"Төртінші әйелі екенімді білмедім". Үш рет кездесіп үйлену керек деген қайдан шыққан
Жуырда отандық әнші Мөлдір Әуелбекова тележүргізуші Айнұр Ілиясоваға берген сұхбатында "Шариғат заңымен" тұрмысқа шығамын деп өзінің төртінші әйел екенін білмегенін айтты. Әнші қатты күйзеліске түскенін жасырмады. Осы орайда ол жас қыздарға сабақ болсын деп оқиғасын толығырақ баяндап берді және жасым келді деп бірінші кездескен адамға тұрмысқа шықпауға кеңес берді. Сондай-ақ ол өз ортасында осы үкімге сай отбасын құрғандардың көп екенін айтты.
Ал Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі, ұстаз Елдос Жұмаділдә Шариғатта "үш рет кездесіп үйлену" деген үкім жоқ екенін және мұның керісінше көп жағдайда ажырасуға алып келетінін айтады.
"Намазхан адам маған ешқашан қиянат жасамайды деп ойладым"
"Екінші рет тек намазхан ер адамға тұрмысқа шығамын деп шештім. Өзім намаз оқитындықтан, намаздағы адам үнемі діни білімін арттырып отыратындықтан, намазхандар маған ешқашан қиянат жасамайды деген ой болды. Алланың алдында әйел адамнан ер адам көп сұралады. Айналамда шариғат бойынша шаңырақ көтерген адамдар көп, мен де шариғатпен тұрмысқа шықтым. Күйеуімнің иман жолында жүріп, менің иманымды күшейткенін, артында тұрып намаз оқуды әрдайым армандадым. Оразаның бірінші күні екінші жолдасым маған хабарласты. Арамызда 20 жыл араласып келген адам жеңгетай болды. Намаз оқитын, қажылыққа барған кісі болғандықтан, мұны Құдайдың бір белгісі деп қабылдадым. Оның үстіне елде карантин болғандықтан, мен ол кісі туралы басқа адамдардан барып сұрастыра алмадым. (...). Қысқасын айтайын – мен ол кісінің төртінші әйелі болып шықтым. Екінші некем, әке-шешем абыройсыз қалды деп қатты күйзеліске түстім. (...). Мен мұның барлығын не үшін айтып жатырмын? Бұл ақпарат менің жеке басыма ғана қатысты, халыққа қызық емес. Жас қыздар осыдан сабақ алсыншы деген ниетпен айтамын деп шештім. Жасым 30-ға келді деп бірінші ұсыныс жасаған адамға жүгіріп шыға салмаңыздар. Бірінші некемде солай жасағаныма шүкір етемін. Өте бақытсыз әйел болдым. (...). Карантин болғандықтан біреуден барып сұрастырып, ақпарат іздейтін шамам болмады. Мен сияқты қателеспеңіздер. Бала көтеріп қойдым, екінші рет тұрмысқа шықтым, ата-анамның абыройы деп уайымдадым. Сөйтсем ол маңызды емес екен. Маңыздысы – ішкі жай-күйің", – деді әнші Мөлдір Әуелбекова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда некеге тұру саны азайды
Осылай үш кездесуден кейін шаңырақ көтергенін айтқан жұлдыздар ішінде Сәбина Алтынбекова мен Нұржан Керменбаев та бар.
"Үш рет кездесіп үйлену керек деп еш жерде жазылмаған"
Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі, ұстаз Елдос Жұмаділдә шариғатта үш рет кездесіп, үйлену керек деген үкім жоғын айтады. Керісінше болашақ жұбайлардың шаңырақ көтермес бұрын бір-бірін тануы, көзқарасын білуі маңызды екеніне тоқталды. Бұл туралы ол "Арал мешіті" арнасының "Қоғам дерттері" бағдарламасында айтып берді.
"Жастарда үш рет кездесіп, осы үш реттен кейін шаңырақ көтеру керек деген қате түсінік бар. Осы сөзге көп жерде жарнама жасалады. Адамдардың үш рет кездесу керек дегенді қайдан шығарғанын білмеймін. Шариғатты қаншама рет оқып шықтық, өзге де оқыған кісілерден сұрастырдық, бірақ бұлай еш жерде жазылмаған. Ешбір кітапта "үш рет кездескен соң үйлену керек" деп жазылмаған. Мұны айтуымның себебі – бір-екі рет кездескен соң тұрмысқа өзін мәжбүрлеп шыққан қыздар бар, олар кейін кейін өкінген. Дұрыстап таңдап алуым керек еді, біліп алуым керек еді деп өкінген. Жұбайлар ажырасып кетпеуі үшін басты фактор – бір-бірін дұрыстап тануы. Шариғат бізге не дейді? "Хидба" жаса, иә кездес дейді. Өзіңе керек мәліметтер толық жиналғанша кездес дейді. Сұрақтар 7-8 кездесуде бітпесе, қажетінше кездесіп, одан сұрап алуыңа болады. Екінші жағынан шексіз кездесіп жүре беруге де болмайды. Әлбетте осы кездесулер барысында Шариғаттағы шарттар сақталуы керек. Мұны алдағы уақытта ажырасулар саны аз болса екен деген ниетпен айтып отырмын", – деп түсіндірді Елдос Жұмаділдә.
