Қажылық – мұсылман баласының бес парызының бірі ғана емес, ол Жаратушыға жақындаудың, рухани тазарудың және өмірлік арманның орындалуының шыңы. Бүгінгі таңда елімізде қасиетті мекенге баруды аңсаған ата-анасына немесе жақындарына қажылық жолдамасын сыйға тарту үрдісі дәстүрге айналып келеді. Алайда, мұндай сыйлықты тарту ету тек қаржылық мүмкіндікпен шектелмейді. Мұнда сыйлаушының ниетінен бастап, қажылыққа баратын адамның физикалық дайындығына, шариғи талаптардың сақталуына және ұйымдастыру жұмыстарына дейін назар аударуды қажет ететін маңызды жайттар бар. Себебі, тиісті дайындық пен шынайы ықылас болмаған жағдайда, сауапты іс пен рухани сапардың мәні өзгеріп кетуі мүмкін.

Бұл мақалада біз қажылыққа жолдама сыйлаудың рухани артықшылықтарын саралай отырып, сапар кезінде туындауы мүмкін қиындықтар мен тәуекелдерге тоқталамыз. ҚМДБ мамандары мен теологтардың, сондай-ақ денсаулық сарапшыларының пікіріне сүйене отырып, қасиетті сапардың "алтын стандарттарын" талдаймыз.

Теолог Расим Челидзе қажылықтың мұсылман үмбеті үшін маңыздылығына тоқтала келе, оның тек діни парыз ғана емес, сонымен қатар үлкен рухани жауапкершілік екенін атап өтті. Маманның айтуынша, бүгінгі таңда қаржылық қиындықтарға қарамастан, мемлекеттік гранттар мен арнайы квоталар арқылы қасиетті мекенге бару мүмкіндігі артып келеді. Ол аталған үдеріс мұсылман қауымының рухани кемелденіп, мол игілікке кенелуіне септігін тигізетінін айтты.

"Қажылық – мұсылман баласын өмірінде тым болмағанда бір мәрте Меккеге баруға шақыратын, Ислам дінінің бес парызының бірі. Дегенмен, көптеген мұсылманның бұл діни міндетті өз қаражаты есебінен орындауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан соңғы отыз жылда гранттық немесе жеңілдікпен қажылыққа бару үрдісі белсенді дамып келеді. Сондай-ақ Сауд Арабиясы тарапынан тұрмысы төмен мұсылмандар үшін арнайы квоталар бөлінеді. Қажылық сапарларын ұйымдастырумен еліміздегі аккредиттелген туристік агенттіктер мен діни институттар айналысады. Әрине, Жаратушы алдындағы парызды өтеп, бұл дүние мен ақырет үшін рухани игілікке кенелу – әрбір мұсылман үшін аса маңызды оқиға", – деді Расим Челидзе. 

Теолог жеңілдік бағдарламаларының материалдық тиімділігіне қарамастан, оның өзіндік қиындықтары бар екенін алға тартады. Расим Челидзенің пайымдауынша, бюджеттік сапарлар қаржылық тұрақтылықты сақтағанымен, квота тапшылығы, ұзақ кезек және тұрмыстық қолайсыздықтар сияқты кедергілер қажылықтың сапасына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, маман тарихи деректерге сүйене отырып, қажылықты өмірде бір-ақ рет өтеудің маңыздылығын түсіндірді.


Оқи отырыңыз: Хижра бойынша Шағбан – Рамазанға дайындық айы басталды. Бұл айда оразаны қалай ұстайды

