Психолог: Отбасында зорлық-зомбылық болса, "Көк кит" ата-анадан кек алудың құралына айналады
Алматыда осы айда үш жасөспірім қыз көпқабатты үйден құлап қайтыс болды. Ішкі істер министрлігі қыздардың суицид жасағанын мәлімдеді. Әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің өліміне суицидке үгіттейтін ойындар әсер еткен деген қауесет шықты. Алайда мұны құзыретті органдар жоққа шығарып отыр.
ІІМ жасөспірімдердің телефонын тексеріп жатыр
Ішкі істер министрлігі интернетті үнемі қадағалап, заңсыз мазмұндағы материалдар мен ресурстарды анықтап отырғанын атап өтті. Жыл басынан бері осындай 22 мыңға жуық шетелдік интернет-ресурстарды бұғаттау туралы өтініш уәкілетті органға жіберілген. Ал биыл мәдениет және ақпарат министрлігі балалар арасында суицидті насихаттайтын 22 фактіні анықтаған.
16 қыркүйекте көпқабатты үйден құлап қайтыс болған екі қыздың телефонынан қауіпті ойындар табылмаған. Десе де полицейлер жеткіншектердің ұялы телефондарын зерттеп, жойылған хат-хабарлар мен қосымшаларды қалпына келтіріп жатыр.
"Алматыда өз-өзіне қол салған екі жасөспірімнің суицидтік ойынға қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Олардың телефондары тексерілді, ойынға қатысқандары анықталмады. Қазір өшірілген хаттар мен қосымшаларды анықтау үшін телефондары тағы да тексеріліп жатыр", – деп хабарлады министрлік.
21 қыркүйекте Алматыда жасөспірім қыз 13-қабаттың балконынан құлап көз жұмды. Полиция департаменті оқушының телефонынан суицидке жеткізетін ойын табылмады деп хабарлады.
Оқи отырыңыз: Психолог: Есірткімен күресте ең тиімдісі – оның алдын алу
Осы қайғылы оқиғалардың фонында қоғамда өзін-өзі өлтірген балалар қазір "Қызыл дельфин" деп аталатын өлімге әкелетін "Көгілдір кит" ойынының аналогын ойнауы мүмкін деген қауесет пайда болды. Алайда соңғы оқиғаға қатысты Алматы полиция департаменті бұл қауесетті жоққа шығарды.
Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2024 жылы қаңтар мен тамыз аралығында 2389 суицид фактісі тіркелген. Оның 128-ін жасөспірімдер жасаған. Былтыр дәл осы кезеңде 2620 факті тіркелген. Көп жағдайда суицид себебі анықталмай келеді. 2024 жылы 1 929 фактор анықталмады.
Суицид тек жасөспірімдер жасайды деген қате көзқарас. Статистика комитетінің мәліметінше, көбінесе 35 пен 54 жас аралығындағы орта жастағы адамдар өзіне қол жұмсайды.
Ал кәмелетке толмағандар арасында суицид себебі деп құқық қорғау органдары жалғыздық, ата-анасымен дау-жанжал, өмір сүру сапасының нашар болуы және басқа да себептерді айтады.
"Суицид жасайтын балалардың орта жасы жасарып кеткен"
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір елімізде суицид жасайтын балалардың орта жасы 11-13 жасқа дейін жасарып кеткен. Ішкі істер министрлігі бұрын бұл статистика 15-17 жас еді дейді. Негізгі себептер – жалғыздық, ата-анамен, туыстармен, құрдастармен қарым-қатынас және буллинг. Сонымен қатар, қазіргі жаңа әлемде әлеуметтік желілердің ықпалы да айтарлықтай болып отыр.
"Суицидтің алдын алуға қолғабыс ететін 111 байланыс орталығының жұмыс сапасын арттыру керек, себебі көмекке жүгінетін балалар саны артып жатыр. Жақында суицид туралы ойлаған қыз хабарласты. Ол зорлық-зомбылық көргені белгілі болып, күдікті ұсталды. Тергеу жүріп жатыр. Жалпы 11 ай ішінде орталыққа психоэмоционалдық жағдай мен суицидтік ниеттерге қатысты 1237 өтініш келіп түскен. Барлығы 75 мың қоңырау қабылданған", – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева.
