Ол 23 қаңтар күні Алматыда жер сілкінісі болған кезде әлеуметтік желіде үрейленген тұрғындарды тыныштандырып, мұндай жағдайда не істеу керегін айтып, ақпарат таратып отырды. Меруерт Алматыдағы төтенше жағдай кезінде көптеген тұрғындар үрейге беріліп, қате әрекеттер жасағанын айтады. 

– Меруерт, былтыр Түркияда жойқын зілзала болған кезде сіз қай қалада болдыңыз?

– Ол кезде мен Антальяда болдым. 2021 жылдың тамыз айында Анталья қаласына үш баламмен көшіп барған едім. Оған себеп – үлкен ұлым Манастың жүрегі ауырады, ол сол жақта екі жылдай түрік дәрігерлерінің қарауында болды. Өзім Қостанайдың қызымын, өмірімде жер сілкінісі дегенді көрмеген адаммын.

Былтыр 6 ақпанда таңғы сағат бестер шамасында үлкен ұлым жүгіріп келіп, "анашым, менің төсегім қозғалып жатыр" деп мені жұлқылап оятты. Ештеңе түсінбеген күйі "бар, ұйықта" деп оны қайтадан бөлмесіне жібердім. Таңғы жетіде оянып, телефонымды ашсам, балалардың мұғалімдері "бүгін сабақ болмайды" деп ақпарат таратып жатыр екен. Олар бізге жер сілкінісі кезінде не істеу керегін егжей-тегжейлі түсіндірген нұсқаулықты жіберді.

– Нұсқаулықтары дайын тұр ма екен?

– Иә, дайын. Түркияның балабақша, мектептерінің бізден айырмашылығы, онда балалар тек оқу үшін бармайды, әр апта сайын түрлі шаралар өткізеді. Мысалы, балаларға су тасқыны, сел, цунами, өрт кезіндегі эвакуацияны, жол ережелерін үйретеді, қан тапсырудың маңызын түсіндіреді. Мектепте бір жыл оқыған баланың өзі осындай өмірлік маңызы зор нәрселерді үйреніп шығады.

Мені таңғы бесте оятқан ұлым "анашым, жерге жатыңдар, кереуеттен түсіңдер" деп қайта-қайта айтты. Сөйтсем, олардың мектебінде сол оқиғадан бір апта бұрын жер сілкінісі кезінде не істеу керегін үйреткен екен. Бөлмесіне барсам, екі ұлым да кереуеттен түсіп, жерде ұйықтап жатыр. Үлкен балам інісіне де жерге төсек салып, жатқызған ғой.

– Сонда жергілікті билік жақында жер сілкінісі болатынын алдын ала білген бе?

– Біз тұрған қаланың телеарнасында ауа райы хабарын зейнет жасындағы сейсмолог жүргізетін. Сол кісі бір бағдарламада "Сириямен іргелес жатқан Хатай, Қаһраманмараш сияқты облыстарда энергия көп жиналып тұр. Яғни, сол жерлерде жақын арада жер сілкінуі мүмкін. Осыған мемлекет назар аударуы тиіс" деп айтқан болатын. Ол кісінің сөзін кім ескеріп-ескермегенінен хабарсызбын. Бірақ, мектептердің бәрі оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді. Менің балам содан көргенін істеген болып тұр ғой.

– Ол жақта жер сілкінісі кезінде не істеу керегін қалай үйретеді екен?

– Біріншіден, жер сілкініп жатқанда жүгіруге болмайды. Қай жерде отырсаңыз да, тұрсаңыз да, жерге жата қалу керек. Желіден Алматыда біраз тұрғындардың топырлап баспалдақпен түсіп бара жатқан видеосын көрген боларсыз. Ол – мүлдем қате әрекет. Жер сілкініп жатқанда лифт, баспалдаққа жолауға болмайды. Түркияда болған жойқын зілзаладан соң, көптеген адамдардың мәйіті тура сол баспалдақтың маңынан табылған. Үйлер құлаған кезде ең бірінші құлайтыны – баспалдақ. Себебі, ол бейнелі түрде айтқанда ауада жай ілініп тұрған зат қой. Құдай бетін ары қылсын, егер шынымен де жойқын сілкініс болса, Алматыда баспалдақпен жүгіріп бара жатқан адамның бәрі үйінді астында қалар еді.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда үйлер 7 балл жер сілкінісіне шыдай ма?


