University Medical Center басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова жыл сайын жүрек трансплантациясын күту тізіміндегі адамдардың 30 пайызы органды күтпей өліп кететінін хабарлады. Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың деректеріне сәйкес, елімізде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясына кезекте 3,5 мыңға жуық адам тұр.

Негізінен әр қазақстандық тірі кезінде ештеңе айтпаса, өлген соң донор ретінде қаралуы тиіс. Алайда дәрігерлер үнемі соңғы сөзді қайтыс болған адамның туысқандарынан сұрайды. Көбіне туысқандары марқұмның мүшелерін өзге адамға беруге қарсы болып жатады. 

Қазақстанда қандай мүшелерді трансплантациялайды?

Қазақстанда жүрек, бауыр, өкпе, ұйқы безі және бүйрек трансплантациясы жүргізіледі. Тірі донор да, өлі донор да бүйрек пен бауыр бөлігінің доноры бола алады.

Донорға кім үміткер бола алады?

Жүрек, өкпе және ұйқы безінің доноры жүрек пен өкпенің жасанды қолдауымен мидың өлімі туралы хабарланғаннан кейін ғана өлі донор бола алады. Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және донор болуға ниет білдірген қазақстандық тірі донор бола алады. Әрине, бірінші кезекте донор органдары жақсы болуы керек. Мысалы, қатерлі ісіктен қайтыс болған науқас қайтыс болғаннан кейін донор бола алмайды. Кәмелетке толмағандардан немесе әрекетке қабілетсіз азаматтардан орган трансплантациясы басқа үйлесімді донор болмаған жағдайда ғана мүмкін болады, ал трансплантация реципиенттің өмірін сақтап қалуға арналған.

Сонымен қатар, барлық басқа шарттар орындалуы керек. Біріншіден, сіз ресми өкілдердің (ата-аналардың немесе қамқоршылардың) жазбаша және расталған нотариаттық келісімін ұсынуыңыз керек; донор реципиенттің ағасы немесе қарындасы болуы керек; және әрине, органды алуға ерікті келісім керек. Қазақстанда балалардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлығы қолданылмайды, өйткені елде балалардың миының өлімі тіркелмейді. 

Өлімнен кейінгі донорлыққа келетін болсақ, оның айналасында алып-қашпа әңгіме көп. Көптеген адамдар дәрігерлер науқастардың мүшелерін алу үшін емдемеуі мүмкін деп қорқады. Мидың өлімі анықталғаннан кейін бақылау кезеңі басталады (барлық басқа мүшелер жасанды түрде сақталады, мысалы, механикалық желдету аппараты), ол 6 сағатқа созылады. Сонымен қатар, трансплантация оталары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады және денсаулық сақтау министрлігі толығымен бақылайды, ал органдарды сатып алуға және сатуға тыйым салынады – бұл үшін жауапкершілік сатушыға да, сатып алушыға да жүктеледі.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда "Құрметті донор" төсбелгісі қайта табысталады


Науқастар донордың пайда болғанын қалай біледі?

Қазақстанда реципиенттерді күту парағына жетекшілік ететін трансплантология жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы бар. Дәрігерлер мидың өліміне көз жеткізгеннен кейін органдарды алу процедуралары басталады. Алынғаннан кейін орган сақталады, дәрігерлерде трансплантация жасау үшін екі сағаттан бір күнге дейін уақыт бар. Әр органның жарамдылық мерзімі әртүрлі. Мысалы, бүйрек реципиентті 24 сағат, жүрек 6 сағат күте алады. Орган алынғаннан кейін ол дереу емдеуші дәрігерлерге және үйлесімділік мүмкіндігі жоғары науқастарға хабарланады. Мұның бәрі шұғыл түрде жасалады. 

Донор болу үшін не істеу керек?

Қайтыс болғаннан кейін донор болу үшін Сіз тіркелген жеріңіздегі емханаға барып, өтініш беруіңіз керек. Толтыру керек форма сізге сол жерде беріледі. Өзіңізбен бірге жеке куәліктің болуы шарт. 

Донор болуға дін не дейді?

Көп адамның пікірінше, донорлыққа дін қарсы. Өйткені исламда да, христиандықта да, иудаизмде де дене бөліктерін өзгертуге рұқсат берілмейді. Алайда қай дін болса да, егер донорлық ерікті түрде болса, донор мүшені өзгеге беру жұмысы заң арқылы жүретін болса, бұл мәселеге қарсылық танытпайды. 