Оқи отырыңыз: Бес жасар Аиша төрт тілде еркін сөйлейді. Баланы қалай полиглот етіп тәрбиелеуге болады
Динара Закиева мектептерде жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету дағдыларын үйрету маңызды екенін атап өтті. Қыркүйектен бастап барлық мектепте Қауіпсіздік сабақтары енгізілген. Сондай-ақ, келер жылы барлық мектепте KIVA антибуллинг бағдарламасы енгізіледі және бұл қазыр 110 мектепте пилоттық режимде басталды.
"Суицидтік көңіл-күйді, буллинг пен зорлық-зомбылықты уақтылы анықтаудың негізгі бағыттарының бірі – Психологиялық қолдау орталықтарының жұмыс істеуі. Өкініштісі, мектеп психологтары психоэмоционалдық жағдайы нашар балаларды анықтамайды немесе анықтаса да, олармен қалай жұмыс істеу керек екенін білмейді немесе бұл ақпаратты елемейді. Сондықтан мұндай орталықтар мектеп психологтарымен жұмыс істеп, оларды оқытып, әдістемелік қолдау көрсетіп, жалпы балаларды анықтау және кешенді көмек көрсетуді үйлестіру жұмыстарын өз мойнына алады. Сондай-ақ, қаңтардан бастап барлық мектептерде 500 балаға 1 психолог болуға тиіс. Қазір 1500 балаға 1 психолог болып отыр", – деді ол.
Оқу-ағарту министрлігі 23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектебінде балалардың қауіпсіздігіне арналған ата-аналар жиналысы өткізіп жатыр. Жиналыста ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі туралы сөз қозғалады.
"Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуға тиіс. Баламен ашық сөйлесу, не істеп жүргенін білу, құрылғыларын қадағалау, баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу бұл проблемалардың алдын алуға көмектеседі. Ата-аналар балаларының кірген сайттарына және интернеттегі әрекеттеріне ерекше назар аударуы қажет. Әрбір ата-ана қолжетімді ата-ана бақылау құралдарын қолдануға міндетті. Ата-ана тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, өз баласын әрдайым тыңдап, көмектесе алатын қарым-қатынас құруы қажет. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз", – деді ҚР оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Factcheck.kz редакциясы WhatsApp-та суицид туралы тарап жатқан ақпаратты талдап, өлім топтары мен ойындар туралы қорытынды жасады:
- Тексерген кітаптар мен видеоойындарда қауіпті әрекетке шақыратын немесе суицидті насихаттайтын ақпарат жоқ. Бірақ олардың кейбірі 16 жастан асқан оқырманға арналған. Сонымен қатар контентті қабылдау баланың эмоциялық күйі мен жеке ерекшеліктеріне де байланысты екенін түсінеміз. Осыған байланысты ата-аналарға әдебиет пен ойын таңдаған кезде балалардың жеке қажеттіліктерін ескеруді ұсынамыз.
- "Қызыл дельфин" мен RNBWN онлайн-қауымдастығымен байланысты басқа да топтарда расымен адам өлтіру мен суицидті қалыпты деп көрсететін ақпарат бар. Алайда бүгінгі күні бұл ресурстардың шынайы ықпалы толық түсінікті емес. Жалпы, өлім топтарының ықпалы қатты асыра сілтенетінін тарих көрсетіп отыр. Әрі бұл контенттің балаларға арналмағаны да анық.
- Суицид – сыртқы ықпалды да, адамның ішкі күйін де қамтитын күрделі құбылыс. Ол ешқашан бір ғана фактордың немесе оқиғаның нәтижесі болмайды. Мұндай қиындықтарға тап болғандарды қалай қолдауды түсіну үшін барлық аспектіні ескеру қажет.
Оқи отырыңыз: "Лайкқа тәуелділік тәбетті бұзады". Психолог әлеуметтік желінің зиянды жақтарын атады
Ойындар балаға қалай әсер етуі мүмкін?
"Көк кит" ("Тыныш үй" немесе "Қызыл дельфин") ойынын көпшілік балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін қауіпті ойын деп есептейді. Бұл ойында балаларға түрлі тапсырмалар беріледі.
Schoolboy Runaway ойыны балаларды ерекше сюжетімен және сапалы анимациясымен тартады. Оған қоса бұл ойын туралы YouTube пен TikTok желілеріндегі контенттер оқушылар арасында қызығушылықтың арта түсуіне әсер етіп отыр. Бұл оның 2024 жылғы маусымда балалардың бос уақыты көп болатын жазғы каникулға кеткен кезде шыққан.