– Елестетіп көрейікші, мысалы, бір адам жерде отыр делік. Жер сілкіне бастады. Ол не істеуі қажет?

– Ол орнынан атып тұрмай, тоңазытқыш, кереует, диван, кіржуғыш машина сияқты ауыр заттардың жанына басын жауып жата қалуы қажет. Жатқанда да, аяғын кең созбай, құрсақтағы сәби құсап, аяқ-қолын жинап жатқаны жөн. Бір диванның жанына қаншама адам сыйып кетеді.

Мен Алматыдағы жағдайдан кейін Қазақстанның төтенше жағдайлар саласының өкілдерінің берген кеңесін мұқият тыңдап шықтым. Олар тұрғындарға "дабыл шабаданын дайындап қойыңыздар" деп жатыр екен. Дұрыс қой, дегенмен, дабыл шабаданы адамдар қашып үлгеретін жағдайда ғана керек болатынын ескеруіміз қажет. Ал төбедегі плита құлаған кезде адамдар отыра алатын қауіпсіз жер аз. Сол қауіпсіз жерге сөмкені қойып қойсақ, адамның өзі қайда жатады? Жер қатты сілкінген кезде адам тар жерде шабаданды тауып, оны ашпақ түгілі өзі не істерін білмей қалады.

Адамдар ондай қиын жағдаймен бұған дейін бетпе-бет келіп көрмеген соң, сөмкені ашып үлгерем, қашып үлгерем деп ойлайды. Құдай сақтасын, мәселен, үйлер құлап, адам аман қалған күннің өзінде ол үйінділердің астынан шабаданды іздемек түгілі, орнынан тұра алмай қалады.

Меніңше, төтенше жағдайларға жауапты мамандар тұрғындар қашып шыға алатын кезді емес, одан да қиын жағдайларды ескере отырып, кеңес бергені дұрыс сияқты. "Сақтықта қорлық жоқ" деген.

– Сіздің ойыңызша, адамдар дабыл шабаданын дайындамауы керек пе? Сонда не істегені дұрыс?

– Мысалы, екі адам бір кереуетте ұйықтайтын болса, ұйықтар алдында "жер сілкініп жатса, екеуміз бірден кереуеттің екі жағына құлаймыз, жерге жатамыз" деп келісіп алғаны жөн.

Еденде бас жағыңызға міндетті түрде су, кішкентай кәмпиттер, қант, ылғал майлық, фонарь, ысқырық, бетперде қойып қою қажет.

Жер қатты сілкінген жағдайда үй құлап жатса, осы заттар адамның тірі қалуына, құтқарушылар келгенше жан сақтауына көмектеседі. Бұл заттарды сөмкеге салмау керек, бәрін бөлек-бөлек қойған дұрыс. Себебі, басына күн туғанда адам сөмкенің аузын аша алмайды. Сөмке тұрмақ, әлсіздіктен бөтелкедегі судың да аузын бұрай алмауы мүмкін. Сондықтан, бөтелкенің аузын кішкене ашып қойған жөн. Осындай детальдардың бәрі сан мәрте айтылып, құлақтарға құйыла беруі керек. Сосын ұйықтар алдында кереуеттің жанындағы еденге көрпе, жамылғы тастап, адамның өзі жылы киім, аяғына шұлық киіп жатқаны дұрыс. Қиын жағдай болған кезде тоңбауына көмек болады.

– Түркиядағы зілзаладан соң интернетте "үйдің ішіндегі ең қауіпсіз орын – тоңазытқыш" деген видеолар тарады. Бұл қаншалықты дұрыс пікір деп ойлайсыз?