"Мұндай сапарлардың материалдық тұрғыдан тиімді тұстарымен қатар, өзіндік қиындықтары да бар. Қажы үшін ең үлкен артықшылық – жеңілдік бағдарламасымен бару, өйткені бұл мұсылманның қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірмейді. Алайда, мұндай бағдарламалардың кемшілігі ретінде мыналарды атап өтуге болады: қажылықтан орын алудың қиындығы мен квота санының шектеулілігі, сондай-ақ кезекке тұрудың бірнеше жылға созылуы. Бұған қоса, ілеспе құжаттарды толтыру барысы мен қажылық кезіндегі жеңілдік иелеріне арналған тұрмыстық жағдайларды айтуға болады. Бюджеттік қонақүйлердегі тамақтану мен қызмет көрсету сапасы, сондай-ақ арзан секторларда адамдардың тым көп шоғырлануы денсаулыққа қауіп төндіріп, тұрмыстық қақтығыстардың туындауына әкеледі. Мүмкін, бұл кемшіліктердің барлығы мұсылман әлемінің қасиетті мекеніне жеңілдікпен бару мәселесін тереңірек пайымдауға өз әсерін тигізер. Айта кетерлігі, соңғы онжылдықтарда мұсылмандар арасында қажылыққа бірнеше мәрте бару үрдісі байқалуда. Мұндай іс-әрекетке ислам құқығында (фиқһ) тыйым салынбағанымен, ол Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір жолындағы қажылық үлгісіне мазмұндық тұрғыдан қарама-қайшы келуі мүмкін. Пайғамбарымыз өмірінде бір-ақ рет, яғни 632 жылы қажылық жасаған. Тарихшылар бұл сапарды "қоштасу қажылығы" деп атап, ол бір мәртелік қажылықтың жарқын үлгісіне айналды. 630 жылы Мекке алынып, әскери жорықтар аяқталған соң ол Мәдинаға оралады. 631 жылы қажылыққа Әбу Бәкірді жіберіп, 632 жылы қажылықты өзі өтейді. Сондықтан көптеген дін ғұламалары қажылықты бір-ақ рет өтеу туралы пікірді қолдайды және қажылық шығынын өтей алмайтын мұсылмандар үшін демеушілік жасауды құптайды. Мұндай демеушілік қолдаулар жоғарыда аталған көптеген кемшіліктерді жойып қана қоймай, мұсылман әлеміндегі әлеуметтік байланыстарды нығайтуға септігін тигізері анық", – деп түсіндірді теолог Расим Челидзе.

Қазақстандық қоғамда жақын адамдарына, әсіресе ата-анасына қажылық сапарын сыйға тарту үрдісі кең етек жайып келеді. Әлеуметтанушы Эльмира Отар бұл құбылыстың негізінде тек материалдық қолдау емес, әлеуметтік мән мен жауапкершілік жатқанын атап өтті. Оның пайымдауынша, бұл – отбасылық қарым-қатынастағы құрметті көрсету және жақын адамдардың ұзақ уақыт жоспарлаған мақсатын орындауға мүмкіндік беру тәсілі.

"Қажылық сапарын сыйлау – ата-анаға, туысқа немесе жақын адамға құрметтің бір көрінісі. Бұл – олардың жоспарлаған сапарына жағдай жасау. Алайда мұндай шешімнің артында дайындық, денсаулық, қаржылық және моральдық жауапкершілік мәселелері тұратынын да ескеру қажет. Қажылық – нақты талаптары бар сапар. Сондықтан оны сыйлық ретінде ұсыну кезінде адамның жеке дайындығы мен ниеті маңызды", – дейді әлеуметтанушы Эльмира Отар.

Мысалы, сапар сыйлаудың әлеуметтік артықшылықтары:

  • Ұрпақаралық және туыстық байланыс: Мұндай сыйлық – отбасы ішіндегі қолдаудың және өзара міндеттердің көрінісі. Балалардың ата-анасына, аға-әпкелердің бауырларына қажылық сыйлауы туыстық қатынасты күшейтіп, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады;
  • Қоғамдық мәртебе және құндылықтар: Қазақстан қоғамында қажылыққа бару көп жағдайда адамның беделінің артуымен, құндылықтарға бет бұруымен байланысты қабылданады;
  • Тұлғалық өзгеріс және әлеуметтік әсер: Мұндай сапар адамның өмір салтына, көзқарасына әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде адамның әлеуметтік мінез-құлқы өзгеріп, отбасында және қоғамда жауапкершілігі күшейеді.