Балалар психологы Людмила Демихова әлеуметтік желілерде ойындар туралы көп айтыла бастаған соң ата-ана мен мұғалімдер алаңдап жатқанын айтады. Ал интернеттегі ақпараттық шу қайғылы оқиғалардың себебі осы ойын деген жалған көзқарас қалыптастырады.
"Хабарламада балалардың суицид жасауына осы ойын мен бірқатар кітап себеп болғаны жазылған. Бұл ойында әлемде 10 млн рет жүктеп алған және негізгі аудиториясы – балалар. Қайғылы оқиғаларға дәл осы ойын түрткі болды деген дәлелді дерек жоқ", – дейді психолог.
Психологтың сөзінше, мұндай ойындардың баланың эмоциялық күйі мен әлеуметтік мінез-құлқына әсері оның жеке ерекшеліктеріне, психотипіне және жалпы эмоциялық ауанға байланысты. Отбасында ата-ана мен бала арасында сенімді қарым-қатынас орнаса, ұрыс-керіс, дау-жанжал болмаса онда бұл ойын баланың мінез-құлқына әсер ете қоймайды. Людмила Демихованың сөзінше, ол мұндай ойындарға сыни көзқараспен қарай алады және ондағы іс-әрекетті қайталамайды.
"Отбасында эмоциялық және физикалық зорлық-зомбылық сияқты мәселе болса, ойын балаға ата-ана бақылауына қалай қарсы келуге болатынын көрсететін құрал болмақ. Ойын деструктивті мінез-құлық үлгісін балаға таңуы мүмкін. Олай болса ойын ата-анадан "кек алу" арқылы бала өзін қаһарман сезінуіне мүмкіндік береді", – деді Людмила Демихова.
Психологтың сөзінше, мұндай ойындар белгілі бір психотиптегі балаларға әсер етуі мүмкін. Мысалы, көп дүрлігетін, өзіне сенімсіз, уайымшыл балалар ойындағы ситуацияларды шын көріп, кейіпкердің мінез-құлқын өзіне қабылдап алуы мүмкін. Мұндай балалар әсіресе эмоциялық күйі тұрақсыз болса ойындардың ықпалына тез түседі.
Сондай-ақ, өзгелердің өзіне назар аударғанын жақсы көретін, ерекшеленгісі келетін жасөспірімдерге де ойын әсер етуі мүмкін. Олар үшін ойын қарсы шығып, өзгелердің оны мойындауына мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда оларды үйден қашу сюжеті қызықтырады.
Оқи отырыңыз: "Психолог ұсынады". Отбасы құндылықтары туралы 5 кинотуынды
Людмила Демихова виртуалды әлем балаға жағымсыз әсер етпеуі үшін ата-ана мен бала кез келген тақырыпта ашық сөйлесіп, сенімді қарым-қатынас орнатуы маңызды екенін атап өтті. Сонда ғана олар бір-бірін түсініп, қолдап, құрметпен қарай алады. Бала мен ата-ана арасында осындай байланыс болса, бала өзін қауіпсіз сезінеді және қандай жағдайға тап болса да оны ата-анасына айтады.
Психолог кеңесі:
- Балаңызбен сөйлесіңіз. Кітап, фильм, ойын туралы талқылаңыз. Не ұнағанын, сондай жағдайға тап болса не істейтінін сұраңыз. Осылай баланың сыни ойлау қабілеті дамып, арадағы байланыс тереңдей түседі.
- Түсіністік танытып, құрмет көрсету. Баланы сөкпей, тыңдай білу керек. Қиын жағдайда балаға қалай көмектесетініңізді ойлаңыз. Осылайша бала қолдау көріп, өзін қауіпсіз сезінеді.
- Қиын сәттерде қолдаңыз. Балаға ата-анасы әрдайым қасында екенін, қателессе де, көмектесуге дайын екен түсіндіріңіз. Неге қателескенін, жағдайды қалай түзеуге болатынын айтыңыз. Бала ата-анасына сенуге болатынын түсінеді.
- Махаббат пен қамқорлық көрсетіңіз. Құшақтаңыз, жылы сөйлеңіз. Кішкентай балаларға ғана емес, жасөспірімдерге де назар қажет екенін ұмытпаңыз.