, иіс пен дәм сезбеу сирек кездеседі. Сондықтан, айыру үшін өзге де симптомдарға көңіл бөлген дұрыс. Мәселен, тіл түсі. Ол әдеттегіден күңгірт тартса, вирус белгісі деген сөз. Әрине, нақты диагнозды тек коронавирусқа қарсы тест жасатып, қоюға болатынын естен шығармаған жөн.

Иіс пен дәм сезбеу коронавирус пен ЖРВИ ғана емес, аллергия және ринит кезінде де пайда болатын симптомдар.

Оқи отырыңыз: Ішек инфекциясынан қалай сақтануға болады? Маман кеңесі

№7. Коронавирустан жазылған соң маска тақпауға бола ма?

Жоқ. Масканы дені сау не науқас болсын, кез-келген адам тағуы керек. Бұл – сақтану шарасы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік жауапкершілік. Аурудан айыққан адам маска тақпаса, әлі де вирус жұқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, жазылған адамның екінші рет вирус жұқтырмайтыны дәлелденген жоқ. Ағзада коронавирусқа қарсы дененің (антидене) қанша уақыт сақталатыны да әзірге белгісіз.

№8. Пневмониядан жазылған соң моншаға түсуге рұқсат па?

Өкпе енді ғана орнына келіп жатқанда оған күш түсіру дұрыс емес. Коронавирус қан-тамыр жүйесіне теріс әсер етіп, қанды ұйытады. Бұл қауіпті. Сол секілді моншаға барған кезде адам қатты терлеп, қаны қоюланады. Сөйтіп, коронавирусқа енді төтеп беріп келе жатқан ағза қайтадан әлсіреп қалуы әбден мүмкін.

Сондықтан, емделіп болған соң, толық оңалту шараларынан өтіп барып қана дәрігердің рұқсатымен моншаға түскен абзал. Тіпті, коронавирустық пневмониядан толық айыққанмен, иммунитет әлісер тұрған шақта бактериялық пневмонияға шалдығын қалу қаупі басым.