"Танысу қосымшасындағы жігіттердің 80-90 пайызы қыздарды болашақ жарым деп қарастырмайды"
Психолог Назира Бурханова қазір желіде немесе арнайы қосымшалар арқылы танысатындар саны көбейгенін, дегенмен офлайн танысудың әлдеқайда тиімді екенін айтады.
"Қазір танысуға арналған Tinder, Badoo, Pure, Mamba, Дайвинчик (+18) секілді қосымшалар мен чат-боттар өте көп. Әлем бойынша 46 түрі кеңінен танылған. Жуырда ғалымдар бірінші орындағы қосымша Tinder-ге қатысты зерттеу жүргізді. Сонда осы қосымшада отыратын ер жігіттердің 80-90 пайызы үйленіп, шаңырақ көтеру үшін таныспайтыны анықталған. Яғни оларға уақытша көңіл көтеру ғана қажет. Сол себепті мұндай қосымшада танысып, берекелі отбасын құру қиындау. Екінші жағынан онлайн таныстық өте алдамшы болып келеді. Өйткені қос тарап профильдегі өмірге, суреттерге ғашық болады. Бір клиентімнің Америкада білім алып, әлемді аралап келген сүйіктісі неке түнінен кейін төсек жаймасын аулаға жайып қойып, кейін соны ауылдастармен ішімдік құйып отырып тойлау "дәстүріне" қарсылық танытпаған. Сол себепті адамның сыртқы бейнесінен бұрын, оның ішкі жан-дүниесін танып-білу маңызды. Қазір отбасын құрмас бұрын қос ғашық отбасылық өмір туралы тест өтсе немесе психологтан кеңес алса болады. Бұл ажырасудың алдын алатын тиімді бастама. Өйткені жағада тұрып барлығының басын ашып алу маңызды. Себебі ортақ құндылықтар мен көзқарас болмаса, отбасын сақтап қалу қиын. Тіпті әлемдік мәселелерге, саясатқа, дінге деген көзқарас екі түрлі болса, түсінісу қиын болады", – деп түсіндірді Назира Бурханова.
2023 жылы алдыңғы жылға қарағанда некелесу 8,5 пайызға азайған болатын. Маман мұны отбасы моделінің болмауымен және құндылықтардың өзгеруімен байланыстырды.
Оқи отырыңыз: "Мәһір – қалыңдықты саудалау емес, Құдайдың берген құқығы". Имам мешітте неке қидыру ережелерін түсіндірді
"Соңғы жүз жылдағы Қазақстандағы үлкен проблема ол баланы қорқытпайтын отбасы моделінің болмауы. Кеңес одағы заманында отбасының бірнеше ғана танымал моделі болды. Мысалы, ішімдікке салынған, әйеліне қол көтеретін әке. Ішімдік ішіп, қолымнан ешнәрсе келмейді деп бала күйге түскен әке, осыдан бар шаруаны өз мойнына алған ана. Ене мен келін мәселесі, туыстардың жеке шекара дегеннің не екенін түсінбеуі. Яғни ересек адамдардың арасында сепарация жоқ. Үйдің үлкені ер бала болса, артындағы бүкіл қарындасы оны асыраушысы деп қабылдайды. Кейін сол ағаларын әйелі мен бала-шағасынан қызғанып, арасына от салады. Екінші мәселе – қазір жетістіктер моделі өзгерді. Бұрын ер бала үшін де, қыз бала үшін жоғары оқу оқып, шаңырақ көтеріп, балалы болу – жетістіктің шегі еді. Ал қазір жастар өте ақылды, көбісі білімге құштар, жеке кәсібін дөңгелеткісі келеді, саяхаттағысы келеді және т.б. Яғни олар үшін алдымен өзінің бақытты болуы, өзін толыққанды тұлға сезінуі, жан-жарасын жазуы маңызды. Мұның да оңтайлы тұстары көп. Ғалымдардың зерттеуінше, отыздан асып шаңырақ құрғандардың некесі берік және бақытты болады", – деді Назира Бурханова.
