Қолтырауын терісі және алтын семсер. Тоқаевқа тарту етілген ең ерекше сыйлықтар қандай
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген сыйлықтар мен түрлі жәдігерлер Астанадағы Президент орталығында сақтаулы тұр. Олардың қатарында президенттің шетелге мемлекеттік және ресми сапарлары барысында, сондай-ақ Қазақстанға ресми сапармен келген шетелдік делегациялардың дипломатиялық сыйлықтары бар. Информбюро тілшілері Президент орталығы қызметкерлерінен президенттік тартулардың арасындағы ең ерекше, эксклюзив түрлерін көрсетуді сұрады.
Президент орталығы экскурсия қызметінің маманы Асқар Несіпбайдың айтуынша, Қазақстан президентіне сыйға берілген тарихи-мәдени, көркемдік және ғылыми маңызы бар мәдени құндылықтар музей жәдігерлері мәртебесіне ие болып, мемлекеттік музейлік есепке қабылданады. Музей жәдігерлері заманауи жабдықтары бар және қажетті температура мен ылғалдылық режимі сақталатын арнайы қор қоймаларында сақталады.
Тарихи карталар жинағы
Президентке сыйға тартылған бірегей сыйлардың арасында қазақ мемлекетінің аумағы көрсетілген, XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық тарихи карталардың факсимильді көшірмелері бар.
Голланд, француз, ағылшын, неміс, бельгиялық картографтар жасап шығарған бұл карталарды қазақстандық тарихшы-ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заманауи зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Еуропа мен АҚШ-тың жетекші мұрағаттарындағы өзінің көпжылдық ғылыми-зерттеу жұмысы кезінде жинақтаған. Мұхит-Ардагер Сыдықназаров карталарды 2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыйға тартты.
Президент орталығы 2023 жылдың қыркүйек айында құрылған.
"Шердор медресесі" сағаты
"Шердор медресесі" деп аталатын бұл сағатты 2021 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев сыйлаған.
Табақша кәдесый
Ал мынау – АҚШ сенаторы Стив Дэйнс Қасым-Жомарт Тоқаевқа тарту еткен кәдесыйлық табақша.
Оқи отырыңыз: Панда, қолтырауын, қару-жарақ. Мемлекет басшылары бір-біріне тағы не сыйлаған?
Алтын семсер
Қару-жарақ үлгілері, оның ішінде болат жүзді қарулар да музейдегі маңызды жәдігерлер қатарына жатады. Сапалы, көркем безендірілген қылыш түріндегі тарту көбінесе жоғары дипломатиялық сый ретінде ұсынылады. Президент орталығының музей топтамасында Катар мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни семсерінің көшірмесі ұсынылған.
Бұл семсер Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың ақпан айында Қатарға мемлекеттік сапары барысында табыс етілген. Семсердің қыны сары түсті алтыннан (18 карат) жасалған. Жүзі тот баспайтын болаттан соғылған, тұтқасы түйенің сүйегінен жасалып, агат және турмалин тастарымен әшекейленген.
Жәдігерлер қайда сақталады?
Музей материалдарын сақтау міндетіне заттардың зақымдануы мен жойылуына жол бермей, олардың қолды болмауын қамтамасыз ететін және экспозициялық, ғылыми-зерттеу мақсатында пайдалану үшін оларға неғұрлым қолайлы жағдай жасау кіреді. Музей қоймаларына жәдігерлердің жақсы сақталуын қамтамасыз ету үшін жақсы желдетілетін, кең, жарық бөлмелер бөлінген.
Музейлік жинақтың заттары топтаманың ерекшелігіне байланысты металл шкафтарда, драйвер шкафтарында, сейфтерде, сөрелерде және басқа да арнайы жабдықтарда сақталады.
Сиам қолтырауынының терісі
Жоғарыдағы суретте мемлекет басшысына 2023 жылдың тамызында Вьетнамға ресми сапары кезінде табысталған Сиам қолтырауынының терісі берілген. Қолтырауындардың мұндай түрінің ұзындығы әдетте 3 метрден аспайды. Ал осы үлгінің ұзындығы 327 сантиметрге жетеді екен.
Мұндай қолтырауындар Оңтүстік-Шығыс Азияда тіршілік етеді. Вьетнамдықтардың Қазақстан президентіне мұндай сый жасауының символдық мәні бар. Қолтырауындар Вьетнам халқы үшін қашанда киелі жыртқыш саналған. Жергілікті халық өзінің құрметті қонағына дәл осы жыртқыштың етінен жасалған тағамдарды ұсынады екен.
