Үкімет отырысында кімдер Тоқаевтың оң бағасын алды, ал кімдер сын тыңдап қайтты
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында президент экономиканың негізгі бағыттарынан бастап әлеуметтік саясатқа дейінгі бірқатар салада атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, нақты баға берді. Кей салалардағы ілгерілеуді атап өтсе, бірқатар бағыттағы кемшіліктерді ашық сынады. Informburo.kz президенттің 1,5 сағатқа созылған сөзінде кімге не үшін және қандай баға бергенін шолып шықты.
Олжас Бектенов пен оның министрлер кабинеті
Отырыс басында президент Үкіметтің жұмысына жалпы оң баға берді. Атап айтқанда, мемлекет басшысы ел экономикасы 6,5 пайызға өскенін, инфляцияның себебі анықталғанын, жаңа салық кодексінің оң нәтиже бере бастағанын, азық-түлік бағасын реттеуге қатысты атқарылып жатқан айтып өтті.
"Бұл жақсы нәтиже, сыртқы жағдайдың қиын екенін ескерсек, алайда жетістікке сеніп қалуға болмайды, алда әлі көп жұмыс бар. Экономиканы жаңа даму моделіне толық көшіру үшін нақты және тиімді шешімдер қажет", – деді мемлекет басшысы.
Үкімет мүшелері
Президент Үкіметтің жалпы жұмысына жақсы баға бергенімен, оның кейбір мүшелерінің саяси бағдарды терең түсінбейтініне және оқуға деген құлықсыздығын сынға алды. Президент оны өзінің "Turkistan" газетіне берген сұхбаты арқылы түсіндірді.
"Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Тоқаев шенеуніктерді зейнет жасында ойлау қабілетінен айырылып қалмау үшін көбірек оқуға шақырды
Конституциялық комиссия
Қасым-Жомарт Тоқаев 130 адамнан құрылған конституциялық комиссияның жұмысы туралы да жақсы сөздер айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституцияның жобасында әділетті Қазақстан, заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген.
"Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз және аумақтық тұтастығымыз мызғымас құндылықтар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар. Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі. Бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасын шын мәнінде озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Онда конституциялық құрылысқа қатысты әлемдегі үздік тәжірибелер көрініс тапқан, адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалған", – деді президент.
Қаржылық мониторинг агенттігі
Президент дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану туралы айта келе, қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысына да баға берді.
"Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды", – деді президент.
"Самұрық-Қазына" қоры
Ал "Самұрық-Қазына"қорына келсек, мемлекет басшысы оның жұмысын қатаң сынға алды.
"Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "Сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Президент "Самұрық-Қазынаны" сынға алды: "Қосшыдан басшы көп, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр
Президент Роман Склярдың жұмысына оң баға берді.
"Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр. Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет", – деді президент.
Әкімдер Дархан Сатыбалды мен Жеңіс Қасымбек
Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтардың даму моделін қайта құруды ұсына келе, бұл жұмысты атқаруда Дархан Сатыбалды мен Жеңіс Қасымбектің қызметін жоғары бағалады. Рас бұл баға Дархан Сатыбалдының Түркістан облысын басқарып тұрған кезі жайында берілді.
"Түптеп келгенде, егер нақты нәтижеге жетемін деген ниет болса, бұл мәселені Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды сияқты қолда бар қаржымен де шешуге болады. Астанада да жақсы тәжірибе бар", – деді президент.
Ұлттық банк пен ҚМА
Президент Алатау қаласына капитал тарту мәселесіне қатысты Конституциялық заңның қабылдануына кедергі келтіргені үшін Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысын сынады. Бұған дейін жұмысы жақсы бағаланған ҚМА бұл мәселеде сүрініп қалды.
"Менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді. Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман", – деді президент.
Оқи отырыңыз: "Қорқыныштан қалтырайтын емес, нақты жұмыс істейтін заман". Президент Алатау қаласын дамытуды тежеп отырғандарды сынады
Екінші деңгейлі банктер
Президент елдегі банктердің қызметіне де сын айтты.
"Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Не бары 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр "шыбық басын сындырмай", еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты. Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген сөз талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды. Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс", – деді президент.
Денсаулық сақтау министрлігі
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы цифрландырудың жүйесіз жүргізіліп отырғанын қатаң сынға алды.
"Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын", – деді президент.
Оқи отырыңыз: "Алаяқтық жасалғаны таңғалдырады". Президент үкіметке бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды тапсырды
Энергетика министрлігі
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергиясына қатысты мәселелерді айта келе бұрынғы энергетика министрлерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет. Қазіргі кезде Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін жеткіліксіз", – деді президент.
Президенттің пікірінше, мәселе – энергетика саласында нағыз мамандардың жетіспеуінде.
"Энергетика саласындағы мәселелермен "алып бара жатқан не бар дейсің?" деп, "азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол" кез келген адам айналысатын болды", – деп сынады президент.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібіне қатысты мәселелерге де сыни баға берді.
"Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек", – деді президент.
Ауыл шаруашлығы министрлігі
Мемлекет басшысы тиісті органдарды мал шаруашылығының әлеуетін дұрыс пайдаланбай отырғаны үшін сынады.
"Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр. Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз", – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент ветеринарлық қауіпсіздік жүйесінің сапасын сөз етті.
"Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды. Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс", – деді президент.