Шаңырақ көтеру туралы ислам діні не дейді?
Мұны Шәмшат Әділбаева ҚМДБ сайтында жарияланған өз мақаласында түсіндірді.
Ниет ету
Мұсылман кісі түтін түтетуге шынайы ниет білдіріп, оны құлшылық ретінде қабылдауы тиіс. Сондықтан намаздарының соңында немесе күнделікті дұғаларында Алла Тағаладан екі дүниеде де қайырлы болатын, бірге қол ұстасып бақытты өмір кешетін, мінез-құлқы жақсы жар тілеуі қажет. Ықыласпен жасалған дұға – бақытқа жол ашатын ең сенімді жолдардың бірі. Шынайы көңілмен жасалған дұғадан кейін адам баласы Алла Тағаланың қайырлы жар нәсіп ететініне бек сенуі керек.
Болашақ жарды көру
Өмір бойы бір жастықты жастанып, қиын белестерден қол ұстасып бірге асатын екі жастың некеден бұрын міндетті түрде бір-бірін көріп, бір-бірі жайы мәліметтері болуы керек. Бұл шаңырақтың беріктігі үшін маңызды. Жігіттің қалыңдықты, қалыңдықтың жігітті көруі керектігі хадистерде де айтылған. Пайғамбарымыз үйленетін кезінде сахаба Мұғира ибн Шубәға: "Үйленетін қызыңды көр. Себебі үйленбей тұрып оны көру отбасылық өміріңнің жемісті болуына жол ашады", – деген. Осы өсиетке сай үйленбей тұрып қалыңдығын көрген хазірет Муғира отбасылық өмірінде өте бақытты болғанын, екеуінің жақсы тіл табысқанын айтады. Бірақ үйленетін екі жастың бір-бірін көруі үшін қастарында қыз жағынан немесе жігіт жағынан бір туыс әйел адам болуы керек. Себебі дініміз бойынша некесі қиылмаған қыз бен жігіттің оңаша қалуы харам. Кейбіреулер үйленбей тұрып екі жастың бірге жүріп-тұрғаны, бірге қыдырғаны бір-бірін тануы үшін пайдалы дейді. Бірақ үйленбей тұрып бір-біріне кемшіліктерін көрсете бермейтін қыз бен жігіт үшін бұның пайдасы шамалы.
Үйленетін жастардың бір-бірімен сөйлесуі
Қалыңдық пен жігіттің тек бір-бірін көруі жеткіліксіз. Олар бір-бірін тануы үшін сөйлесуі де қажет. Сөйлесу барысында екі жас бір-бірінің сұрағына ешнәрсені жасырмай бүкпесіз жауап беруі керек. Әрі өздерінің талап-тілектерін де білдіргені дұрыс. Сонда ғана олар болашақ жары жайлы дұрыс мәліметтерге ие бола алады. Қалыңдық пен жігіттің сөйлесуіне дініміз рұқсат бергенін мына оқиғадан көре аламыз. Халифа Омар хазірет Әлидің қызы Үммү Күлсімді айттырмақ болады. Сонда хазірет Әли: "Қызымның пікірін сұрап көрейін, ол не дейді екен?" – деп, қызына болған жайды баяндайды. Үммү Күлсім: "Халифа Омарды жақыннан көрген емеспін, оны танымаймын ғой", – дегенде, әкесі: "Олай болса сені халифа Омардың үйіне жіберейін, кездесіп, танысыңдар", – дейді. Үммү Күлсім халифа Омардың үйіне барып, онымен танысады. Екеуі сөйлескеннен кейін халифаның ұсынысын қабыл алып, оған тұрмысқа шығуға келіседі.
Оқи отырыңыз: Мәһірге машина сұрау дұрыс па? Ақ некенің шарты қандай?
Сөйлесу барысында жоғарыда айтылғандай екі жақ өздерінің шарттарын ашық баяндауы қажет. "Алдымен үйленіп алайық, сосын шарттарды сөйлесе жатармыз. Шарттарымды қазір айтсам оны үркітіп алармын" деген жоспар құрылатын болса, шаңыраққа опасыздық болып саналады. Сондықтан, істің басында екі жастың ешқандай ойын ішіне бүгіп қалмай, ағынан жарылғаны абзал. Бірақ сөйлесу кезінде де екі жастың жалғыз қалуына болмайды. Жоғарыда ескерткеніміздей қыздың жақыны немесе жігіт жағынан бір әйел адам қастарында болуы қажет. Қыз бен жігіттің жалғыз қалуына Пайғамбарымыз былай деп тыйым салған:
"Ер кісі қасында махрамы (яғни өзімен үйленбейтіндей жақын туыстары) болмаса басқа әйелмен жалғыз қалмасын" (Бухари, Никаһ, 111).