Дегенмен, сарапшы бұл қадамның әлеуметтік және дайындық тұрғысынан күрделі тұстары бар екенін ескертеді. Әлеуметтанушы Эльмира Отар бұл мәселенің әлеуметтік және құндылықтық тәуекелдеріне тоқталып, сыйлық ретінде ұсынудың бірқатар кемшілігін атап өтті. Сарапшының пайымдауынша, бұл құбылыс қоғамдағы теңсіздікті көрсетіп қана қоймай, сапардың бастапқы мәнін өзгертуі мүмкін. Ол кемшіліктер:

  1. Экономикалық теңсіздік көрінісі: Қаражаты бар адамдардың қажылықты сыйлыққа беруі қоғамдағы әлеуметтік жіктелуді және экономикалық теңсіздікті көрсететін символдық белгіге айналуы мүмкін;
  2. Мағынаның әлсіреуі: Қажылық сапарын әлеуметтік желілерде жиі жариялау және көрсету бұл әрекеттің ішкі мазмұнын әлсіретуі ықтимал. Мұндай жағдайда қажылық жеке шешімнен гөрі көрсетілім немесе "символдық бәсеке" құралына айналып кету қаупі бар;
  3. Әлеуметтік қысым: Қазіргі жастар ата-аналарына қарағанда дінге көбірек бет бұруы мүмкін. "Ата-анамның алдындағы парызым" деп сапар сыйлағанымен, ата-ананың бұл қадамға дайындығы немесе жеке қалауы толық ескерілмей қалуы мүмкін. Бұл сыйлық алушыға "бару керек" деген міндеттеме жүктеп, белгілі бір деңгейде қысым тудыруы ықтимал.

Оқи отырыңыз: Қажылық 2026: ҚМДБ қажылық орындарды алуға байқау жариялады


ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы мұсылман қауымы үшін өзгеге қуаныш сыйлаудың сауабы мол екенін алға тартады. Оның пайымдауынша, қасиетті мекенге баруды мақсат тұтқан, бірақ жағдайы келмей жүрген жандарға қажылық сапарын сыйлау – нағыз бауырмалдықтың көрінісі.

"Дінімізде мұсылман бауырыңның жүрегіне қуаныш ұялату – ең ізгі әрі абзал амалдардың бірі болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда, өмірінде қасиетті мекенге баруды армандап, бірақ мүмкіндігі болмай жүрген жандарға қажылық сапарын сыйға тарту – олар үшін ең үлкен қуаныш пен баға жетпес сыйлық", – деді Елбек Тасболатұлы.

ҚМДБ өкілі кез келген қайырымдылық істің қабыл болуындағы ең маңызды шарт – ниеттің тазалығы екенін ескертеді. Ол материалдық көмек берушіні мақтаншақтық пен риядан сақтандырып, игі істің берекесі тек шынайы ықыласқа байланысты екенін алға тартты.

"Алайда, мұндай сауапты істе ниеттің тазалығына ерекше мән берген жөн. Жасалған қайырымдылық тек Алланың ризашылығы үшін болуы шарт. Егер бұл амал елге көрсету немесе мақтан үшін жасалса, ол адамның ниетін бұзып, істеген ісінің сауабын жойып жібереді. Сондықтан, ізгі амалдың берекесі мен сауабын сақтау үшін шынайы ықыласпен жасалғаны абзал", – дейді Елбек Тасболатұлы.

Елбек Тасболатұлы қажылық сапарына ниет еткен жандарға маңызды кеңестер айтты. Оның сөзінше, қажылық – бұл тек саяхат немесе туристік бағыт емес, ең алдымен жауапкершілігі жоғары ұлы ғибадат. Осы орайда сарапшы шариғат талаптарына сай ескерілуі тиіс негізгі қағидаларды атап көрсетті. 

