Қорабы – 400 теңге: Қазақстанға арзан темекі қайдан және қалай келеді?
Мақала көлемді болғандықтан, оқуға ыңғайлы болуы үшін мазмұнын әзірледік. Дегенмен, оны бастан-аяқ оқуға кеңес береміз.
Мақала мазмұны:
- Заңсыз темекі айналымы: Нақты деректер
- Бағасы екі есе арзан, ал зияны ше?..
- Темекінің заңсыз екенін қалай білуге болады?
- Заңсыз темекі Қазақстанға қайдан және қалай келеді?
- Бірінші жол: Duty Free
- Екінші жол: Тауар сақтау қоймалары
- Заңсыз темекі нарығымен тұтынушылар да күресе алады. Бірақ, неге нәтиже жоқ?
- 2024 жыл – заңсыз нарықпен күресуге қолайлы кезең
Заңсыз темекі айналымы: Нақты деректер
Мақаланы Мемлекеттік кірістер комитеті соңғы айларда таратқан бірқатар фактіден бастайық.
- 2024 жыл, 26 қаңтар: Алматы облысында 11 620 дана;
- 2023 жыл, 19 желтоқсан: Абай облысында 77 млн қорап;
- 2023 жыл, 4 желтоқсан: Павлодар мен Абай облысында 2 млн қорап;
- 2023 жыл, 17 қараша: Абай облысында 700 қорап;
- 2023 жыл, 18 қазан: Қарағанды облысында 26 мыңнан астам дана;
- 2023 жыл, 2 қыркүйек: Атырау облысында 100 мың қорап;
- 2023 жыл, 1 қыркүйек: Қостанай облысында 14 мыңнан астам дана заңсыз темекі айналымының жолы кесілгені белгілі болды.
Ал енді тәуелсіз Nielsen IQ агенттігінің зерттеуіндегі негізгі деректерге назар аударайық:
- 2023 жылы Қазақстанда әр оныншы қорап темекі заңсыз жолмен сатылған;
- 2023 жылы Қазақстанда заңсыз темекі айналымы 9,1 пайызға жетті (2021 жылы 3,3% және 2022 жылы 6,3% болған);
- 2023 жылы Қазақстан бюджетіне заңсыз темекі айналымынан 32,8 млрд теңге салық түспеді;
- Қазақстанға заңсыз темекі негізінен БАӘ, Ресей және Қырғызстаннан келеді.
Ал төмендегі инфографикадан Қазақстан өңірлері бойынша жалпы темекі айналымындағы заңсыз түрінің үлесін байқауға болады. Қалалар бойынша оңтүстікте Шымкент және солтүстік-шығыста Семей көш бастап тұр:
Бағасы екі есе арзан, ал зияны ше?..
Жоғарыдағы мәліметтерді біз көтеріп отырған мәселенің негізсіз емес екенін және оның ауқымын аңғарту үшін әдейі ұсынып отырмыз.
Бірден айтайық, қалай, қайда өндірілгені және елімізге қалай келгеніне қарамастан, темекі өнімдерінің барлық түрі адам ағзасына зиян. Бірақ, ешбір құжатсыз, құрамы мен сапа тексеруінен өтпеген және Қазақстанның кеден мен салық заңнамаларын айналып өтіп, нарыққа шығып отырған темекілердің зияны еселене түсетіні анық. Ең ауыры, оларды тұтыну үлесі геометриялық прогрессиямен өсіп келеді. Оған зерттеу деректері дәлел:
- 2021 жылы – 3,3%;
- 2022 жылы – 6,3%;
- 2023 жылы – 9,1%.
Неге? Ең негізгі себеп – баға.
Қазақстанда биылғы 1 қаңтардан бастап бір темекі қорабының бөлшек бағасы – 770 теңге болуы (2023 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында 710 теңге болған) тиіс.
Ал заңсыз жолмен келген темекі қорабының орташа құны – 400 теңге. Бұл да Nielsen IQ агенттігінің дерегі. Дегенмен, бұған қара базардағы темекі дүкендерін аралау арқылы болмаса интернет дүкендерге үңіліп-ақ көз жеткізуге болады. Біз де Семей қаласының базарында зерттеу жасау кезінде оған куә болдық. Мұндай темекі әдетте сөреде тұрмайды, үстел астында қол созым жерде жатады. Сатушы ұсынатын баға – 450 теңге. Бірақ, саудалассаңыз, 300-350 теңгеге де бере салады.
Әлбетте, мұндай екі есеге жуық айырмасы бар баға бәсекесінде көптің таңдауы қайсына түсерін болжау қиын емес. Сол үшін де заңсыз темекі айналымын жүргізіп отырғандар көбіне тұрмысы төмен өңірлер мен елді мекендерді көздейді. Бұған Алматы, Астана сынды қалаларда өзгелермен салыстырғанда заңсыз айналым үлесінің төмен екені дәлел.
