Коммуналдық қызметтер үшін кімдерге 15 мың теңгеден беріледі?
Карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден беріледі. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.
Министрлік коммуналдық қызмет жеткізушілерімен келісімшарты бар тұтынушылар үшін коммуналдық қызмет төлеуді қарастыратын механизм әзірледі. Осылайша карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына 2 ай бойы ай сайын 15 мың теңгеден жіберіп отырады.
Оқи отырыңыз: Жәрдемақы мөлшері артты. Мүмкіндігі шектеулі жандар енді қанша ақша алады?
Төлемді кімдер алады?
- 1, 2, 3 топ мүгедектері;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- көпбалалы отбасылар;
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
- төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
- атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.
Оқи отырыңыз: Дағдарыс жағдайындағы жылжымайтын мүлік нарығы. Баспана қымбаттай ма?
Төлемді қалай алуға болады?
Төлемді алу үшін тұтынушы ақпараттық жүйелер немесе call-орталық арқылы жеке сәйкестіндіру нөмірін (ЖСН), әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек.
Әкімдік ұсынылған деректерді тексереді, мәліметтер рас болған жағдайда коммуналдық қызметтер тұтынушысының дербес (абоненттік) шотына қаржы аударады.
Әкімдік тұтынушылардан өтінімдерді қабылдау және олардың растығын тексеруді дұрыстап ұйымдастыруы тиіс.
Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайтуды тапсырған болатын.