Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық және білім беру салаларындағы заңсыздықтар мен бюджет қаржысын жымқыру әрекеттеріне қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландырудың кешеуілдеуі қылмыстық схемалардың өршуіне жағдай жасағанын атап өтті.
"Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы. Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын", – деді мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке медициналық деректердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Бірыңғай мемлекеттік жүйе құруды және МӘМС қорының жұмысын реттеуді тапсырды.
"Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев шенеуніктерді зейнет жасында ойлау қабілетінен айырылып қалмау үшін көбірек оқуға шақырды
Сонымен қатар Мемлекет басшысы тек медицина емес, білім саласындағы жымқыруларды да назардан тыс қалдырмай, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды міндеттеді.
"Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет. Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек. Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырамын. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады", – деді президент.
Бұл тапсырмалардың орындалуы әлеуметтік салаға бөлінген әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын және жүйенің криминалдық схемалардан тазаруын қамтамасыз етуі тиіс.
USD:
492.3 / 494.9
EUR:
584.5 / 588.5
RUB:
6.33 / 6.45