Ескерту: Мақалада жарнама болмауы үшін заңсыз темекілердің атауын жазудан бас тарттық. Дегенмен, Қазақстан нарығында олардың жиырмадан астам тауарлық маркасы бар және әрқайсы ассортиментке өте бай. Оған түрлі дәмдеуіштердің (құлпынай, жидек, жалбыз және тағы басқа) көбеюі себеп болып отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әр отбасы жылына темекіге 45 мың теңге жұмсайды. Бұл алдыңғы жылдан 11% көп
Темекінің заңсыз екенін қалай білуге болады?
Қарапайым тұтынушылар үшін ең бірінші күмән тудыратын нәрсе – әлбетте, баға. Айрықша арзан.
Ал үңіле түссек, Қазақстанның Денсаулық кодексі мен Кедендік одақтың техникалық регламентінде бекітілген талаптардың сақталмайтынын бірден байқауға болады. Негізгілері:
- Контрабандалық темекіде қазақша жазу жоқ;
- Темекі қаупі туралы фото және жазба ескерту жоқ;
- Қазақстандық таңбалау коды болмайды;
- Data-Matrix коды болмайды не ол жарамсыз болып келеді (бұл туралы мақаланың "Заңсыз темекі нарығымен тұтынушылар да күресе алады. Бірақ, неге нәтиже жоқ?" бөлімінен толығырақ оқуға болады).
Айта кетейік, бұл жерде контрабандалық және контрафакт темекі өнімдерінің айырмашылығын да білу маңызды.
Контрабанда – бір елде өндірілген темекінің өзге елге салық төленбестен және заңсыз жолмен жеткізілуі болса, ал контрафакт – белгілі бір темекіні тауарлық маркасы иесінің рұқсатынсыз заңсыз жолмен көшіріп шығару.
Заңсыз темекі Қазақстанға қайдан және қалай келеді?
Дәрі-дәрмек, алкоголь сусындары секілді темекі өнімдерінің де "импорт-экспортының" жолдары көп. Бұл мақалада біз сала сарапшыларының мәліметтеріне сүйене отырып, дәл қазіргі таңда "құлпырып" тұрған екеуіне тоқталамыз. Ескерте кетейік, қауіпсіздік мақсатында сарапшылардың аты-жөнін атамаймыз.
Ал Орталық Азиядағы темекі саудасының көлеңкелі нарығы туралы Информбюро порталы 2019 жылы кең көлемді зерттеу жасаған болатын. Оны осы сілтеме арқылы өтіп оқуға болады.
Transnational Alliance to Combat Illict Trade халықаралық үкіметтік емес ұйымының (TRACIT) 2023 жылдың соңында жариялаған есебіне көз жүгіртсек, Қазақстанға контрабандалық темекінің басым бөлігі Біріккен Араб Әмірліктерінен келетінін көруге болады.
Бірінші жол: Duty Free
TRACIT мәліметтеріне тереңірек үңілсек, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Jebel Ali аталатын еркін сауда аймағына келіп тірелеміз. Мұнда арзан темекі өндіретін 27 фабрика жұмыс істейді. Өндіріс түгелімен заңды. Ал неге арзан? Өйткені, бұл тауарларға салық салынбайды. Олар жеке тұтынуға немесе Duty Free дүкендерінде сатуға арналған.
Ал заңсыздықтың бәрі тасымал кезінде орын алады. Сарапшының түсіндіруінше, Иран арқылы, әрі қарай Каспий теңізі арқылы су жолымен Ақтауға жеткізілген ірі темекі партиялары "коррупциялық сиқырдың" көмегімен құрылыс материалдары не өзге де тауар түрінде шекарадан өтіп кетеді.
Ал оңтүстік өңірлерге Қырғызстан арқылы, солтүстікке Ресей арқылы да келіп жатады. Мұндайда қырғызстандық Duty Free үлкен роль ойнайды.
"Темекі Duty Free дүкендерінде сатуға арналғандықтан, сонау Біріккен Араб Әмірліктерінен еш кедергісіз жеткізіледі. Бірақ, қараңыз, Бішкектің әуежайындағы дүңгіршек түріндегі ғана шағын дүкенде сату үшін бүкіл Қырғызстан халқы бір жыл тұтынатын көлемде темекі жеткізіледі. Әрине, оның да Қазақстан, Қырғызстан, Ресей нарығына заңсыз жолмен сату үшін әкелінетіні белгілі", – деп түсіндірді сарапшы.
Оқи отырыңыз: 4 жылда электронды темекі шегетін жасөспірімдер 3 есе көбейді – Мәжіліс депутаты
Екінші жол: Тауар сақтау қоймалары
Бұл – жаңа тәсіл. Қазақстанның Кеден кодексінің шарттарына сәйкес, транзит жолымен Қазақстан арқылы тасымалданатын тауарларды еліміздің кеден қоймаларында сақтауға болады. Бұл ретте акциз талаптары қолданылмайды, сәйкесінше тауарға ескерту жазбалары мен суреттерін жапсырудың қажеті жоқ. Өйткені, заң бойынша, бұл тауар елден үш жыл ішінде шығып кетуі тиіс.