Қазақстандық ғалымдардың жетістігі

Жүрек-қан тамырлары аурулары Қазақстанда өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі жағдайында науқастарға жүрек трансплантациясы тағайындалады, жыл сайын орта есеппен 150-ге жуық қазақстандық осы органды трансплантациялауға мұқтаж. Өкінішке орай, кейбіреулер донорлық органды күтпейді.

2012 жылдан бастап Қазақстанда 94 жүрек трансплантациясы және 20 өкпе трансплантациясы жасалды, тек 2 жүрек трансплантациясы Алматы мен Шымкентте, ал қалғандары Жүрек орталығында жүргізілді. Баспасөз мәслихаты барысында UMC Басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова хабарлағандай, бір жүрек трансплантациясы және бір өкпе трансплантациясы 2023 жылдың 28 желтоқсанында Жүрек орталығында сәтті жүргізілді. 7 қаңтарда Жүрек орталығының дәрігерлері ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар 39 жастағы ер адамға тағы бір жүрек трансплантациясын жасады.

Бірақ жүргізілген оталарға қарамастан, олардың саны әлі де аз болып отыр. Қазақстанда 100% жүрек пен өкпе алмастыру оталары тек Астана қаласында жүргізіледі. Бұл бас қаладан қашықта жатқан өңірлердегі науқастарға қолайсыз. Сол себептен Жүрек орталығының дәрігерлері бұл сұрақтың шешімін табуға кірісті. 


Оқи отырыңыз: Мәйітті донор ретінде пайдалану. ДСМ мен ҚМДБ ұстанымы қандай?


Alem деп аталатын дәрігерлердің өнертабысы Қазақстан үшін трансплантациялауды қажет ететін ауыр науқастардың өмірін емдеу мен құтқаруда жаңа мүмкіндіктер ашады. ALEM – бұл донорлық органдарды ұзақ уақыт тасымалдауға және оларды денеден тыс емдеуге мүмкіндік беретін құрылғы және қазіргі уақытта оның аналогтары жоқ. 

"Бұл донорлық органдарды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін сақтау және емдеу жүйесі. Тиісінше, осы уақыт ішінде қажетті процедураларды немесе операцияларды жасауға болады – мысалы, жүрек трансплантациясы немесе өкпе трансплантациясын жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде органның трансплантацияға жарамдылығын параметрлер бойынша анықтауға болады", – деп түсіндірді University Medical Center басқарма төрағасы, дәрігер кардиохирург Юрий Пя. 

Баспасөз мәслихаты барысында дәрігерлер маңызды фактіні айтты: 2 жылға жуық уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан клиникаға дейінгі зерттеулер ғылыми топтың маңызды нәтижеге қол жеткізгенін көрсетті. Бұл құрылғы донорлық органды 24 сағат бойы сақтауға және тасымалдауға мүмкіндік береді.

"Біз жүрек-өкпе айналымы жүйесі мен ағзаның тіршілік әрекетін қолдау бойынша барлық тәжірибені біртұтас бағытқа біріктірдік және ол осы құрылғыға құйылды. Біз зерттеуді қысқа уақыттан бастадық – 6 сағаттан бастап, бірқатар жануарларға жасадық және оның қауіпсіз екенін түсіндік. Біз 24 сағат – бұл оқшауланған, денеден тыс жұмыс істейтін органды сақтай алатын сенімді уақыт екенін дәлелдедік", – деді UMC кардиохирургия жөніндегі кадр директоры Тимур Лесбеков.

Alem құрылғысының болашағы кең және тек трансплантацияға ғана емес, сонымен қатар хирургияға, онкологияға, перфузиологияға да қолданылуы мүмкін. 

Жобаның үйлестірушісі және тапсырыс берушісі Heart Center Foundation қоры болып табылады, деп хабарлады қор директоры Мұрат Зауыров. Аталған қор осы бір маңызды жобаны қаржыландыру үшін жұмыс істейді. 2024 жылы жобаны қордың қолдауымен ауқымды міндеттер күтіп тұр.

Александра Гузева, аударған Мейіргүл Оңарова