"Палаццо дель Квиринале" эксклюзив қобдишасы
"Палаццо дель Квиринале" эксклюзив қобдишасы президенттің 2024 жылдың қаңтарында Италияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары барысында сыйға тартылған.
Қобдишада бейнеленген Палаццо дель Квиринале (XVI ғасырдағы Квиринале сарайы) – Римдегі тарихи ғимарат. Қазір ол Италия президентінің үш резиденциясының бірі болып саналады. Өз уақытында Квиринале сарайы 30 Рим папасының, 4 корольдің және Италияның 12 президентінің резиденциясы болған.
Qazaqstan жеңілгектері
Суреттегі Qazaqstan деп аталатын жеңілгектерді "YDA холдинг" компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн президентке 2023 жылы Түркияда сыйға тартқан.
Оқи отырыңыз: Ақорда президенттің Наурыз атты тазысын көрсетті
"Алтын адам" панносы
Суреттегі "Алтын адам" панносы – Беларусь президенті Александр Лукашенконың тартуы.
"Кәріптас" кәдесыйы
"Кәріптас" кәдесыйын 2023 жылы Литваның Сыртқы істер министрлігі өкілдері тарту еткен.
Кеңсе жинағы
Ал мына кеңсе жинағын президентке 2023 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сыйға берген.
Президент орталығы музейінің негізгі аудиториясы кім?
Орталыққа негізінен жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары жиі келеді. Одан бөлек, Президент орталығы жергілікті және шетелдік туристік операторлармен тығыз байланыс орнатқан. Мұнда жылына алыс, жақын шетелдерден 90-100 мыңдай адам келеді. Бұл – Президент орталығының музейіне бір жылда келетін аудиторияның 15 пайыздай бөлігі. Музейдегі экскурсиялар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Алдағы уақытта осы тілдердің қатарына қытай және түрік тілдерін қосу жоспарланып отыр.
"Құран" кәдесыйы
Президент орталығындағы қолдан жасалған құнды сыйлардың бірі – мына "Құран" кәдесыйы.
Бұл – Сауд Арабия королі Салман ибн Абдул-Әзиз Әл Саудтың сыйлығы.
Күмістен құйылған сәндік табақ
Күмістен құйылған мына сәндік табақты 2022 жылы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан президентіне тарту еткен.
Президент орталығының музей жинағының классификациясына сәйкес музейлік жинақ 11 коллекцияға бөлінеді.
Олар:
- наградалар топтамасы;
- бағалы металдар мен бағалы тастар бұйымдар топтамасы;
- қару-жарақ және әскери сауыт-сайман топтамасы;
- нумизматика топтамасы;
- кәдесыйлық бұйымдар топтамасы;
- ыдыс-аяқ топтамасы;
- кілем және киіз бұйымдар топтамасы;
- киім топтамасы;
- жұмсақ инвентарь топтамасы;
- бейнелеу өнерінің туындылары топтамасы заттары;
- материалдық мәдениет заттары.
Сәндік ваза
Бұл ваза – Вьетнам Социалистік Республикасының президенті Во Ван Тхыонгтеннің сыйы. Ваза Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың тамызында Вьетнамға жасаған ресми сапары кезінде берілді. Дәл осы сапарда Қазақстан мен Вьетнам басшылары екі ел арасында визасыз режим орнатуға келіскен еді.
Шай сервизі
Суреттегі шай сервизін Қазақстан президентіне 2024 жылы Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов сыйлаған. Бұл тартудың ерекшелігі сол, қорапшаның қақпағын ашқан кезде әдемі әуен ойнап тұрады.
Жәнібек Әлімханұлының былғары бокс қолғабы
Бұл – қазақстандық кәсіби боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының былғары бокс қолғабы.
Жәнібек өзінің бокс қолғабын Қазақстан президентіне 2023 жылғы кездесуінде сыйға тартқан.
Былғары доп, футболка мен жалауша
Ал мына былғары доп, футболка мен жалаушаны Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылы FIFA президенті Джанни Инфанито сыйлаған.
Президент орталығының музей жинағындағы жәдігерлер музейдің тұрақты экспозицияларында және орталық ұйымдастыратын уақытша тақырыптық көрмелерде көрермен назарына ұсынылады.