Тіпті бір хадисінде ер кісі мен әйел адам жалғыз қалғанда қастарында шайтан болатынын ескертіп былай дейді:
"Бөтен әйелмен жалғыз қалмаңдар, себебі олардың қасында үшіншісі шайтан болады".
Бұл бір жағынан қыз баланың намысын сақтауға, өсек-аяңға ілінбеуіне себеп болатын болса, екінші жағынан екі жасты адалдықтың ала жібін аттамай, шайтанның азғыруы мен нәпсінің жетегінде кетуден сақтайды. Осылайша дініміз әкесіз балалардың дүниеге келуінің алдын алып, жастардың опық жемеуін көздейді. Олардың ибалы да тәрбиелі тұлғасын имандылықтың адал салтымен қорғайды.
Қалыңдық немесе күйеу жігіт жайлы таныстарынан сұрастыру
Қалыңдық немесе күйеу жігіт жайлы таныс кісілерден сұрап, білу де құрылатын шаңырақтың беріктігі үшін маңызды қадам. Үйленетін жастар бір-бірінің тегін, отбасын, алған тәрбиесін, мінез-құлқын оны жақын танитын кісілерден сұрастырып, жұртпен ақылдасқаны дұрыс. Бір істі бастар алдында елмен ақылдасу – Пайғамбар сүннеті. Бірақ, кеңескен адам дұрыс сөзді, жақсы мен жаманды айыра білетін кісі болғаны жөн. Бұл жайында орта ғасыр ғұламасы Имам Ғазали былай дейді:
"Әйелдің мінез-құлқы мен әдемілігін тек шыншыл, ақылды, дұрыс пен бұрысты ажырата білетін кісіден сұрау керек. Ақылдасқан кеңесші айттырылатын қызды қолдайтын кісі емес, сырт көз болғаны дұрыс. Сонда ғана ол қыздың қасиеттерін бүге-шегесіне дейін жеткізеді. Ақылдасатын адам қызды жақтырмайтын кісілердің қатарынан болмауы тиіс. Өйткені, дұшпандықпен қыздың жақсы қасиетін жасырып қалуы мүмкін. Бұл мәселеде туралықты ұстанып, шындықты айтатындар өте аз".
Осы қағида қыз бала үшін де маңызды. Ол да күйеу жігіт жайлы оны танитындардан сұрастырғаны дұрыс. Бұрынғы кезде мұсылман елдерінде қыздың әкесі немесе ағасы жігіт тұратын жердегі мешіттің имамынан жігітті қаншалықты танитынын, мешітке қаншалықты келетінін сұрастырған екен. Сөйтіп бірінші орында жігіттің имандылығын білуге тырысқан.
Оқи отырыңыз: Қазақ әйелдері ежелден-ақ толыққанды бостандық иесі
Сондай-ақ, қыз бен жігіт бір-бірінің кімдермен араласатынын, нені қалап, нені ұнатпайтынын білуі қажет. Бұл мәлімет те адамға үйленетін кісісінің кім екенін тани түсуіне көмектеседі. Себебі, үмбеттің ұстазы Пайғамбарымыз:
"Адам досының дінінде болады. (Яғни сол сияқты ойланып, мінезі соның мінезіне ұқсап кетеді.) Олай болса әркім өзінің кіммен дос екеніне көңіл аударсын", – деген (Әбу Дәуд, Әдеп, 19).
Сондықтан, отбасын бірге құратын жартысының достары кім, қандай кісілермен араласады, олардың ой-пікірлері қандай екенін де анықтаған дұрыс. Атам қазақ "Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа" деп бекер айтпаса керек.
Истихара намазы
Жоғарыдағы амалдардан кейін кісі өз таңдауының дұрыс-бұрыстығын білу үшін истихара намазын оқығаны абзал. Истихара намазы – істің қай жақсысын рухани ишарат арқылы білуге сеп болатын екі рәкаттық нәпіл намаз. Алғашқы рәкатта "Кафирун", екінші рәкатта "Ықылас" сүресін оқу – мұстахап. Намаздан кейін "истихара" дұғасы оқылады. Дұғаны оқығаннан кейін адам жүрегінің қай жақын тартқанын таңдайды.