– Ол рас. Түркияда былтырғы оқиғадан соң үйінділерді жинаған адамдар көбіне асүйдегі тоңазытқыштың маңайы бос, таза болғанын байқаған. Өкінішке қарай, көп адамдар басқа бөлмеде, өз төсегінде ұйықтағандықтан, тоңазытқыштың жанына жетіп үлгермеген. Ал тоңазытқыштың жанында тұрған адамдардың көпшілігі тірі қалған. Үйінділердің видеосын қарасаңыз, үйлер құлаған кезде плиталар бірінің үстіне бірі құлап, жапырылып жатса, тоңазытқыштар тұрған жерлер сол күйі қалған. Кеңес заманынан қалған көптеген нұсқаулықта "жер сілкінісі кезінде үстелдің астына кіріңіз" деп үйретеді. Қазір бұл кеңес күшін жойды. Себебі, қазіргі үстелдер жеп-жеңіл материалдан жасалады, олар үй құлаған сәтте-ақ сынып қалады. Бұрынғы замандағыдай мәрмәр, еменнен не қызыл ағаштан жасалған ауыр үстелдер жоқ. Сондай-ақ, есіктің жанына тұра қалу да қауіпті дер едім. Өйткені, есіктер де қазір жұқа, сапасыз материалдан жасалады. 


Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі кезіндегі дабыл шабаданы. Оны қалай жинап, қайда сақтау керек?


– Парақшаңызда "жер қатты сілкінген кезде жоғары қабаттағылардың тірі қалу мүмкіндігі көбірек" деп жазған екенсіз. Әлеуметтік желідегі видеоларға қарасақ, керісінше жоғары қабатта тұратын тұрғындардың қорқынышы басым секілді көрінді.

– Менің ойымша, қатты сілкініс кезінде тек бірінші қабаттың тұрғындары далаға шығып үлгереді. Ал, қалғандарының үйде қала бергені дұрыс. Былтыр Түркияда болған зілзала кезінде құтқарушылар үйінді астынан аман алып шыққан жандардың бәрі – жоғары қабаттың тұрғындары.

– Былтыр сол зілзала кезінде сіз тұрған Анталья қаласында қанша балдық сілкіністер болды?

– Хатай, Қаһраманмараш аймағында болған зілзаланы кейін билік өкілдері 7 балл деп хабарлады. Алайда, жергілікті тұрғындар оған сенбейді, ол "әлемдік статистика үшін жасалған сандар" дейді. "7 балл болса, тұтас аудандар жер астына кетпес еді" деп күмәнданады. Ел арасында шын мәнінде ол аймақта 10-12 балдық зілзала болды делінгенімен, оны ғылыми түрде дәлелдеген ешкім болған жоқ. Ал, Антальядағы жер сілкінісі бізге 5,3 бал болып сезілді. Балалардың сабағы тоқтатылды. Біз екі аптадан кейін Қазақстанға қайтып кеттік. Сол екі апта бойы жер сілкініп тұрды, қатты қорықтық. Шай ішіп отырсақ, төбемізде люстра қозғалып тұратын. Тек Анталья емес, Стамбул және басқа қалалардағы көптеген қазақ студенттері елге қайтты. Біз қазір отбасымызбен Қостанай қаласында тұрып жатырмыз.

Менің 4 cыныпта оқитын екінші ұлым "анашым, апайымыз "жер сілкінісі кезінде екі бұрыштың ортасында түзу тұру керек, үстелдің астына тығылыңдар" деп айтты. Мен "жоқ, апай, олай істеу қауіпті" дедім" деп айтып келді. Байқауымша, біздің еліміздегі көп нұсқаулықтар әлі де сол баяғы Кеңес заманынан келе жатқан әдіспен жазылады. Ол нұсқаулықтар қазір ескірді. Соңғы жылдары болған жер сілкіністерін ескере отырып, жаңадан жазу қажет. Себебі, қазір ол замандағыдай сейсмикалық тұрғыдан берік үйлер салынбайды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жер сілкінісі кезінде не істеуге болатыны туралы ақпарат таратып, оқу орындарында балаларға арнайы сабақтар өткізілсе, дұрыс болар еді.

Өзім психолог болғандықтан ба, адамдар жаппай үрейленіп, қорқып жатқанда бей-жай қарап отыра алмадым. Алматыда жер сілкінген кезде әлеуметтік желіде бар білгенімді жазып, үрейленіп қалған адамдарды қолымнан келгенше жұбатуға тырыстым. Өзім әртүрлі қиындыққа тап болған балалармен, отбасылармен жұмыс істеймін. Мысалы, Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен жандарға әлеуметтік желіде психологиялық көмек көрсеттік.