"Қажылыққа ниет еткен әрбір мұсылман ең алдымен бұл сапардың жай ғана саяхат емес, ұлы ғибадат екенін терең түсінуі тиіс. Шариғатымыз бойынша, қажылыққа барарда ескерілуі тиіс ең басты үш қағида бар:

  1. Қаржының адалдығы мен өтелмеген қарыз: Қажылыққа жұмсалатын қаражат адал жолмен табылған болуы шарт. Сондай-ақ, адамның мойнында өзгелерге қатысты өтелмеген материалдық немесе моральдық қарызы болмауы керек. Егер қажылықты балалары сыйға тартса, бұл – үлкен игілік, бірақ ата-ананың да бұл сапарға іштей дайындығы, ниетінің бекемдігі маңызды.
  2. Отбасының амандығы: Мұсылман адам қажылықта болған уақытында оның қарауындағы отбасы мүшелері – әйелі, балалары, қарт ата-анасы толықтай материалдық және қауіпсіздік тұрғысынан қамтамасыз етілуі қажет. Өз отбасын қараусыз қалдырып, қажылыққа аттану шариғатта құпталмайды.
  3. Діни білім мен сауаттылық: Қажылықтың әрбір рәсімін – ихрам киюден баштап, Тауап жасау, Сағи жүгіру және Арафатта тұру амалдарын дұрыс орындау үшін алдын ала дайындық керек. Рәсімдердің мәнін түсінбеу ғибадаттың сауабын кемітуі мүмкін.

Ең бастысы – сабыр мен көркем мінез. Қажылық кезінде түрлі қиындықтар, аптап ыстық немесе адамдардың көптігі орын алуы заңды. Сол сәтте мұсылман бауырына ашуланбай, кешірімді болу – қажылықтың қабыл болуының белгісі, – деп түсіндірді Елбек Тасболатұлы.


Оқи отырыңыз: Хижра бойынша Ережеп айы басталды. Бұл айда ораза ұстау міндет пе


Фитнес-жаттықтырушы, нутрициолог Айжан Қалымова да қажылыққа жолдама сыйлаудың астарында терең рухани мән мен отбасылық құндылық жатқанын алға тартады. Оның пайымдауынша, бұл – баланың ата-ана алдындағы перзенттік парызының ең биік көрінісі және олардың рухани саулығына деген шынайы қамқорлығы. 

"Ең алдымен, мұндай сыйлықтың рухани құндылығы өте жоғары. Себебі, Исламның бес парызының бірін өтеуге жәрдемдесу – діни тұрғыдан ең игі істердің бірі. Көптеген мұсылман үшін, әсіресе қаражат тапшылығынан жол шығынын өздігінен өтей алмай жүрген жандар үшін бұл – өмірлік арманының орындалуы. Сонымен қатар, балалары тарапынан жасалған мұндай қадам – ата-анаға деген шексіз құрметтің және олардың рухани амандығына деген шынайы қамқорлықтың ең биік көрінісі. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, бұл адамның рухани жаңғыруына және қоғамдағы беделінің артуына ықпал етеді", – дейді Айжан Қалымова. 

Айжан Қалымова қажылықтың рухани артықшылықтарын айта келе, бұл сапардың ағзаға түсетін салмағы мен ұйымдастырушылық тұрғыдағы тәуекелдерін де назардан тыс қалдырмады. Маман сапарға шықпас бұрын денсаулық жағдайы мен шариғи талаптарды мұқият ескеру қажеттігін ескертіп, келесідей маңызды жайттарды атап өтті.

"Негізгі қауіп-қатер қажының физикалық жай-күйіне байланысты. Қажылық сапары үлкен күш-жігерді, ұзақ жаяу жүруді және аптап ыстықта болуды талап етеді, бұл дайындығы жоқ адамның денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондай-ақ рухани дайындық мәселесі де аса маңызды: тиісті діни білім мен шынайы ниет болмаса, сапар күтілген рухани нәтиже бермей, жай ғана туристік саяхатқа айналып кетуі ықтимал. Бұдан бөлек, жауапсыз туроператорды таңдау немесе виза мен құжаттарды рәсімдеудегі кедергілер сияқты ұйымдастырушылық тәуекелдер де бар. Сонымен қатар, адамның жеке міндеттемелерін де ескеру қажет. Қажылық ережелері бойынша, қажының өтелмеген қарызы болмауы тиіс, ал ол сапарда болған уақытта отбасы толықтай материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі шарт", – деп қосты Айжан Қалымова. 


Оқи отырыңыз: Қажылық – 2026: Қазақстандықтарды Меккеге қандай әуе компаниялары тасымалдайды