"Алайда, үш жыл өте үлкен мерзім. Бұл уақыт ішінде түрлі коррупциялық жолмен тауарды ел ішінде сатылымға шығарудың жолын табуға болады. Солай болып та жатыр. Әдетте, контрабандамен айналысатындар заңнаманың мұндай осал тұстарын тиімді пайдаланады", – дейді сарапшы.
Заңсыз темекі нарығымен тұтынушылар да күресе алады. Бірақ, неге нәтиже жоқ?
Тек қана темекі емес, аяқ киім, алкоголь және басқа да контрабандалық және контрафакт өнімдермен күресу мақсатында 2020 жылдан бастап Қазақстанда тауарларды міндетті таңбалау жобасы басталды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл санатқа жататын тауарлар арнайы цифрлық DataMatrix кодпен таңбаланады. Ол арқылы тауардың өндірушіден сатып алушыға дейінгі жолын көруге болады.
Тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша қазақстандық бірыңғай оператордың жоба жетекшісі Лейла Мұстафинаның түсіндіруінше, темекі өнімдерін таңбалау тауардың өндірушіден сатып алушының қолына тигенге дейінгі айналымын түгел қамтиды.
"Оның әрбір сатысында код тексеріледі. Ал тауар сатылып кеткен соң ол айналымнан шығарылады. Сәйкесінше, жүйеге өндірушілер, иимпорттаушылар, бөлшек және көтерме саудагерлер қатысады. Олардың бәрі ТТҚ (Тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесі) жүйесінде тіркелуі шарт", – деп түсіндірді маман.
Цифрлық кодты тек арнайы мамандар ғана емес, кез-келген тұтынушы смартфонмен сканерлеу арқылы оқи алады. Ол үшін Naqty Onim мобильді қосымшасы әзірленген. Жүктеу де, қолдану да тегін. Оған қоса, тұтынушы контрабандалық өнімге тап келген кезде онлайн форматта шағым да түсіре алады. Шағым бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізіп, құрықтау, тәркілеу жұмыстарын жүргізеді.
Бір қарағанда бәрі дұрыс, алайда бұл жоба оң нәтиже беріп отырған жоқ. Неге?
Сарапшылардың жауабынша:
- біріншіден, мобильді қосымша қазақстандықтар арасында танымал емес;
- екіншіден, анонимді шағым түсіруге мүмкіндік жоқ.
Бірінші аргумент түсінікті, мобильді қосымшаны кеңінен насихаттау керек.
Ал екінші аргумент бойынша түсіндіре кетейік. Темекі контрабандасы, әрине, қылмыстық топтардың ісі екені белгілі. Сәйкесінше, мұнда қауіпсіздік мәселесі туындайды. Ал Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы шағым түсіру үшін электронды цифрлық қолтаңбамен қол қою жоқ. Бұл шағым Қазақстанның Тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша бірыңғай операторына емес, құзырлы тексеруші органдарға тікелей түседі. Ал шағымда арыз иесінің бүкіл деректері жазылатынын ескерсек, бұл белгілі бір деңгейде оның жеке амандығына қауіп төндіреді.
"Абзалында анонимді шағым жасауға мүмкіндік болуы керек. Автор шағымын фото не видеоайғақтармен растай алады. Ал оның шындық не өтірік екенін бірыңғай оператор тексеріп растауы тиіс. Сәйкесінше, тексеруші органдарға тұтынушының шағымы емес, ресми органның тексеруінің қорытындысы жолданар еді", – деп өз ұсынысын айтты сарапшы.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы темекі бағасы 60 теңгеге өсіп, 770 теңге болады
2024 жыл – заңсыз нарықпен күресуге қолайлы кезең
Биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бизнесті тексеруге тыйым салатын мораторийдің күші жойылғаны белгілі. Төрт жылға созылған мораторий кезінде Қазақстандық кәсіпкерлік жоғары қарқынмен дамыды. Алайда соның тасасында заңсыздық пен көлеңкелі бизнестің де гүлдегені жасырын емес. Оған қоса ел Үкіметі бекіткен "Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар" аясындағы темекі контрабандасына қатысты ең негізгі де батыл шаралары осы 2024 жылға сәйкес келеді.
Тиісінше, мораторий күшінің жойылуы жасырын, заңсыз темекі саудасының да тоқырауына жол ашуы тиіс. Әйтпеген жағдайда, тұтынушы да, мемлекет те ұтылады. Өйткені, тәуелсіз Nielsen IQ агенттігінің болжамынша, 2024 жылы Қазақстанда заңсыз темекі айналымының үлесі 10 пайыздан асып түседі, ал мемлекет қазынасы 43 миллиард теңге салық түсімінен қағылады.